Accessibility links


Жапон елі туралы айтқанда жол туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Бірақ жол дегенде – ең алдымен жаяу адам жүретін қара жол, қуатты да жылдам көліктер жүретін асфальт жол, тарсылдаған жүрісімен қара жердің мазасын алатын отарба жүретін темір жол емес – жапон халқының ғасырдан бері қалыптасқан, елді бүгінгі жетістікке жеткізген, келешекке апарар қоғамдық жолы, сол халықтың ғасырдан ғасырға тозбай, толықтанып-толысып келе жатқан салт-дәстүр мен рух жолы, жапон қоғамының бет алып бара жатқан жолы...

Жапон тілінде «жол» деген сөздің тура мағынасындағы «жолдан» гөрі салт-дәстүр жолы мен рух жолына беретін маңызы өте үлкен. Бүгінде техника ғылымының шыңына шығып, әрі қарай өрмелеп бара жатқанына қарамай, жапон халқы ата-бабасынан келе жатқан будда дініне тұтастай сенеді деуге болады. Оларда әр дінге, сырттың секталарына сеніп, жақ-жақ болып айтысып-тартысу деген. «Ғылым игердік» деп, бұтқа табынған бабаларын мансұқ етіп, баба жолынан баз кешіп, аталарын ақымаққа балайтын жапондарды көрмейсің. Әр мереке, мейрам күндері бабадан қалған жолдарынан танбай храмдарға баратын жолмен бабасы тізе бүккен жерге басын иіп қайту үшін ағылып жатқан елді көресің.

Оқу мен жұмыстан бос уақыттарда ұстаздарым маған жапон елінің тарихи орындарына, храмдарына баруға үнемі кеңес беретін. Тіпті, жасы да, жасамысы да бар, ұстаздарым уақыттарын бөліп, сол орындарға ертіп барып, оларды таныстырды. Храмдардағы тастан қашалған, ағаштан ойылған құдайларын мақтап мадақтады. Мен кей-кезде оларды ашық әңгімеге шақыруға тырыстым. Жасы алпыстан асқан бір ұстазыма:

– Сіз техника ғалымысыз. Көп жаратылыстық жағдайларды жақсы білесіз. Сіздің мына тас, ағаш құдайларыңызда шынында бір үлкен қасиет бар деп сенесіз бе, шыныңызды айтыңызшы!? – деп өтіндім.

Ол бұл сөзіме рахаттана күліп алды да:

– Егер осы сұрағыңды өзіңе қойсам, қалай жауап беретін едің? – деп, өзімді қиын жағдайға қалдырды.

Бірақ келесі бір жолы әңгімесінде өзінің (және көп жапондардың) ол ағаш, тас құдайларға сенбейтінін, алайда бұл бабадан келе жатқан жол екенін, әрбір жапон адамы діннің мағынасын «құдай шын ба, бар ма?» тұрғысынан емес, қайта сан ғасырлық бірлік пен тірліктің ұйтқысы болған мәнінен іздейтінін айтты. Өйткені жапондағы будда діні жапон халқының бірлігі мен тірлігінің ұйытқысы болумен қатар, оларға тән әдептілік, ізеттілік, ибалылықтың және өздерінің «менмендігін», дүние-боққа берілмей жарқын да таза өмір сүріп, нәпсі тежеудің тамаша да жарқын жолы болып қалыптасқандығы екенін түсіндіріп берді.

Қазірде дін мәселесінде жапондар будданың ережелері мен тәртіптері, әр ағым арасындағы айырмашылықтар туралы емес, бүгінгі таңға қажетті сана мен жанның, адам мен адамның, адам мен қоғамның, адам мен табиғаттың үйлесімді және әділ қарым-қатынасына ғана мән береді. Біздегі сияқты діннің формалық ережеріне жабысып алып, жақ-жақ болып теориялық жақтан айтыс-тартыс жасап, бет жыртысып, қызылкеңірдек болмайды. Бір-біріне ат қойып, айдар тағып, ебін тауып бір-біріне тас лақтырып, орайы келсе сотқа сүйреп, қапасқа қаматпайды.

Осындай дінді өлі емес, тірі ұғымға айналдырған жапон елінде мамандар арасында атағына бола аспанға қарап, кеудесімен ел сүзетін менменшілдік жоқ. Әрбір маман лауазымына қарамай, өзін қызметкер ретінде сезінеді және солай ұстайды да. «Бастық болу – қожа болу!» деген ұғым олардың жолына мүлде сыймайды. 164 елге медициналық аппарат шығаратын ACOMA компаниясының жетекшісінен бастап жай инженерлерге дейін әр күні өз кабинеттерін өздері тазалап, бірге қызмет істеп, бірге жүреді. Біздегідей атынан ат үркетін «директорлардың» ол жақта өмір сүру жолы – жабық. Жапон елінің ұлттық үлгідегі мейрамханаларына барғанда қасыңа келіп, тізерлеп отыра қалып, жылы шыраймен, аса қарапайым ынта-пейілмен қызмет көрсеткен күтушілер, тіпті, мейрамхана ғана емес, аэропортта, вокзалда – барлық қоғамдық орындарда өз кәсібін ғана емес, елді де сыйлап халыққа кішіпейілдікпен қызмет көрсетеді. Олардың қызмет көрсету жолын көргенде тек арман мен өкініш жолында ғана боласың.

Қиын-қыстау күн туып, жарты жапон аралы өмір мен өлім арасындағы арпалыста қалып, біреуді-біреу біліп болмайтын жағдай туғанда дүние-боқтың соңынан қуып, бір-бірін тонап, орайды қолдан бермей зат бағасын көтеріп, арам пайданың жолын іздемеген жан болмады. Керісінше бір-біріне пана, қорған бола білген, аласапыран жағдайда да ар алдында тазалығын сақтап, жұдырықтай жұмыла білген халықтың қандай жолмен келе жатқанын көзіқарақты оқырман өзі бағамдай жатар. Құдай басқа салмасын, егер бізде сондай жағдай бола қалса, жағдайымыз қалай болар еді...

Қызылағаштағы апатқа бөлінген ақша мен елден жиналған дүниені кімдердің қалай саудаға салып, қалай байығанын қара халық жыр қылып айтып жүр.

Иә, жолы даңғыл да айқын, тегіс те жарқын жапон елі қиындықтың бәрін жеңіп, бабадан қалған ақ жолмен болашаққа кете барады. Ал біз «Нұрлы жолмен» жүрсек те, жүрегімізде не иманның, не ғылымның нұрын ұялата алмай, тонаушылықтың, қарақшылықтың, арам боқ үшін бәрін сататын сатқындықтың, өз елін өзі тонап қашатын қашқындықтың жолымен келе жатырмыз.

Бізге де шығар жол керек еді...

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG