Accessibility links

Атыраудағы жарылысты «Джунд әл-Халифат» тобы мойнына алды


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

«Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») деп аталатын Ауғанстан мен Пәкістанның шекарасында орналасқан исламшыл топ Атырауда қазанның 31-і күні болған екі жарылысты өз мойнына алды. Бұл туралы ақпарат SITE (Эс-Ай-Ти-И) зерттеу ұйымының веб-сайтында жарияланды.

Исламшыл топ өз хатында жарылыстың тек үкіметке жасаған ескертулері болғанын және көп адамға зардап тигізуден сақтанғандарын айтады.

«Алайда, егер алда билік біздің талабымызға құлақ аспаса, келесі шабуылдардан құрбандық көп болады» делінген сайтта жарияланған шет елдік топтың хатында.

Бұған дейін Рейтер агенттігі «Джунд әл-Халифат» деп аталған исламшыл топтың қазанның 21-інде араб телеарнасына видеожазбасын шығарып, Қазақстанды жаңадан қабылданған дін туралы заңның күшін жоюға шақырғанын хабарлаған болатын. Топ өз талаптары орындалмаған жағдайда Қазақстан билігіне қарсы әрекет ете бастайтындарын білдірген.

Атырау қаласында кеше таңертең екі жарылыс болып, одан бір адамның қаза болғаны туралы Азаттық радиосы хабарлаған еді. Бүгін прокуратура жарылыс салдарынан мерт болған адам - Атырау қаласының тұрғыны, 1987 жылы туған Бауыржан Сұлтанғалиев есімді азамат екендігін хабарлады және осы оқиғаға байланысты Қазақстан қылмыстық кодексінің «Жарылғыш зат қолдану арқылы террорлық акт жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат таратты.
XS
SM
MD
LG