Accessibility links

Мүбәрак өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды


Биліктен кеткеніне екі ай өткенде Египеттің бұрынғы президенті Ғұсни Мүбәрак өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып мәлімдеме жасады.

Жексенбі күні "Әл-Арабия" спутниктік телеарнасынан берілген қысқа аудиомәлімдемесінде ол өзінің қаржы істерін тергеу туралы "өкім беруге" келісім бергенін айтып, өз абырой-беделіне "күйе жаққандарды" сотқа беруге уәде еткен.

"Мен Египет банктерінің біріндегі өзім жалғыз есеп-шотым туралы ақпаратты бердім", - деген бұрынғы президент.

"Ассошейтед пресс" агенттігі 82-жастағы Мүбәрактың алдын ала жазылып алынған аудиомәлімдемесінде экс-президенттің дауысы билікте отырған кезіндегідей өктем естілетінін хабарлайды.

Өткен аптада Мүбәракты жауапқа тартуды талап етіп Каирдың орталық алаңына шыққандар мен құқық күштерінің қақтығысынан адам қаны төгілген еді.

Египеттегі бірнеше аптаға жалғасқан толқулардан соң биыл ақпанның 11-і президент Мүбәрак биліктен кетті. Ол елді отыз жылға жуық үздіксіз басқарды.
XS
SM
MD
LG