Accessibility links

Аштық жариялаған Ермек Нарымбаев енді аузын тігіп тастамақ


Зоя Нарымбаева, сотталған Ермек Нарымбаевтың зайыбы. Алматы, 28 қыркүйек 2010 жыл
Зоя Нарымбаева, сотталған Ермек Нарымбаевтың зайыбы. Алматы, 28 қыркүйек 2010 жыл

40 күнге жуық уақыт түрмеде аштық жариялап жатқан Ермек Нарымбаев өз талаптары орындалмаса осындай соңғы амалға көшетінін мәлімдеді. Ал түзету мекемесінің басшылығы мен қылмыстық атқару жүйесі комитетіндегілер бұл мәлімдемеге қатысты жұмған ауыздарын ашпай отыр.


СОҢҒЫ АМАЛ

Төрт жылға сотталған Ермек Нарымбаев тамыздың 20-сынан бер аштық жариялап жатыр. Бұл туралы оның әйелі Зоя хабарлап отыр.
Сейсенбі, қыркүйектің 28-і күні Зоя күйеуінің көпшілікке арнаған ашық хатын жеткізді. Онда Нарымбаев өз талабын орындату үшін радикалды қадамға баратындығын айтқан.

- Мен ауызымды жіппен тігіп тастап, абсолютті аштыққа көшуге ниетім бар. Осылайша мен өз кәнісіздігімді дәлелдеудің жолында алған бетімнен қайтпайтындығымды көрсеткім келеді, - деп жазған Ермек Нарымбаев түзету мекемесінен жолдаған хатында.

Естеріңізде болса, «Арман» қозғалысының жетекшісі қазір Шығыс Қазақстандағы 156/18 жалпы режимдегі түзету мекемесінде жатыр. 40 күнге жуық аштық жариялап жатқан оның денсаулығы сыр бере бастаған дейді Зоя Нарымбаева.

- Ол қатты әлсіреп қалыпты. Осылай жалғаса берсе инсульт алу қаупі бар. Соңғы екі апта бойы төсектен тұрмай жатыр екен. Тұрса басы айналып, денесінен күш кететіндігін айтты. Бұған қоса үнемі басы мен жүрегі ауырады, - деді Зоя.

КҮМӘНДІ БЕЙНЕЖАЗБА

Ермек Нарымбаев қыркүйектің 10-да Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының Солнечный елді мекеніндегі түзету мекемесіне жетісімен ешқандай дәрі қабылдамайтындығын мәлімдеп, арыз жазған. Қазір тек қана су ішіп келеді. Нарымбаев қазір колонияның санитарлық бөлімінде жатыр. Өз күйеуінің денсаулығы мен өміріне алаңдаған Зоя Нарымбаева, билік Ермек Нарымбаевтың талаптарына құлақ асуы қажет деп санайды.
Амангелді Нарымбаева, сотталған Ермек Нарымбаевтың анасы. Алматы, 28 қыркүйек 2010 жыл

- Ол мүмкін емес істерді талап етіп отырған жоқ. Ол тек өз құқығының сақталуын талап етіп отыр. Ол тек өзіне қатысты айыпты дәлелдейтін бейнетаспаны көрсету мен аппеляциялық сот өткізуді талап етіп отыр. Сот осы бейнетаспаның негізінде Ермекті айыпты деп тапты. Олардың сөзінше бейнежазбада Ермектің судьяға тіл тигізгені бейнеленген. Бірақ, оны сотта көрсеткен жоқ. Себебі ол бейнежазбада Ермек судьяның шамына тиетіндей ешнәрсе айтпаған болатын. Шындықты жасыру үшін олар бейнежазбаны тығып отыр. Егер билік осы аталған жайттарды орындауға келісім берсе, адамның өміріне қауіп төнбес еді, - дейді Зоя Нарымбаева.

КҮШІНДЕ ҚАЛҒАН ҮКІМ

«Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев биылғы мамырдың 1-інде Алматыда өткен демократиялық күштердің жиынында «Назарбаев, кет!» деп ұран тастаған еді. Одан кейін жиынды өткізуге кедергі жасаған полицияның іс-әрекетіне наразылық ретінде аштық жариялады. Бірақ сол күні кешке оны полиция ұстап алып кетті.

Полиция үстінен әкімшілік іс қозғап, тәртіп бұзған деп танылған Ермек Нарымбаевты мамырдың 2-і күні Алматы әкімшілік соты 15 тәулікке абақтыға қамау туралы шешім шығарды.

Ал кейіннен қамауда отырған оппозициялық қозғалыс жетекшісі билікке қарсы қылмыс жасаған күдіктіге айналды. Бұл жолы оған «сотқа құрмет көрсетпеді» және «полицейлерге қарсыласып күш көрсетті» деген айыптар тағылды. Осы екі айыптау біріктіріліп, мамырдың 14-і күні Нарымбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған-ды.

Істі екі күннің ішінде қарап, маусымның 26-сы күні Алматының Бостандық аудандық соты Ермек Нарымбаевты төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Тамыздың 11-і күні Ермек Нарымбаевтың апелляциялық шағымын қараған Алматы қалалық соты алғашқы инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды.
XS
SM
MD
LG