Accessibility links

Тергеуші ҚТЖ-ның бұрынғы бастығына қарсы куәлік беруге мәжбүрледі дейді куәгер


Сарыарқа аудандық 2-ші сотының ғимараты, Астана, 29 қыркүйек, 2008 жыл
Сарыарқа аудандық 2-ші сотының ғимараты, Астана, 29 қыркүйек, 2008 жыл

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының бұрынғы бастығы Жақсыбек Күлекеевке қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша куәлік етуші кәсіпкер Ярмахамбет Мыргыясов журналистерге қаржы полициясының тергеушілері компанияның қызметкерлері мен өзіне қысым жасағаны жөнінде мәлімдеді.

-Сәуір айының басында Күлекеев тұтқындала салысымен мағанТараздың экономикалық және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінен тергеушілер келді. Олардың бірі тіпті менің компаниям ҚТЖ-ның басшылығына пара берді деп айт деген "өтініш" жасады. Бұның сыртында егер мен осылай деп куәлік берсем, бұдан былай менің кәсіпорныма қатысты ешқандай ескерту жасамаймыз деп ашық айтты,- деді Мыргясов 29 қыркүйек күні Астана қаласындағы 2-ші Сарыарқа аудандық сотының мәжілісінен шыққаннан кейін.

Ярмахамет Мыргыясов бұрын "Запчасть" акционерлік қоғамы және "Молдашев и К" ЖСС деп аталған қазіргі "Тараз механика-құю зауыты" ЖСС-ын басқарады. Осы компания "Қазақстан темір жолын" жеңіл аутокөліктермен қамтамасыз ету тендерін жеңіп алған болатын.
Кәсіпкердің сөзіне қраағанда, мұндай қысым оның бухгалетеріне де жасалған.
Ешқандай санкциясыз оны түнгі сағат екіге дейін ұстап, соңынан бір апта бойына мазасын алып, қайта-қайта шақырып, бірнеше сағаттап ұстайтын деген кәсіпкер:
-Мен қаржы полициясының орталық аппаратына осы жайттар турасында ресми хат жолдаған едім, бірақ олардан маған бұл әрекеттің бәрі де заң аясында жасалды деген жауап келді. Сірә біздің заңдарымыз сондай болса керек,- деп қорытындылайды куәгер өз сөзін.

Ал бұл аралықта соттың кезекті мәжілісі - айыпталушы Күлекеевке қарсы пара алды деген айып тағуға куәлік жауабы басты негіз болған куәгер, ҚТЖ-ның мемлекеттік сатып алу ісі бойынша директоры Руслан Местоевтың адвокатының өтінішін оқудан басталды.
Прокурор Еркін Шәріповтың хабарлауынша, куәгердің адвокаты Ермек Бектасов соттың басты куә Местоевты жауапқа шақырмауын сұрап отырғанын жеткізді.
-Қылмыстық кодексте куәгердің берген жауабын ерекше жағдайда тыңдауға мүмкіндік беру қарастырылған,- деп атап көрсетті ол.

Еске сала кетейік, Местоев сотқа келе алмайды. Оның адвокатының айтуынша, денсаулығына байланысты операция жасалғандықтан, ол ем қабылдауда.

Бұдан кейін Жақсыбек Күлекеевтің қорғаушысының өкілі басты куәгер Руслан Местоевтың жауабынсыз сот мәжілісін жалғастыра беруге келісім берді.
-Менің ойымша, Местоев куәлік жауабын мүлде бермейтін сияқты. Сондықтан өз қорғауымдағы адамның мүддесі үшін, демек сот процесін одан әрі созып, Күлекеевтің түрмедегі уақытын ұзарта бермей, бұл мәселені сіздердің қарауларыңызға қалдырдым,- деді ҚТЖ компаниясының бұрынғы президентінің адвокаты Сәлімжан Мусин.

Дегенмен де, аталған іс бойынша сот ісіне төрағалық етуші судья Нұрлан Жолдасбеков әзірге бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылдаған жоқ. Есесіне ол прокуратураның куәгерлер - Руслан Местоев пен Кенжеболат Такеевтің 3 қазанда болатын сот отырысына келуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Кенжеболат Такеев тергеу материалдары бойынша, Жақсыбек Күлекеев 100 мың доллар пара талап етті-мыс делінетін "Бекет АСТ" фирмасының өкілі ретінде өтеді.

Сондай-ақ соттың келесі отырысында экономикалық және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес агенттігінің техникалық қамтамасыз ету бөлімінің қызметкерлерінен жауап алынатыны белгілі болды.

-Сот өз бастамасымен куәлік жауабын алуға дыбыс жазу аппаратын беру шарасына қатысы болғандықтан, экономикалық және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес агенттігінің техникалық қамтамасыз ету бөлімінің қызметкері Шаймерденовты шақырады,-деді судья Нұрлан Жолдасбеков.

Сәлімжан Мусин қаржы полициясының қызметкері мүдделі адам болып есептеледі деп, судьяның бұл шешіміне наразылық білдірді.

-Біз аталған адам ресми қызметкер ретінде тергеу әрекетіне қатысу барысында қылмыстық кодекс талаптарын бұзғандығын мойындай қояды деп ойламаймыз,- деді адвокат.

Алайда судья техникалық қызметкердің сотқа келуін үзілді-кесілді талап еткен соң, Сәлімжан Мусин қаржы полициясы техникалық қамтамасыз ету бөлімінің тағы бір қызметкері – Баешев дегенді шақыру қажеттігін алға тартты.

ҚТЖ-ның бұрынғы бастығы Жақсыбек Күлекеевке қарсы сот ісі 25 тамызда басталған болатын. Оған төрт факті бойынша қылмыс айыбы тағылып отыр: 100 мың доллар көлемінде пара алды деген және қызмет бабын асыра пайдаланды деген үш бірдей айып.
ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеев осы жылдың 1 сәуірінде ұсталған болатын.
Күлекев өзіне тағылып отырған айыптармен келіспейді.


XS
SM
MD
LG