Accessibility links

Эстониядағы парламент сайлауында билік партиясы жеңіске жетті


Эстония премьер-министрі Кая Каллас.
Эстония премьер-министрі Кая Каллас.

Эстония парламенті сайлауында премьер-министр Кая Калластың оңшыл-центристік Реформалар партиясы жеңді. Бюллетеньнің 90 пайызын санағанда, ол сайлаушылардың 30 пайызының дауысын алып, бәсекелестерінен алға шыққаны белгілі болған. Бұл партия парламенттегі 101 орынның 38-ін алады. Қазір 34 орын алып отыр.

Реформалар партиясының алға шыққаны интернет-дауыс беру бюллетеньдерін санау барысында көрінген. Бұл есеп шыққанға дейін оңшыл популистік Эстония консервативтік халықтық партиясы (EKRE) алда тұрған.

Электрон дауыс беруді қосқанда, EKRE 15 пайызбен екінші орынға түскен. Үшінші орынды 15 пайыздан сәл аз дауыс жинаған Центристік партия иеленген.

Эстония парламентіне бұл үшеуімен бірге тағы үш партия өтеді. Реформалар партиясы бастаған коалицияға қай партиялар енетіні белгісіз. Дегенмен Украинаны қолдау саясаты жалғасатыны анық болған.

Бақылаушылардың айтуынша, бұл жолғы сайлауға Эстония тәуелсіздік алғалы халық алғаш рет өте белсенді қатысқан. Дауыс берушілердің 63 пайыздан астамы, яғни 615 мың адам дауыс берген. Сайлаушылардың көбі интернет арқылы дауыс беру тәсілін таңдаған.

Бір палатадан тұратын парламенттегі 101 орынға тоғыз партиядан 968 кандидат таласқан.

Еуропа одағы мен НАТО-ға мүше Эстония Ресей күшпен басып кірген Украинаға көмектесуге күш салған Батыс елдерінің алдыңғы қатарында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG