Accessibility links

Қос азаматтыққа қарсы журналист әділет министріне үндеу жолдады


Махамбет Әбжанның қолдан сызған "картасы". Астана, 1 қазан 2010 жыл

Махамбет Әбжанның қолдан сызған "картасы". Астана, 1 қазан 2010 жыл

«Қос азаматтығы бар адамдарды соттау керек» деп мәлімдеген журналист, наразылық шарасы ретінде өзі жасаған Солтүстік Қазақстан облысы салынбаған Қазақстан картасын өртеді.


МИНИСТРГЕ ҰСЫНЫС

Журналист Махамбет Әбжан әділет министрі Түсіпбековтің өзімен тікелей жолықпақ ниетте болған. Алайда, министр еңбек демалысында болғандықтан үндеухатты ведомствоның қызметкерлеріне қалдырды. Бұдан кейін ол өзі салған Солтүстік Қазақстан облысы көрсетілмеген Қазақстанның географиялық картасын өртеді.

– Өз хатымда министрге мынадай бір ұсыныс жасадым. Біз қос азаматтықты алып жүрген адамдарды соттауымыз керек. Бірақ, біз ондай адамдарды абақтыға отырғызбай қоғамдық жұмыстармен жазалап, мүліктерін тәркілеп, бір жылдан кейін Ресейге жіберу керек деген ұсыныс жолдадым. Ол үшін заңға арнайы бап енгізу қажет, - дейді журналист Махамбет Әбжан.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ

Қыркүйектің 29-ы күні «Kazakhstan Today» ақпарат агенттігі «Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары аймақта қос азаматтық жүйесін енгізуді ұсынады» деген ақпарат таратты. Агенттік бұл ақпаратты республикалық 7 арна мен облыстық муниципалды арнаға сілтеме жасай отырып таратқан.

Артынша бұл ақпаратты ресейлік бірқатар иентернет басылымдары жарыса жариялады.
Махамбет Әбжан өзі жасаған Қазақстан картасын өртеп тұр. Әділет министрлігі ғимаратының маңы. Астана, 1 қазан 2010 жыл

Қыркүйектің 30-ы күні Солтүстік Қазақстан облыстық әділет департаменті ақпарат агенттіктері таратқан мәлімдемені жоққа шығарды.

– 24 қыркүйек күні біздің департаментте «Қос азаматтыққа жол бермеу және ондай фактілерді ашу» жөнінде дөңгелек үстел өтті. Ол жиында Солтүстік Қазақстан облысына қос азаматтық енгізу туралы ешқандай сөз болған жоқ. Бұл ақпаратты ақпарат құралдарының қайдан тауып алып жүргені бізге түсініксіз, - деді Солтүстік Қазақстан облыстық әділет департаментінің бастығы Степан Зайтлер Азаттық тілшісіне.

Осы мәселеге байланысты «7 арнаға» хабарласқанымызда аймақтық бөлім басшысы Максим Попов, арна жаңалықтарында қос азаматтықты енгізу туралы ақпарат болмағанын айтты. Максим Попов Азаттық тілшісіне бейнесюжетте Петропавл қаласында өткен дөңгелек үстелде айтылған мәселелер ғана қамтылғанын хабарлады.

ҚАУЕСЕТТІҢ ЖАЛҒАСЫ

Мәжіліс депутаты Нұрлан Өнербаев, қос азаматтық Қазақстан үшін тиімсіз екенін айтады. Алайда ол қос азаматтық сырттан келген кейбір қазақ азаматтарына пайдалы болуы да мүмкін дейді.

Журналист Махамбет Әбжанның пікірінше, қос азаматтықты қолдаушылар Солтүстік Қазақстан облысы шенеуніктерінің арасында бар.

– Екі жыл бұрын Грузия мен Оңтүстік Осетия арасында болған жағдайды еске түсіріңіз. Сонда Ресей, «азаматтарымызды қорғаймыз» деп Грузияға әскері мен танкілерін енгізіп жіберді. Бізде қос азаматтық болса ертең көршілеріміз «азаматтарымызды қорғаймыз» деген желеумен жерімізге көз сүзбесіне кім кепіл, - дейді Махамбет Әбжан.

Жақында мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменов, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласының атауын тарихи атауы Қызылжарға ауыстыру жөнінде Кәрім Мәсімовке саулнама жолдаған еді. Осыдан кейін екі жақты түрлі пікірлер ақпарат беттерінде ашық айтыла бастады.

Қос азаматтық мәселесі осы оқиғадан кейінгі біреулердің арандатушылық әрекеті болуы да мүмкін дейтіндер бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG