Accessibility links

Атыраудың денсаулық сақтау саласының өзі емдеуді қажет етеді


Атырау облыстық ауруханасы, прокурор:Tегін дәрігерлік қызмет үшін ақы алатындардың көбі осында, 4 желтоқсан, 2008 жыл
Атырау облыстық ауруханасы, прокурор:Tегін дәрігерлік қызмет үшін ақы алатындардың көбі осында, 4 желтоқсан, 2008 жыл

Өткен он айдың ішінде Атырау облысында дәрігерлерге қатысты 39 әкімшілік іс қозғалып, 300-ден астам медицина қызметкеріне айыппұл салынған.

Ал, облыста бар болғаны 1200 дәрігер бар екенін ескерсек, онда әрбір төртінші дәрігер жазаға тартылған деген сөз. Не үшін? Денсаулық сақтау саласындағы осы және басқа да «кепілдендірілген тегін және ақылы медициналық көмек» көрсетудегі заңсыздықтар таяуда өткен облыстық прокуратура коллегиясында сөз болды.

Прокурордың мәліметіне сүйенсек, қала мен облыс аумағындағы перзентханалар, жұқпалы аурулар емханасы, көз аурулары, психиатрлық жүйке-тамырлары ауруханасы, туберкулезге қарсы күрес диспансері, балалар емханасы тәрізді ондаған негізгі сауықтыру мекемелеріндегі соңғы бір жарым жыл ішіндегі жұмыс қорытындысы Атыраудағы денсаулық сақтау саласының өзіне ем қажет ететіндігін көрсетті.
Аурухана қабырғасын президенттің "қанатты сөздерінің" бірі әшекейлеп тұр.


Прокурорлық бұл тексеру онсыз да дімкәс облыстық медицина саласының былық пен шылыққа толы екендігін нақты айғақтармен анықтады. Оның өзінде прокурордың айтуынша, бұл тексерулер жаппай емес, іріктеп жүргізілген көрінеді. Әсіресе, үкімет бекіткен «Кепілдендірілген тегін медициналық көмек» іс жүзінде ақылы түрде жүргізіліп, дәрігерлердің майшелпегіне айналыпты.
Облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Мұрат Құлбасов болса «кез-келген денсаулық сақтау мекемесінде тегін және ақылы қызмет көрсету жөнінде ереже ілінген. Ал оның орындалмауы аурулардың немесе дәрігерлердің заңды дұрыс білмегендіктерінен» деп ақталуда. М.Құлбасовтың айтуынша 2007 жылы дәрі-дәрмектер сатып алуға 190 млн. теңге бөлінген. Жыл сайын қаржыландыру көлемі артып келе жатқанымен, ақша бәрібір жетпейді.

Алайда облыс прокуроры Дастан Сартаев: - Ішінара тексерудің өзі 16 млн. теңгенің мақсатсыз пайдаланғанын көрсетті, - дейді.

Коллегияда сөйлеген құқықтық статистика басқармасының бастығы Аталық Борашев иығы сынып, жарақаттану бөліміне келген жасөспірімнің алғашқы жәрдемді бір жарым сөтке тосқанын өз көзімен көргенін баяндады.

Айта берсек, мұндай фактілер жетіп артылады. Мәселен, Мақат ауданы, Доссор поселкелік ауруханасында А.Садықова есімді жүкті әйел перзентхана және облыстық аурухана дәрігерлерінің қателігінен көз жұмған. Ал Б.Тұрсыноваға дәрігерлік көмек дер көзінде көрсетілмей, баланың операциялық жолмен тездетіп алынбауы салдарынан құрсақтағы сәбидің өліміне алып келген. Бұдан басқа да себепсіз ақы талап ету, кепілді дәрі-дәрмектер бола тұра, дәрі-дәрмекті аурулардың өздерінің сатып алулары, медициналық көмектің дұрыс көрсетілмеуі тәрізді ел үйренген жәйттар баяндалды.

Сондай-ақ прокурордың айтуынша, туберкулез ауруханасынан аурулар ақша талап етілетіндіктен қашатын көрінеді. Ал Атырау облысының туберкулез ауруынан бірінші орында тұрғаны белгілі. Облыста жыл сайын 100-ге тарта адам өкпе ауруынан қайтыс болады.2007 жылғы мәліметке сәйкес туберкулез жөнінде республика бойынша алғанда 100 мың адамға шаққанда 127 адамнан келсе, облыс бойынша 180 адамнан келетіні жарияланған болатын. Осы ауруға шалдыққан 400- ге жуық жуық баланың 50 пайызы оны ауру туысқандарынан жұқтырғаны да анықталған еді.

- Сөздің қысқасы, Атырау облыстық денсаулық сақтау департаментінде сау жер жоқ, - деп түйіндеді прокурор Д.Сартаев. - Аталған жәйттар тек кейбір емдеу мекемелерін тексеру барысында ғана анықталды.

Ал жаппай зерттеу жасалса қорытынды қандай болмақ?
Қызылқоға аудандық ауруханасындағы кезек күтуші науқастар.


Расына келгенде, Атырау облысының денсаулық сақтау саласының мүсәпір халіне облыс жұртшылығының еті үйренген. Олар бастары ауыра қалса, облыстағы дәрігерлерден гөрі Алматыға немесе іргедегі Ақтөбе, Астрахань қалаларына барып көрінуді өмірлері үшін қауіпсіз деп есептейді. Бұған астрахандық дәрігерлер де дәндеп алған. Әсіресе, Ресейдегі Астрахань облыстық Александров ауруханасы деп аталатын мекеме атыраулықтарды құшақ жайып қарсы алып, емдеу бағасын өзге мемлекеттен, әрі бай Атыраудан келіп тұр деп есептеп, 2 есе асыра айтып, қалталарын қампитып жатыр.

Денсаулық сақтау саласының бейшаралығы облыс әкімі Бергей Рысқалиев үшін де жаңалық емес. Осы жылдың мамыр айында ғана әкім облыстағы дәрігерлерді жинап, мынадай мәліметтерді тізбелеген еді:

«Ана мен бала өлімі жөнінде облыс алдыңғы қатарда. Аймақтағы әйел адамдардың тек 26 пайызы ғана маммографиялық тексеруден өткен. 11 әйел созылмалы аурудан қайтыс болып отыр. Шетінеген сәбилердің 40 пайызы облыстық перзентханада көз жұмады. Жұқпалы аурулар ауруханасында 11 сәби шетінеп, бір тәулікте 4 бала қайтыс болған. Соңғы екі жылда 14 жасқа жетпеген 24 бала өлімі тіркелген. Кейбір емханаларда үйге шақырған дәрігерлер барудан бас тартып, телефонмен кеңес беретін көрінеді».

Айтылуы айтылғанмен шыққан қорытынды жоқ

Атырау облысы бойынша денсаулық сақтауға арналған қаржы 2008 жылы 50 пайызға артып, жалпы көлемі 12 млрдтан астам қаражат бөлініпті. Әйтсе де бұл қыруар қаржы өз орнын тауып жатыр деп ауыз толтырып айтуға әлі ерте секілді. Бұған облыс әкімі Б.Рысқалиевтың өзі қазан айында қаладағы құрылыстарға шолуы барысында көз жеткізгендей болған.

Мәселен, сол жолы Атыраудың «ескі әуежай» аумағынан салынады деп жоспарланып, шұңқыры қазылып, 25 млн. теңге қаражат жұмсалып үлгерген облыстық инфекция ауруханасы құрылысы топырағы жарамсыз, әрі халық тығыз орналасқан аймақта екендігі анықталып, құрылыс басқа жаққа көшірілгені белгілі болған еді. Сөйтсе де, желге ұшқан миллион теңгелерді әлі сұраған ешкім жоқ.. Далада жатқан ақша жоқ болар деп құрылыс басқармасынан білмек болған әрекетімізден де ешнәрсе шықпады.Құрылыс басқармасы басшысы З.Мәненов сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

Бұл мәселе жайлы «Азат» партиясының Атыраудағы филиал жетекшісі Жалғас Тікенбаев ақшаны бұлай оңды-солды шашқанша оқуға құштарлығы бар, бірақ ақшасы жоқ ауылдың балаларын Ресейге немесе шет елдерге жіберіп оқыту керек деп санайды.

- «Аджип» немесе басқа бір ірі компания денсаулық сақтау саласына қымбат жабдық алып береді немесе аурухана салуға ақша бөледі. Олар өз кезегінде біз бердік деп жар салады, әкімшілік алдық деп айғайлайды. Жұмыс осымен тынады. Ал сол қымбат медициналық жабдық сол күйі тұрады. Себебі оны пайдалана білетін маман-кадр жоқ. Адам факторын кез-келген қымбат жабдық алмастыра алмайды. Енді сіз бен біз аман болсақ, 10 жыл өткен соң жолықсақ та ештеңе өзгермес деп ойлаймын, - дейді.

Әкімнің баяндамасына сүйенсек, облыста 13 медицина мекемесін алдағы екі жылда салып бітіру жоспарланған. Оның ішінде 1 перзентхана, аудандарда салынады деп есептелген 3 туберкулез ауруханасы, 6 инфекциялық емхана бар. Бірақ мұнда кім жұмыс істейтіні белгісіз. Өйткені, облысқа 350 дәрігер жетіспейді.


XS
SM
MD
LG