Accessibility links

Достум достықпен оралды ма?


Ауғанстан тәуелсіз сайлау комиссиясының мүшелері соңғы дайындық жұмыстарын жүргізуде. Герат, 19 тамыз, 2009
Ауғанстан тәуелсіз сайлау комиссиясының мүшелері соңғы дайындық жұмыстарын жүргізуде. Герат, 19 тамыз, 2009

Ауғанстанның пәрменді дала қолбасшыларының бірі болған генерал Рашид Достумның президенттік сайлау алдында елге оралуы түрліші пікірлер туындатып отыр.

Ауғанстанның Ширберған қаласының шамамен 10 мыңдай тұрғыны тамыздың 17-де бас қосқан еді.

Бір жылдай Түркияда қуғында болған генерал Рашид Достум жиналғандарға арнап сөз сөйледі. Бұл жолы елде тұрақты тұруға келгенін айтты.

Сондай-ақ ол 20-тамыздағы президенттік сайлауда дауыстарын президент Хамид Қарзайға беруге өз жақтастарын шақырды.

Достумның жақтастары бұдан бұрынғы мәлімдемелерінде, егер генералдың елге оралуына рұқсат берілмесе, өздерінің сайлауға қатыспайтындарын айтқан болатын.

Достум өз қарсыласы, өзбек текті саяси қайраткер Акбар Байға қарсы жүргізген күш қолданулары үшін айыпталып, Түркияға қуылған еді.

Достум биылғы шілде айында жүргізілген сауалнама барысында елде ең төменгі орынды иеленген болатын.

Осы 20 тамыздағы сайлау қарсаңында жүргізілген сауалнамалардың барлығында президент Хамид Қарзай алда келіп, шамамен 45 пайыздай дауысқа ие болған еді.

Алайда алғашқы сайлау кезеңінде толық жеңіске жету үшін үміткер 51 пайыз дауысқа ие болуы шарт.

Мұндай жағдайда Достум жақтастарының қолдауы Қарзай жеңісінде шешуші рөл атқарар еді.

2004 жылғы президенттік сайлауда Достум жалпы сайлаушылардың 10 пайыз дауысын алған болатын.

Достум сондай-ақ жақтастарына айтқан пікірлері қатарында алдағы 6 жыл ішінде саяси партия құрмақ ниетінің бар екендігін мәлімдеді.

55 жасар бұл коммунист генерал 1990-шы жылдардың орта шенінде болған түрлі соғыстар барысында әртүрлі күштерді қолдап, біресе бір жаққа, біресе келесі жаққа шығып жүрді.

1998 жылы билікке келген Талибан жасағы ғана оны шетке қуғынға айдаған еді.

Ал, Достум өз кезегінде 2001 жылы елге оралып, Талибан билігін құлатуда айрықша рөл атқарды.

Халықаралық құқық қорғаушылар болса, сол жолы талибандық тұтқындарды аяусыз қырды деп Достумды айыптауда.

Генералдың 16 тамызда елге қайтып оралуы Батыс тарапынан қарсылық туындатып отыр.

Бұған орай тамыздың 17-де жарияланған АҚШ-тың Кабулдағы елшілігі мәлімдемесінде былай делінген:

-Біз Достумның бүгінгі Ауғанстан өміріне араласуы мүмкін екендігіне байланысты терең алаңдаушылығымызды Ауған үкіметіне нақты түрде білдірген едік.

Алайда, президент Қарзайдың өкілі Сиамак Херавидің Азаттық радиосына айтуынша, Достумның шетелдегі сапарынан елге қайта оралуына толық құқы болды. Тіпті ол енді президент кеңсесіндегі өзінің әскери қызметіне кірісе алады,-деген еді өкіл.

Қарзай оппоненттерінің пікірінше, мұның өзі Хамид Қарзайдың кез-келген тәсілдерді пайдалана отырып, билікте одан әрі қала бергісі келетінін білдіреді.

-Ауған халқы Қарзайдың мұндай лас саясатын түсінді. Сонықтан ондай тұлғалардан қорқып өмір сүргілері келмейтінін президент түсінуі тиіс,- деген еді президенттіктен үміткер Ашраф Ғанидің жақтастары.
XS
SM
MD
LG