Accessibility links

Австрияда тыңшылық етті, адам ұрлағысы келді деп күдіктелетін қазақ азаматының соты болады


Австрия полициясының қызметкерлері Вена қаласының көшесінде.

Австрия полициясының қызметкерлері Вена қаласының көшесінде.

Қазақстанның құпия қызметінің мүшесі деп күдіктелген адам қыркүйек айында Австрияда сотқа тартылады. Австрия прокуратурасы тергеудегі ол адам өткен жылы қыркүйек айында Венада Әлнұр Мұсаевты ұрламақ болды деп күдіктеліп отыр деген.

Франс-пресс ақпарат агенттігіне Вена прокуратурасының өкілі Герхард Ярош күдіктіге шетелдің тапсырмасы бойынша адам ұрламақ болды деген айып тағылып отырғанын айтқан. Қазір қамауда отырған Ильдар А. деген азамат айыпты деп табылса, оған 20 жылға дейін түрме жазасы берілуі мүмкін.

Бұл күдікті басқа да кісі ұрлау әрекеттеріне қатысты делініп отыр. Күдіктілердің мақсаты - Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің қай жерде екенін анықтау болған.

Австрияда саяси босқын мәртебелерін алған Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев үзеңгілес адамдар. Мұсаев Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік комитетін 1997 жылдан 2001 жылға дейін басқарды. Ал бұл кезде Рахат Әлиев сыртқы істер министрінің орынбасары, одан кейін Қазақстанның Австриядағы елшісі болды.

2008 жылдың наурызында Қазақстанның әскери соты бұл екі азаматқа төңкеріс жасамақ болды деп 20 жылдан түрме жазасын берген.

Бірақ бұрынғы қайын атасы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен араздасып жүрген 46-жасар Рахат Әлиев өзінің президенттік сайлауға түсу мүмкіндігі туралы айтқан соң саяси құрбанға айналғанын мәлімдейді.

Қазақстан тарабы Рахат Әлиев туралы ақпарат алу үшін австриялық саясаткерлерді айналдырып келеді деп айыпталып отыр.
Австрияның екі полиция қызметкері заңсыз түрде Әлиевтің мекен-жайын анықтау үшін полицияның ақпарат жүйесіне кірген деген күдікпен қызметтен аластатылды.

Қазақстанның құпия қызметінің іс-әрекеттері туралы мәселе Австрия парламентінде көтеріліп келеді.

Австриялық ақпарат құралдары парламенттегі Бостандық партиясының бас хатшысы Харальд Филимски Қазақстанның құпия қызметінің «қолжаулығына» айналып кетпеді ме деген күдікке ілінгенін жазуда. Ол парламентте үш мәрте Рахат Әлиевке қатысты депутаттық сауал жолдаған соң, ондағы ақпараттарды Қазақстанның құпия қызметінен алған болуы мүмкін деген күдікке қалып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG