Accessibility links

Қырғыз мүфтиі "жемқор" деп айыпталған кеден басшыларының бірі Райымбек Матраимовті алғысхатпен марапаттаған


Райымбек Матраимов пен мүфти Замир Ракиев. Архив фотосы.
Райымбек Матраимов пен мүфти Замир Ракиев. Архив фотосы.

Қырғызстанның Ош облысының Қарасу ауданындағы "Исмаил Ата" мешітінде қырғыз мүфтиі Замир Ракиев Қырғызстанның кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовке алғысхат тапсырған. Марапаттау сәті көрсетілген видео Матраимовтер отбасы иелік ететін "Исмаил Ата" қорының парақшасында жарияланған деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз редакциясы.

Алғысхатта Райымбек Матраимов "шын жүрегімен дінге қызмет етті" делінген. Қырғызстан мүфтиятының баспасөз қызметі Матраимовке алғысхат берілгенін растаған, бірақ "қандай еңбегі үшін берілді" деген сұрақты жауапсыз қалдырған.

"Мүфти Баткен мен Ошқа сапарлады. "Исмаил Ата" мешітінде Құран оқылғаннан кейін Райымбек Матраимовті марапаттауды ұйғарды" дейді мүфтияттың баспасөз қызметі.

2022 жылы Исмаил Матраимов атындағы "Исмаил Ата" қоры Қырғызстан мүфтиятына арнап салынатын жаңа ғимараттың құрылысына капсула тастағанын хабарлаған. Салтанатты рәсімге мүфти Замир Ракиев, Райымбек Матраимов, Жогорку Кеңеш депутаты Шайлаубек Атазовтар қатысқан.

Райымбек Матраимов 2015-2017 жылдары Қырғыз кеден қызметі төрағасының орынбасары болған. Азаттықтың Қырғыз редакциясы мен "Клооп" басылымының және Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу орталығының (OCCRP) журналистік зерттеулерінде оның аты-жөні әлденеше рет аталған.

2020 жылы қазанда Матраимовке "кеденде жемқорлықпен айналысты" деген айып тағылып, Қырғызстан бюджетіне 1 млрд 400 млн сом ақша өндіріліп, тағы 600 млн сом есебінен тоғыз пәтер мен бір сауда орталығы мемлекетке қайтарылған. Кейін ол сотта кінәсін мойындап, 260 мың сом айыппұл арқалаған.

Биыл ақпанда Райымбек Матраимовті қырғыз ұлтық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті "қылмыстық жолмен табыс тапқан" деп қайта қамаған. Бірақ кейін ол жекеменшік клиникалардың біріне жатқаны белгілі болды. 15 сәуірде қылмыстық іс қысқартылып, Матраимов бостандыққа шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG