Accessibility links

Ақтөбе облысындағы Қобда ауылын су алып, құтқарушылар Самара – Шымкент тасжолын бұзды. Жолдың екі жағында 500-ге жуық көлік тұр


Құтқарушылар бұзған Шымкент – Самара тасжолы. Ақтөбе облысы, Қобда ауылы. 14 наурыз, 2023 жыл
Құтқарушылар бұзған Шымкент – Самара тасжолы. Ақтөбе облысы, Қобда ауылы. 14 наурыз, 2023 жыл

13 наурызда кешке қарай Ақтөбе облысының Қобда ауылын кенеттен тасқын су басып қалған. Саманнан салынған үйлер құлаған. Ауыл адамдары үйлерінен шығып үлгерген. Төтенше жағдайлар қызметі эвакуациялаған 100-ге жуық адам қазір ауылдағы спорт мектебі мен аудандық ауруханада отыр.

Су тасқыны Қобда ауылына қауіп төндіргендіктен, құтқарушылар Самара – Шымкент тасжолының 613-шақырымын бұзуға мәжбүр болған. Соның салдарынан Қобданың екі жағында 500-ден астам көлік тоқтап қалған.

Су алған үй. Ақтөбе облысындағы Қобда ауылы. 14 наурыз, 2023 жыл
Су алған үй. Ақтөбе облысындағы Қобда ауылы. 14 наурыз, 2023 жыл

Жергілікті әкімдіктің мәліметіне қарағанда, 15 үйді су басып, 43 үйдің ауласына су кірген. Әкімдік әзірге шығын мөлшерін анықтамаған.

"Қауіп сейілген жоқ. Ауыл іргесімен ағып жатқан Қобда өзені арнасынан асып, тасуы мүмкін. Өзен деңгейі көтеріліп келеді" дейді Қобда ауданының әкімі Болат Құлов.

Тұрғындар ауыл ішіндегі қар қыста бір-ақ рет шығарылғанын айтып, тасқын қаупі туралы ескерту берілмеді деп шағымданып отыр.

Қобда ауылының көшесі. Ақтөбе облысы, 14 наурыз, 2023 жыл.
Қобда ауылының көшесі. Ақтөбе облысы, 14 наурыз, 2023 жыл.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, көмек сұраушылар сағат сайын көбейіп жатыр. Соған байланысты департамент тағы 30 құтқарушыны көмекке шақырған. Әзірше Қобдада 48 құтқарушы мен жеті техника, үш су соратын техника жұмыс істеп жатыр.

Ақтөбе облысының Қобда ауылында 1500 үй, 6 мың тұрғын бар.

Бұған дейін Ақтөбе облысының көп ауылы көлік қатынасынсыз қалғаны, Ойыл ауданындағы Көсембай, Қайыңды, Қарасу, Ақкемер ауылдарының жолын тасқын су шайып кеткені хабарланған.

12 наурызда су жүріп кеткендіктен, Шалқар – Ембі тасжолындағы көлік қозғалысы алты сағатқа тоқтап қалған.

Жергілікті хабарламаларға қарағанда, Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында кеше төтенше жағдай жарияланған. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаев Қазталов, Шыңғырлау, Тасқала, Қаратөбе аудандарындағы жағдай да күрделі екенін хабарлаған.

Биыл ақпанда Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі көктемгі су тасқыны кезінде 700 мыңнан астам адам тұратын 255 елді мекенді су басуы мүмкін деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG