Accessibility links

15 сәуірді «Ұлттық ғашықтар күні» етіп атап өтейік деп ұсыныс тасталғанын жақсы білесіздер. Негізінде 14 ақпан күнінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Тек сол «әулие» дегеннен құтылудың амалын жасаған сияқты. Бірақ күн жылыған кезде тіптен жақсы болды. Осы күнге орай Алматыда (басқа қалалар жағын білмедім) «аспан фонариктерін» ұшыру үрдісін ұйымдастырған еді. Шара жайлы көп ақпарат берілген жоқ. Алайда интернеттің күші сол, ұйымдастырылған жер — «Тұңғыш президент паркі» ығы-жығы адамға толы болды. Ғашығы бар, емесі бар, отбасымен келіп фонариктер ұшыруға қызыққан жұрттан аяқ алып жүргісіз. Осыдан-ақ елдердің романтикаға шөлдеп қалғанын аңғаруға болады.

Шыдамсыз жұрт аталған 22:00-дің орнына сағат 21:00-ден бастап жібере бастаған сияқты. Көппен бірге бір уақытта жібергенде тіптен әдемі болар ма еді?

Ұйымдастырушылар осыншама жұрт келеді деп ойламаса керек. Ең бастысы фонариктерді сату жолы қолға алынбаған. Қай жерден сатып алу керектігін білмедік. Және көбі өздерімен алып келгендігін айтты. Осы күні сол фонариктерді сатқан адам бір байып қалар еді

Концерт болады делінген, бірақ микрофонмен жүрген бір жігітті ғана көре алдық, көбіне ол жоғалғандарды қайда келу керектігін айтумен болды, тағы біреусі өлең айтпақ ниетте болып еді, аппаратура дұрыс істемеді. Паркке кіргізерін кіргізіп алып, шығара алмай әлек болды. Тіпті өшіп тұрған субүркектің үстіне шығып кеткен адамдарға, фонтаннан түсіңдер деп микрофонмен айқайлап түсірді.

Өрт сөндіру машиналары да көрінбеді. Өйткені не дегенмен фонариктер отпен жанатындықтан, жерге құлап, жанып жатқандар да кездесті. Кейін полицейлер келіп, «фонариктерді жағуды бітіріңдер, қайтыңдар» деп қуып жүр.

Сыртқа шықсақ, жол – тығын. ОМОН-дар келіп, жұртты трассаға шығармай ұстап тұр. Ал елдер фонариктерді құшақтап алып әлі келіп жатты.

Өкінішке орай, фотоаппаратым жоқ, сондықтан суретке түсіре алмадым. Мына жерде жақсы суреттер бар екен. Көрсеңіздер болады.

P.S. Кемшіліктері көп болғанымен жақсы шара екені сөзсіз. Бәріне сол ұйымдастырушылар көп адам күтпегені кінәлі болды ғой деймін. Ал былай көп сөзден бір іс үлкен нәтиже береді екен. Баяғыдан солай істеу керек еді.

http://akzere.dosym.kz
XS
SM
MD
LG