Accessibility links

Сирия оппозициясы ел көлемінде наразылық акциясын өткізуге шақырды


Сирия оппозициясы халықты бүгін бүкіл ел көлемінде наразылық акциясын өткізіп, биліктен саяси реформалар жүргізуді талап етуге шақырып отыр.

Осының қарсаңында Сирия президенті Башар әл-Ассад Дераа мен Латакия қалаларында наразылық шерулері барысында қаза болғандардың өліміне қатысты тергеу жүргізуді бұйырып, елде 50 жылдай уақыт бойы күшінде тұрған төтенше жағдай тәртібін жою мәселесін қараумен айналысатын арнайы комитет құру туралы жарлық шығарды.

Мемлекеттік "САНА" ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл комитет сәуірдің 25-іне дейін өз жұмысын аяқтауы тиіс.

Сирияда осы айда екі аптадан аса жалғасқан үкіметке қарсы наразылық акциялары барысында қауіпсіздік күштерімен қақтығыстарда ондаған адам қаза болды.

Сәрсенбіде парламентте халыққа жасаған үндеуінде президент Башар әл-Ассад наразылық шерулерін "елдегі тұрақтылықты бұзуды көксейтіндердің қаскөйлігі" деп айыптады.
XS
SM
MD
LG