Accessibility links

Ағайынды Байсақовтардың інісі Асанәлі Жекебаев Аустрия түрмесінен босатылды


Ағайынды Байсақовтардың немере інісі - Асанәлі Жекебаевты Вена сот ешбір кепілдіксіз түрмеден босатты. А.Жекебаевтың өзі Ақорданың таққан айыбының астарында саясат жатыр дейді.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Асанәлі Қазақстан жағынан сұрауымен және Интерпол жүйесі бойынша 9 қараша күні Аустрия астанасы - Вена әуежайында тұтқындалып, осы күнге дейін Вена абақтысында отырды.

Қазақстан соты кісі өлтіруге қатысы бар деген айыппен А.Жекебаевты 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, ол түрмеден денсаулығына байланысты 2006 жылы босатылған болатын. Бостандыққа шығысымен ол Қазақстаннан кетіп, өзінің жақын туыстары әрі оппозиция белсенділері болған ағайынды Есентай және Жұмабай Байсақовтарға саяси баспана берілген Украинада дәл сондай мәртебе алды. Ағайындылардың Семейде және Павлодарда үлкен жеке бизнесі болды, Ғалымжан Жақияновтың оппозициядағы ісін қолдап жүрді.

Алайда арада 2 жыл өткенде Қазақстан үкіметі павлодарлық кәсіпкер Борис Костановты өлтіруге қатысты ескі қылмыстық іс бойынша Асанәлі Жекебаевқа қайтадан іздеу жариялады. А.Жекебаевтың туыс-тамырлары бұл қылмыстық істі қолдан жасалған, оның астарында саяси мүдде жатыр деп есептейді.

17 желтоқсан күні Венадағы соттың мәжілісінде, әзірше, Асанәлі Жекебаевты абақтыда ұстау мәселесі қаралды. Азаттық радиосына А.Жекебаевтың жақын тамыры хабарлағандай, Венадағы сот оны ешбір кепілдіксіз босату туралы шешім қабылдады.

Аты-жөнін жариялағысы келмеген бұл азамат бізге берген сұхбатында мәлімдегендей, Вена соты кісіні тұтқында ұстау үшін “оның қылмысына деген бұлтартпайтын күдік болуы керек” деген Аустрия заңдарының ережелерін басшылыққа алды. Вена соты кәсіпкер Б.Костановты өлтіруге қатысты істегі ең басты күдікті болған Максим Лысыхты Ресей сотының біржола ақтағанын негізге алды.

Қазақстан жағының ресми өкілдері 17 желтоқсан күні Венада өткен сотқа қатыспады. Бірақ А.Жекебаевты ұстап беруге қажетті материалдарды сотқа ұсыныпты.

Венадағы сот мәжілісінен кейін Азаттыққа телефон арқылы Асанәлі Жекебаевтың өзі айтқандай, “жүздеген беттен тұратын әлгі құжаттарды Қазақстан жағының айналдырған 2-3 күннің ішінде неміс тіліне тез аударып үлгергеніне Аустрия жағы аң-таң қалыпты”.

Әйтсе де А.Жекебаев өзіне тағылып отырған айыптың мазмұны бойынша бірлі-жарым түсініктеме бермей, бұл қылмыстық істің астарынан 2001 жылдан бері жалғасқан саяси мүддені көріп отырғанын айтумен шектелді.

Қазір Асанәлі Жекебаевқа Қазақстан азаматының паспорты қайтарылып, оның мәселесі Аустрия сотында жаңа жылдан кейін қаңтар айында қаралуға тиіс.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG