Accessibility links

АЭС салу немесе Өлімнен қорықпағандар ғана өмір сүретін ғасыр


Фукусимадағы атом электр станциясы. 31 наурыз 2011 жыл.

Фукусимадағы атом электр станциясы. 31 наурыз 2011 жыл.

Қазақстанның Ақтау және Балқаш қалаларында АЭС салу туралы бастаманы көтергелі көп уақыт болса да, бұл жоспарға халық та, қоғам да самарқау қарайтын.

Қазақстанның Ақтау және Балқаш қалаларында АЭС салу туралы бастаманы көтергелі көп уақыт болса да, бұл жоспарға халық та, қоғам да самарқау қарайтын.

Алайда Жапон еліндегі жойқын жер сілкінісінен кейін апатқа ұшыраған «Фукусима-1» атом электр станциясы уақиғасынан соң кейбір қоғамдық ұйымдар, экологиялық одақтар мен партиялар, жеке тұлғалар жаппай жарыса үн қатып, жамырай пікір айтып, «Қазақстанға АЭС салуға қажеттілік түсіп отырған жоқ, біз АЭС салуға қарсымыз!» деген ұран көтеріп, елден АЭС салуға қарсы пікір жинап, қоғамдық пікір тудырып, сол арқылы АЭС салуды тоқтатуды мақсат тұтуда.

Алайда бүгінгі таңда қазаққа АЭС керек пе, керек емес пе – ол туралы талқылау емес, «АЭС-ті кімдерге салдырамыз? Сапалы да, қауіпсіз АЭС-ті кім салып береді? Оған кеткен шығынды еселеп қайтарып ала аламыз ба?» деген сұрақ төңірегінде ой өрбітсек жөн болар еді.

Біз АЭС салуға емес, оны орыстардың салуына қарсы тұрсақ, онда орынды болар еді. Орыс техникасы мен технологиясы бұл күндері озық та жаңа, сенімді болып саналмайтынын жалпақ әлем ғана емес, кез-келген қазақ та мойындаған. Оған дәлел: төбеден жыл сайын құлайтын ракета сынықтары мен ғарышта жоғалған «ҚазСАТ» әдемі мысал…

АЭС-ті экологиялық үлкен апат деп санайтын экологтар алдымен еліміздегі ондаған ескі үлгідегі ТЭС-термен, қара көмірді өртеп, қара түтінді будақтатып, миллиондаған тонна улы қалдықтарды ауаға жіберіп жатқан ескі зауыт, кен орындарымен күресіп, керісінше жаңа жүйеге, жаңа технологияға көшуге қол жинағаны дұрыс болар еді. Қазіргі кезде Қазақстанның байлығын тонаумен айналысатын, ғасыр соңында қалған ескі технологиялардан өндіріс жасап, қоршаған ортаның ластануын, халықтың денсаулығын ұмытқан шетел алпауыттармен және соған себепші болып отырған билікпен күрессін.

Экологияны, халықты қорғағысы келген экологтар мен азаматтар жерімізді жалға алып, төбемізден күнде ракетаның зиянды сынықтарын жаудырған орыстармен және соған жол беріп отырған жауапкерсіз билікпен күрессін. Мыңдаған ескі көліктердің шығаратын улы газдарын тоқтатуға күш салсын! Біздің еліміздің экологиясы АЭС салмай-ақ ойрандалып жатқанына бұдан да басқа мыңдаған мысалдар келтіруге болады.

АЭС-тің аты аталса болды, қазақтың басына Семей полигоны туралы ой келері сөзсіз. Алайда өткен дәуірдегі ашық атом сынағы мен бүгінгі таңдағы барлық қауіпсіздік шаралары ескерілген АЭС салу басқа әңгіме.

Елдің жаңа технологияның қауіпсіздік шараларына сенбеуіне себепші болған «Фукусима-1» АЭС-індегі апатты жағдай – АЭС салудағы технологияның сәтсіздігі емес – адам баласы неше ғасырдан бері бастан кешірмеген, ойламаған жойқын жаратылыс апаттың кесірінен болған сәтсіздік. Адамзат қоғамының алға қарай дамуы үшін ондай трагедиялар болуы заңдылық. Осы апаттан кейін жапондар сәтсіздіктен сабақ алып, өз технологияларын одан әрі жетілдіріп, бұрынғыдан да қауіпсіз АЭС салатынына сенемін.

Ғасырда бір рет көтерілген жаңа бастаманы – АЭС салу жобасын қолдау керек. Осы АЭС арқылы көптеген проблемалардың шешімін табатынын ел болып түсінуіміз қажет. АЭС салуды жобалап отырған үкімет АЭС арқылы қандай мақсатқа қол жеткізгелі отырғанын, АЭС-ті пайдаланып қандай жаңа жобаларды іске асырғалы отырғанын халыққа ашық айту керек.

Үкіметке АЭС не үшін қажет?

Ақтау қаласына АЭС салу арқылы сол аймақтағы барлық мұнай-газ өндіру-өңдеу саласын, батыстағы қалалардың жылу жүйесін және өндіріс орындарын толық электр жүйесіне көшіруге уәде бере ала ма?

Сонымен бірге, Ақтауда ғана емес, Балқашта да АЭС салу арқылы Арқа даласындағы зауыт-кен орындарын, металл қорыту салаларын толық электрлік жүйеге көшіріп, еліміздегі ірі қалалардың жылу жүйесін және қала аралығында толық электрлі жүйеге көшкен жол қатынасын іске қосуға уәде бере ала ма?

АЭС салуға аз қаржы кетпейді. Қазіргі кездегі ең озық үлгідегі АЭС-тің ғұмыры 45-60 жылдан әрі аспайды. Осы уақытта оны салуға кеткен қаржыны бірнеше еселеп қайтарып алатындай, АЭС арқылы іске асыратын үлкен жобалар үкімет тарапынан жасалып отыр ма?

Әр үйде түн мезгілінде бес сағат үйді жарықтандыру үшін, болмаса пешті токқа қосып, шай қайнатып, кір жуу үшін салынып, оған кеткен қаржыны электр энергиясының төлем ақысын қымбаттатып, зейнеткерлер есебінен қайтарып аламыз десе, болмаса «Қазақстан Орта Азияда бірінші болып АЭС салды!» деген жалған атақ, арзан дақпырт үшін еш мақсатсыз АЭС салып, оны салуға бөлген ақшаны пышақ жүзінде бөліске салып жеп, соңынан ол сапасыз АЭС іске қосылмай жатып апатқа ұшырап, жеріміз бен еліміз радиацияға уланса, зардап шегетін, әрине, қара қазақ, қарапайым халық болмақ. Ал оны салғызған шенеуніктер ол кезде шетелге қашып, жеген ақшасына алған Дубайдағы, Испания, Италиядағы виллаларында (Алатау ашасынан келмей, Сырдың суы тобығынан келмей) рахат өмір сүріп жата береді…

АЭС салу – шешіліп қойған мәселе. Сондықтан текке уақыт өткізіп, жүйке жұқартпай, қайта осы АЭС арқылы жаңа жобаларды, жаңа жұмыс орындарын ашуды талап ету керек. АЭС-ке салған ақшаның құмға құйған судай, желге ұшқан құмдай болмай, қайта ертең соның зардабын шегетін халыққа игілік жаратуын бақылайтын қоғамдық ұйым құрылса артық емес. Себебі бұған дейін соңы нәтижесіз қалып, салған қаражат желге ұшқан жобалар аз емес. Бұған ғарышта «қаңғырып кеткен» «ҚазСАТ» айқын мысал бола алады.

АЭС салуға деген талпыныстың арт жағында біздің еліміздің қауіпсіздік мәселелері де тұруы керек. АЭС салу арқылы еліміздің атом ғылым саласында мамандар дайындалып, шыңалып жетіледі. Еліміз бір кезде экономикалық себептен ядролық қарудан бас тартса, алдағы мезгілде сол қаруды қауіпсіздік үшін, бейбітшілік пен елдің тыныштығы үшін өз қолымызбен, өз басымызбен қайта жасауға талпынуымыздың алғашқы баспалдағын жасауымыз керек. Себебі біз бейбітшілікті сүйгенімізбен, әлем қайтадан жаппай қаруланып жатыр. Қаруланып қана қоймай, сол қарулары арқылы бір біріне қоқан-лоқы жасап, қысым көрсетіп жатқаны жасырын емес. Енді біраз жылда Иран да атом қаруына ие болады. Азуын айға білеп, АҚШ-қа «келсең – кел» деп отырған ел ертең Каспий мәселесін көлденең тартпасына кім кепіл? Алып аранын ашып, шығыста алып айдаһар жатыр бұратылып…

Анадан да, мынадан да қорқып, «Қазақта мұнай мен газ тұрғанда атоммен айналысып керегі жоқ! Ауыл шаруашылығын дамытайық, ауылды көтерейік!» деп, қазақты қайта-қайта мал баққызып, егін салғызуға айдап салып, бір орында езіліп отыра беруге үгіт-насихат жасамай, нартәуекел жасап, тыңнан жол салынуын және сол жолдың қауіпсіз салынуын биліктен талап етіп, елдік көрсетуге күш салғанымыз пайдалы емес пе? «Шегірткеден қорыққан егін екпес!»

Жарты ғасыр атом бомбасының сынағына айналған қазақ даласында ел игілігі үшін атом электр станциясы салынып, ол өндірісті өрге сүйреп, Қазақ баласына қызмет етсе – одан артық не бар?

Өлімнен қорықпағандар ғана өмір сүретін ғасырда мықты жүрек пен батыл іс керек бізге…

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG