Accessibility links

Қазақстандағы «ұлт әкесінің» бүйірінен түртіп отыратын уақыт туды


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 4 сәуір 2011 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 4 сәуір 2011 жыл

International Herald Tribune газеті АҚШ-тың Қазақстандағы тұңғыш елшісі болған Уильям Кортнидің мақаласын жариялады. Бұрынғы дипломат Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тарихта шынайы қайраткер боып қалу үшін бірнеше кеңес беріпті.


IHT («Интернэшнл геральд трибюн») газеті сәуірдің 4-і күнгі санында Уильям Кортнидің «Қазақстанның әкесі» атты мақаласын басты. Тұңғыш елші Қазақстан президентінің ел азаттық алған кездегі саяси жетістіктерін айта келе, оның осал тұстарын да тізіп көрсетеді.

«ЕЛБАСЫНЫҢ» ОРТА АЗИЯЛЫҚ АВТОКРАТТАРДАН ӨЗГЕШЕЛІГІ

Уильям Кортни алдымен президенттің жетістіктеріне тоқталады. 1989 жылы Назарбаев Қазақстан басшысы болып тұрған шағында «Семей-Невада» сияқты қоғамдық қозғалыс Семей ядролық полигонын жабуды батыл түрде талап ете бастады. Бұл кейіннен президенттің полигонды жауып, қоғамдық қолдауға ие болуына әсер етті деп жазады ол.

Нұрсұлтан Назарбаевтың мұндай саяси ептілігі оның кейінгі жиырма жылдықтағы билігінің негізгі сипаты деуге болады. Бұл АҚШ-тың Қазақстанмен бұрынғы СССР-дегі ядролық және биологиялық қару-жарақтар мен олардың инфрақұрылымын жою жөніндегі Нанн-Лугар бағдарламасы бойынша ынтымақтаса жұмыс істеуі кезінде көрінгенін айтыпты экс-дипломат.
Назарбаев ресейлік басшылардың бетінен қақпайды, әрі Орталық Азияның қызғаншақ жетекшілермен алауыз болып қалудан сақтанып, аз ұлттар мен топтарды басшылық қызметтерге қояды.

Ұзақ уақыт бойы экономикалық реформаларға басымдық беріп келген Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы «Шеврон» компаниясына жұмысы күрделі, бірақ мұнай қоры мол Теңіз кен орнын игеруге рұқсат беріп, ол Каспий теңізі аймағында энергетикалық дүмпуге түрткі болды дейді Уильям Кортни. Экономикалық реформа мен мұнай осылайша мол табыс әкелді.

Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, Қазақстан жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі бойынша өткен жылы Еуроодаққа мүше болған Румынияны артқа тастап, Түркияның деңгейіне жақындап қалған.
Назарбаев ұлтаралық және дінаралық төзімділікке баса назар аударады.

Халқы аз, бірақ табиғи байлықтарға аса бай Қазақстан үшін сыртта көршілерімен, ал өз ішінде этникалық және діни топтармен бейбіт қарым-қатынаста болғаны тиімді екенін де еске салады елші. Мемлекеттің негізгі тұрғындары қазақтар болғанымен, елде орыстар, украиндар және басқа да Сталиннің тұсында жер аударылған ұлт өкілдері мекендейді. Уильям Кортни: «Осыны ескерген Назарбаев ресейлік басшылардың бетінен қақпайды, әрі Орталық Азияның қызғаншақ жетекшілермен алауыз болып қалудан сақтанып, аз ұлттар мен топтарды басшылық қызметтерге қояды» дейді.

Өткен жылы Қазақстан бұрынғы СССР құрамында болған елдерден алғаш болып ЕҚЫҰ-на төрағалық жасады. Ал биыл Ислам конференциясы ұйымын басқарып отырғанын есепке ала келе елші: «Қазақстанның мол байлығы мен ынтымақтастық ниетіндегі саяси ұстанымы оған осыдан былай да аймақтық және халықаралық саясатта бұдан зор рөл атқаруға мүмкіндік береді» деген.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ САЯСИ ЖҮЙЕНІҢ ТҮБІНЕ ЖЕТУІ МҮМКІН

Алайда, ішкі саясатта Нұрсұлтан Назарбаевтың әлсіз тұстары да жетерлік екенін айтады мақал авторы. Мысалы, кейбір бәсекелес саналған тұлғалар белгісіз жағдайда қаза тапса, өзгелері түрмеге тоғытылды. Оппозициялық бағыттағы журналистерге де ара-тұра қысым жасалады. Ал түрмедегі жазасын өтеушілердің өздеріне қол жұмсауы қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр.

Қазақстанда президенттің «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде оқып келген мыңдаған талантты жастар жетерлік. Олардың елдің саяси және экономикалық өміріне бір кісідей үлесін қосуына саяси жүйенің жетілмей, дағдарып тұруы кедергі келтіріп тұр. Бұл үлкен қауіп. Тіпті қазіргі күні оппозицияның әлсіз және шашыраңқы наразылық шараларының өзі билікті алаңдатып отыр.
Сыбайлас жемқорлық – Нұрсұлтан Назарбаев билігінің ең жанды, һәм осал тұсы.

Сонда да Қазақстан билігі көршілес Өзбекстанда қолданылатын қатал шараларды көбінесе айналып өтіп, қорқытып-үркіту тәсілдеріне сүйенетінін айтады Уильям Кортни.

Бұрынғы Совет одағында сыбайлас жемқорлық билікті түгелдей жайлап алған. 1991 жылы Борис Ельцин СССР басшыларының астыртын артықшылықтарға ие екендігін қатты-қатты сынағаннан кейін Ресей президенті болып сайланды. Бірақ артынша үзеңгілестері көлеңкелі жолмен мемлекет мүлкін жекешелендіріп алғаннан кейін өзі де сынға ұшырады. 2003 жылы Грузияда Михаил Саакашвили бейбіт революцияға бастайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жақсы пайдаланып, билікке келді. Ал өткен жылы Қырғызстанда жемқорлық Құрманбек Бакиевті орнынан түсірген халық толқуын тұтатып жіберді. Әзірбайжанда да қазір президент Ильхам Әлиевке қарсы наразылық күшейіп келеді. Кейбір мәліметтер бойынша, 2009 жылы Ильхам Әлиевтің 11 жасар ұлына Дубайдан құны 44 миллион АҚШ доллары тұратын зәулім үй сатып алынған.
Мені сол уақытта Ресейдің жаңа республикамен ашықтан-ашық жемқорлыққа итермелейтін қатынас орнатуы таң қалдырды.

Сыбайлас жемқорлық – Нұрсұлтан Назарбаев билігінің ең жанды, һәм осал тұсы дейді елші. Мысалға, «Форбс» журналының мәліметінде оның қызы мен күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың байлығы 2.6 миллиард доллар деп бағаланатыны айтылған. Ал WikiLeaks («Викиликс») сайтында өткен жылы Астанадағы АҚШ елшілігі Вашингтонға Құлыбаевтың «үлкен көлемдегі параға құнығып алғанын» айтқаны жарияланды. Өзге ақпарат көздері болса президенттің күйеу баласының Ұлыбритания принці Эндрюдің иелігіндегі үйді 25 миллион АҚШ долларына сатып алғанын келтіреді. Швейцария прокуратурасы Құлыбаев мемлекеттің энергетикалық активтерін сатудан қалтасына 600 миллион АҚШ доллары көлемінде ақша жымқырып қалуы мүмкін деп отырғаны да айтылады.

1990 жылдардың бас кезінде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі ретіндегі Назарбаевпен алғаш танысқан шағын елші былай деп еске алыпты: "Мені сол уақытта Ресейдің жаңа республикамен ашықтан-ашық жемқорлыққа итермелейтін қатынас орнатуы таң қалдырды. Кремльдің энергетикалық «құдайлары» Қазақстанды өзінің табиғи байлығының адал үлесінен қағылып қалуына мәжбүрледі".
Хосни Мүбәрәк секілді Нұрсұлтан Назарбаев та экономиканы көтеріп, қоғамның сұранысын қанағаттандырды. Алайда, сыбайлас жемқорлық мәселесі көмейге кептелген тас сияқты күрделі күйінде қалып отыр.

Дегенмен, көп ұзамай мұндай қысымды басқа тараптан келген анағұрлым тиімді ұсыныстар ығыстырып шығарды. Бірақ, соңғы уақытта Қазақстанның мұнай-газына салынатын инвестиция шатқаяқтап,сыбайлас жемқорлықтың құрбанына айналып кетті. Халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімінің басым бөлігі аз ғана адамның қолында тұр. Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық мәселесін Египетпен салыстырған елші: «Египеттің қуылған президенті Хосни Мүбәрәк секілді Нұрсұлтан Назарбаев та экономиканы көтеріп, қоғамның сұранысын қанағаттандырды. Алайда, сыбайлас жемқорлық мәселесі көмейге кептелген тас сияқты күрделі күйінде қалып отыр» дейді.

БҰРЫНҒЫ ЕЛШІНІҢ СОҢҒЫ ҮМІТІ

Сөз соңында Уильям Кортни: «Қазір 70-тен асқан Нұрсұлтан Назарбаев ел тарихында «халықтың әкесі» ретінде қалуды қалайды. Бұл үшін оған тәуелсіз сот пен БАҚ-қа жол ашып, еркін әрі әділ сайлаулар өткізу және әділетті басқару жүйесін құру сияқты саяси реформалар жүргізу қажет. Бірақ қазір мұның бір де біреуін көре алмай отырмыз» дейді.
Назарбаевтың демократиялық өзгерістерді жүзеге асыру туралы талаптарға құлақ асуы үшін оны бүйірінен шынтақпен түртіп отыру қажет.

Кортнидің ойынша Батыс әлі де Қазақстанға үміт артып отыр. «Егер Батыс Египеттегі жағдайдан сабақ алса, Қазақстан басшысын қаттырақ құшағына алып, басқару жүйесін жақсартуға шақыруы тиіс. Назарбаевтың демократиялық өзгерістерді жүзеге асыру туралы талаптарға құлақ асуы үшін оны бүйірінен шынтақпен түртіп отыру қажет» деп қорытындылапты АҚШ-тың Қазақстандағы тұңғыш елшісі болған дипломат.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG