Accessibility links

Ауғанстанда наразылық шарасы өтті


Ауғанстанның Қандағар қаласында АҚШ-та құран өртеген оқиғаға қарсы наразылық шарасы қайта жалғасты. Осыдан он күн бұрын елдің оңтүстігіндегі осындай шеруде 10 адам қаза болған еді.

Қандағар көшелеріне шыққан жүздеген шерушілер "Америкаға өлім", "Карзайға өлім" деп айқайлады. Сондай-ақ, елдің шығысындағы Жалалабад қаласында да шерулер болған. Әзірге шерулер бейбіт жағдайда өтіп жатқаны хабарланды.

Талибан жауынгерлері ауғандықтарды наразылықтарын жалғастыра беруге шақырған және қақтығыс болған жағдайда үкімет жасақтары айыпталады деген мәлімдеме таратқан.

Мұсылмандардың қасиетті кітабы - Құранның өрттелуі Ауғанстанда қоғамдық наразылық тудырып, соңғы екі күнде наразылық акциясында 20 шақты адам қаза тапты. Қаза болғандардың 7-еуі Мазар-и-Шарифтегі БҰҰ-ның қызметкерлері болды.

АҚШ президенті Барак Обама қасиетті кітапты қорлағандар мен Ауғанстандағы қақтығысты айыптады. Экстремистік бағыт ұстанған, христиан уағызшысы наурыз айында Флорида шіркеуінде құранды өртеуге жетекшілік еткен.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG