Accessibility links

Неліктен Назарбаев танымал бола тұра әділ сайлаудан қашты?


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 8 сәуір 2011 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. Астана, 8 сәуір 2011 жыл

The Washington Post басылымы сәуірдің 7-сі күнгі санында авторитарлық елдерде диктаторлардың сайлау үрдісін жиі бұрмалауының себебіне үңіліпті.


Нұрсұлтан Назарбаевтың танымалдығы көпке мәлім екенін айтқан The Washington Post («Вашингтон Пост») газетіндегі мақала авторы Уильям Добсон «Қазақстан президентінің сайлауда жинаған рейтингісіне демократиялық жолмен сайланған басшылар «қызғанышпен» қарауы мүмкін» деп жазыпты.

НАЗАРБАЕВ БӘРІБІР ДЕМОКРАТ БОЛА АЛМАЙДЫ

Өткен жылы жүргізілген сауалнама оны қазақстандықтардың 89 пайызы қолдайтынын көрсетті. Бұл көрсеткіштің оған дейін жүргізілген зерттеулермен сәйкес келуі таң қалдырады. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азияның табиғи ресурстарға бай мемлекетінің экономикасын басқаруы және ол құрған саяси режимде қандай да бір шынайы оппозициялық күштерге орынның жоқтығы себеп болып отыр дейді Washington Post.

Бірақ басылымның жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаев өзін қалай атаса да, демократ бола алмайды. 19 жыл билікте отырып келсе де ол тізгінді өзгеге беруге ешқандай ынта білдірген емес. Іс жүзінде, оның басқару қабілетін енді тек өлім факторы ғана анықтай алса керек (бұл оның не себепті үнемі ел ғалымдарына қартаюға қарсы дәрі ойлап табуды тапсыра беретінін түсіндіреді). Әрі мемлекеттің уран мен мұнай қоры жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімді одан әрі арттыра түсуі мүмкін.
Оның басқару қабілетін енді тек өлім факторы ғана анықтай алса керек.
Бірақ, адам құқықтары, баспасөз бостандығы және сыбайлас жемқорлық мәселесі жағынан Қазақстанның ақсап тұрған жайы бар. Дегенмен, сыншыларға Нұрсұлтан Назарбаевтың автократ жетекшілердің ерекше түрі – танымал диктаторға жататынын мойындау керек деп жазады Washington Post.

ЕҚЫҰ өкілдері Нұрсұлтан Назарбаев кезекті рет сайлаушылардың басым дауысына - 95,5 пайызына ие болып, жеңіске жеткізген сайлау кезінде бюллетендердің қайтара салынып, дауыс берудің бұрмаланғанын мәлімдеді.

Осыдан соң не себепті нағыз диктаторлар ашықтан-ашық сайлау процесін бұрмалайды деген сауал туындайтынын жазады басылым. «Айталық, Нұрсұлтан Назарбаевқа 70, 60 немесе 52 пайыз дауыс алу жетпейтін бе еді? Егер ол соншалықты танымал болатын болса, не себепті ескі әдіспен жеңіске жетіп, сын тағушылардың аузына құм құймады?» деген сыңайдағы сұрақ қояды Washington Post.

ӘР ДИКТАТОРДЫҢ ЖАЙЫ ӘРҚАЛАЙ

Басылымның жазуынша, бұл сұрақтарға бір ауыз сөзбен кесімді жауап айту мүмкін емес. Себебі әр диктатордың жайы әртүрлі. Кейбір диктаторларға сайлауда тек 90 пайыздан жоғары дауыс жинау қажет болады. Ал басқа диктаторлар үйреншікті әдетінен айни алмайды. Ал көптеген автократиялық жүйелер үшін Совет одағына тән ескі 70 пайыздың орнына 99 пайыз дауыс жинау әлдеқашан қалыптасып кеткен деген пікір айтады мақала авторы.

Автор өткен жылы өзге авткоратиялық билеуші, премьер министр Владимир Путиннің кеңесшісіне: «Путиннің билеуші партиясы «Единая Россияның» ойына келгенін істеп отырғанын елдің бәрі біледі. Путиннің халық арасындағы реййтингісінің тым жоғары екені де рас. Солай бола тұрса да, Путин неге шынайы сайлау өткізе алмады?» деп сұрақ қойыпты.
Авторитарлық мемлекеттердегі сайлауда күрес диктаторлар мен олардың оппоненттерінің арасында емес, тек өз мүддесін ойлаған шенеуніктердің арасында өтеді.
Кеңесші мұның Путиннің бақылауынан тыс жағдай екендігін айтқан. «Біз алдымен ол механизмді және оның қалай жұмыс істейтіндігін түсініп алуымыз қажет» деген ол Путиннің ешқашан «мынандай пайыз дауыс алуым қажет» демейтінін, тіпті премьер министрдің мұншалықты пайыз дауыс алуды қажет етпейтінін де жеткізіпті. Бұдан ары кеңесші: «Путин өзге адамның 50 пайыз емес, 70 пайыз дауыс алғанына бас ауырта ма? Елу пайыз да басым көпшіліктің қолдауы болып шығады. Сондықтан да оған қатысты Путин бұған бас ауыртпайды» деп жауап берген.

ЖАНДАЙШАПТАРДЫҢ ЖАРЫСЫ

Ал мәселенің түп-тамыры бағыныштылардың мүддесінде жатқанына меңзеген мақала авторы: «Губернаторлар мен мэрлар сайлау өздерінің қаншалықты танымал екендігінің көрсеткіші болғандықтан, оны пайдаланып қалғысы келеді» дейді.

Мысалы, президенттен төмен деңгейдегі басшылар өз жетекшілеріне жағымсыз көрініп қалудан қорқып, сайлауды бұрмалауға атсалысады. Басшыларына өз дауысын берсе де, немесе дауыс жинап берсе де, авторитарлық жүйеде шенеуніктер дауыс беруге белсенді түрде араласады.
Сайлаудың әділ өтпеуіне Нұрсұлтан Назарбаев кінәлі емес. Бағыныштылары емес пе президенттің көңілін көтеруге барын салып жатқан?
Ал авторитарлық режимдегі елдерде ашық бәсеке болмайды деген пікірге автор өз уәжін келтіреді. Өйткені авторитарлық мемлекеттердегі сайлауда күрес диктаторлар мен олардың оппоненттерінің арасында емес, тек өз мүддесін ойлаған шенеуніктердің арасында өтеді екен.

Қалай болғанда да, бұл түсіндірме Путинді немесе Назарбаевты осындай шенеуіктері бар жүйені құрғаны үшін жауапкершіліктен босата алмайды. «Алайда, авторитаризмнің теріс қисынына салсақ, Қазақстандағы сайлаудың әділ өтпеуіне Нұрсұлтан Назарбаев кінәлі емес. Бағыныштылары емес пе президенттің көңілін көтеруге барын салып жатқан?» деп қорытындылапты ойын автор.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG