Accessibility links

Назарбаев: Экзит-полл нәтижесі – 20 жылдық еңбегіме қолдау


Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президент сайлауы күні жүргізілген экзит-полл нәтижесін өзінің ұзақ жылғы еңбегіне елдің берген бағасы деп қабылдайтынын мәлімдеді.

«Экзит-полл деректері бойынша қазақстандықтар менің 20 жыл бойы күнделікті жүргізген жұмысымды қолдайтыны анықталды. Ел басқарып отырған адамға бұдан басқа қандай қолдау керек?» – деді Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбіге қараған түні «Нұр Отан» партиясындағы өзінің сайлау штабында жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде.

Назарбаев бұл сайлау ашық, әділ өтті, барлық кандидаттардың құқықтарының тең болуы қамтамасыз етілді деп мәлімдеді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні экзит-полл әдісімен жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 94,8 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бергені туралы экзит-поллды жүргізген Қазақстан социологтары мен саясаттанушылары қауымдастығының президенті Бақытжамал Бектұрғанова дүйсенбіге қараған түні Алматыда баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Біздің интервьюерлер 14 облыстың, Астана мен Алматының сайлау учаскелерінің шыға берісінде 100 мыңнан аса адамды сауалнамаға тартты, бұл жалпы сайлаушылардың 1,2 пайызын құрады», - деді Бақытжамал Бектұрғанова.

Оның айтуынша, экзит-полл нәтижесі бойынша, Назарбаевпен бірге президенттік сайлауға қатысқан үш кандидаттың жиынтық алған дауысы алты пайызға да жетпеген.

Атап атқанда, Қазақстан коммунистік халықтық партияның үміткері Жамбыл Ахметбеков – 1,57 %, «Табиғат» экологиялық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов – 1,44% , ал Қазақстан патриоттар партиясының басшысы Ғани Қасымов - 2,7%, дауыс жинаған.

Жексенбіде сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов сәуірдің 3-інде өткен кезектен тыс президент сайлауына дауыс беруге сайлаушылардың 89,9 пайызы қатысқанын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG