Accessibility links


Егер “адам” деген мақұлықтың ішкі-сыртқы-психикалық құрылысына қызықпасаңыз төмендегі жазу да сіз үшін қызық бола қоймасы анық.

Келесі бір әзіл ме, киноталдау не оқиға жазғанымды күтуіңізге тура келеді.
Жалпы қызық дүние емес. Жай ағымдағы ойлар.
Адамның санасына, кіші-үлкен әлеуметтік топтардың атмосфералық факторларына, динамикасына, құбылыстарға айдар таға салатын әдетім бар.

Адамның ішінде ұйықтап жатқан түрлі қасиеттер мен потенциалдарды байқасам, адамның организмі – жатқан құпия екендігіне тағы да тәнті боламын. Менің қуанышыма ондай адамдар жиі кездесті.

“Организмі” дегенде мен оның тек денесінің ғана мүмкіндігі емес, санасының және бейсанасының да мүмкіндіктерін де айтамын.
Сөйте тұра, біреуді бір типажға жатқызып, біреудің басына айдар таға салатын кездерді миымның жалқаулығы деп ойлаймын. Қыртыс-қыртыс сұр түсті зат ойланудан бір жері “күйіп” істен шығып кетпеу үшін бір ыңғайы келген анықтамамен қорыта салады.

Әрине біреудің әрекетін түсіне алмасаң, соған сәйкес “әдемі теңеу” не сәтті “суреттеме” тауып алып, маңдайына жапсыра салған жақсы. Ондай айдар тағу, стереотиптер тағы басқа шаблондар адамдардың, “Бұл қандай адам?” деген сұрғына көп ойланбауға мүмкіндік береді.

Әлемде артық нәрсе жоқ. Стереотиптер де керек. Өйткені адамның осы әлемдегі өмірі шектеулі. Егер адамдар әрбір әншейін сұраққа маскималды обьективті, толық жауабын іздеп өмірден баз кешіп кете беретін болса, адам Жер бетінен құрып бітеді.

Адамның түсініксіз әрекеттері, өзін өзі жақсы қылып көрсетуге тырысу, немесе өзін өзі жаман қылып көрсетуге тырысу. Жалпы адамның қандай да бір істегі мотивтеріне үңілгім келеді де тұрады.

Ниеттану деген ғылым бар ма екен осы? Біреудің ниетін зертей отырып, өзіме үңілемін. Өз ниеттеріме қарап отырып, басқаларды түсінуге тырысамын.

Көп адамдарды “- Мен кіммін! Бұнда не қылып жүрмін?” -деген сұрақтар бозбалалық, және жастық шақта мазалайды.

Ал кейбір адамдар әрдайым осы сұрақтарды жадында ұстайды. Сол адамдардың қатарында мен де бармын.

25-жас пен 35 -жас аралығында еркектердің сана-сезімі кепкен цемент ерітіндісі сияқты біртіндеп қата бастайды.

Байқадыңыздар ма, ғылыми атақ алған, не әлденедей жетістікке жеткен қарт кісіге бірнәрсені дәлелдеу өте қиын.

- Мен кіммін қайда бара жатырмын! -деген сұрақтан адам қорқады. Сондықтан біразы дінге тығылады, біразы примитивті гедонизмге бас ұрып, ересек жаста бұл сұрақты қойған адамды есеймеген деп санап, мазақтайды.

Ал басқаша қарасақ, адам неғұрлым ақымақ болып туылған сайын, оның дүние туралы көзқарасы соғұрлым ерте тұрақтанады. Тұрақтану деген сол әлгі цементтің қатуы. Содан кейін оған ешнәрсені дәлелдей алмайсың.

Санасы тұрақтанып қатып қалған адам, әр оқыған дүниесінен тек өзінің баяғы ұстанымдарын дәлелдейтін абзацтар мен тіркестерді көре бастайды. Қалған құнды ақпараттың 80-90 пайызы қабылдау фильтрінің сыртында қалады екен.

Біреудің менің шындығымнан тым алыс түсінігіне, тірлігі мен өмір салтына тап болсам, бұл өмірдің түрлілігіне таңқаламын.

Сонда ол адам мен сияқты ойламайды, мүлде менің дүниетанымымды түсінбейді, бірақ ол да өмір сүріп, бақытты боп, әйтеуір бір мен түсінбейтін тіршілік қылып жүр.

Бұны түсіну үшін, мен оның қай тесіктен сығалап тұрғанын білуім керек ғой. Өтірік икемделе, оның болмысына бейімделу мәселем емес. Қызыққан кейіп танытып, біреудің басын баурап, дегеніңді жасату бүгінгі уақытта ізденген адамға мүлде қиын емес. Ол үшін түрлі техникалар, тікелей, жасырын гипноз түрлері, НЛБ-сияқты жартылай-ғылымдар, жарнамалық-маркетингілік тәсілдер, адам санасын шаю, жоқты бар, барды жоқ қылып сендіру, жігерлендіре сөйлеу мәнері сияқты адамзаттың керемет ғылыми-тәжірибелік жетістіктері мен амалдары бар.

Сен шындықтың көтін көріп ” фуй” десең, ол бетін көріп “пах” дейді. |Екеуіңдікі де дұрыс. Бірақ ой-сана көрген білген, оқыған түйсінгеніміз, екеуміздің “міне шындық!” деп жүрген нәрсеміздің барлығы Ақырғы Шындықтың тар ғана тесіктен сығалағанда көрінетін қарасы ғана.
Бірақ сен де, мен де оны естен шығарып ала береміз. Ол біздің мүддемізге қарай, тесіктен көрінген бөлшектің көрінбейтін жан-жағы туралы қиялымызды мың құбылтуға мүмкіндік береді.

Әлденені іздеп жүрген адам емес, негізгіні тапқан адам жақсы деп жатады.
Алайда алғаш аяғы сырқап, жүрегі сыр бергенде, ия індетке шалдыққанда мына тәннің жарамдылық мерзімінің тым қысқа екенін түсінген адам өзіне аз уақыт берілгенін түсініп, тез арада жылдам-жылдам қорытынды жасай салады.

“Өмір деген пәленше, өмір деген түгенше” деп бір ауыз сөзбен түйе салғысы келеді.

Өйткені әлем туралы аз да болса шындыққа жақын ештеңеге тәуелсіз объективті ой түю үшін сен және мен бұл әлемнен тыс болуымыз керек. Қарнымыз ашпауы керек, теріміз күнге күймеуі керек. Ертең өлем деген ой да адамның ойына өзгеріс енгізеді. Сол себепті адамда ол үшін ешқандай мүдде де болмауы керек.

Ал мүдде жоқ жерде ой да жоқ.

Демек ешқандай адамның болмыс туралы ойы ешуақытта объективті болмайды. Тіпті болмыстың триллионнан бір бөлігін толық әрі нақты анықтамасын беру үшін адамға ешнәрсе сырттан әсер етпеу керек.
Ал ол мүмкін емес.

Қазір анығы есімде жоқ,ілімердің бірінде, кейде болып жатқан оқиғалар, қарсы күштермен күреспей, оларды тек қабылдап ғана қойсаң, біршама босқа кеткен ішкі күшіңді сақтайсың дейді. Білмеймін, осыған иманымдай иланып жүрген кезімде, кәдімгідей ақ нәтижелі еді. Күмәндана бастап едім, біреудің қыртыған әңгімесі болып көрінді. Сәйкесінше нәтиже беруді де доғарды.
Фрейдттің әсерінде жүр едім бір кездері, енді Лаканның ілімімен танысу керек болып тұр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG