Accessibility links

Қазақстанға АЭС қажет пе?


Фукусимадағы атом электр станциясы. 4 сәуір 2011 жыл.
Фукусимадағы атом электр станциясы. 4 сәуір 2011 жыл.
Соңғы уақытта мені осы мәселе толғандырып жүр. Бұған қатысты мамандардың пікірі екіге жарылып отыр. «Ой, АЭС салса, ел энергия тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, одан кейін басқа да салалар дүрілдеп дамымақ» деген сияқты жылтырақ сөздерді өзім ұнатпаймын.

«Қазақстан Жапония сияқты теңіздердің ортасында тұрған жоқ. Уранды шикізат күйінде сата беру – ақымақтық, соңғы технологияның жетістігін пайдалану керек» деген ғалымдармен да келіспеймін. Сонымен мені не алаңдатады?

1. Мамандардың айтуынша, адамзат атомды қолдануды үйренгенмен, оны залалсыздандырудың жолын әлі үйренген жоқ. АЭС салған елдер оның пайдасын көріп жатқанмен, енді одан құтылудың амалын таппай отыр. АЭС-тің жұмыс істеу мерзімі – орташа есеппен алғанда 25-35 жыл. Өз жұмысын аяқтаған АЭС-ті жай ғана қауіпсіз ұстап тұру үшін миллиардатаған қаржы керек. Мысалы, совет кезінде қару-жараққа арналған плутоний (оружейный плутоний – дұрыс аудардым ба, білмеймін) шығарған Маңғыстау атом электр станциясы қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған жоқ. Сонда да оны қауіпсіз ұстап тұру үшін миллиард теңге қажет екен. Жекеменшіктердің қолында тұрған бұл станцияны «залалсыздандыруға» қаржы жұмсалып жатыр ма, жоқ па, қазір кім білсін. Авария болған Чернобыльдың өзі жыл сайын миллиондаған қаржы талап ететін көрінеді.

2. Атомның аты – атом. Ол ешбір қателікті кешірмейді. Оның үстіне Қазақстанда бұл салада мамандар жоқ. Қандай жүйеде өмір сүріп жатқанымыз бәріне аян.

3. Бізде АЭС-ке шынайы қажеттілік бар ма? Өнеркәсіп дүрілдеп дамып, абыр-сабыр болатындай жағдай болып жатқан жоқ қой. СЭС салу үшін су жетіспейді дейді. ЖЭС-тің ғұмыры бітті дейді. Олай болса, балама энергия көздерін – жел, күн сәулесін қолдану жағын неге ойластырмасқа? Тым қымбат дейді. Ертеңгі күні АЭС-тен құтыла алмай, ақшаны нағыз сол жейтін болады. Қазақстанда онсыз да қаншама адам экологиялық апаттардың құрбаны болып, азап шегіп жатыр. Кішкене ойланатын кез жетті ғой. Кешке шейін атақ қуып далақтай бермей.

Сосын бұл әлдебір мақсатты көздейтін лоббистердің де жобасы болуы мүмкін дейтін де әңгіме бар. Бізде мұндай нәрсеге таңқалуға болмайды. Бүкіл Еуропа елдері Жапониядағы жағдайдан кейін бас тартып жатыр. Олардың бүге-шегесіне дейін жоспарлап, «міне, саламыз» деп отырған жобаларынан бас тартуы бізді де ойлантуы қажет.

Әрине, мен атом саласының маманы емеспін. Бірақ мамандардың сөзінен түсінгенім осы. Егер қателессем, қуанатын едім.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG