Accessibility links

Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкету әрекетіне қатысты сот аяқталды


Әлнұр Мұсаев, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы

Әлнұр Мұсаев, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы

Тамыздың 26-сында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкетпек болған әрекетке қатысты Австрияда қозғалған қылмыстық іс аяқталды. Бұл оқиға арнайы қызмет орындарының Рахат Әлиевті қолға түсіру үшін жасаған айла-шарғыларымен байланысты деп айтылады.

ШЕЛЕК ЖАЛАҒАН СТУДЕНТ

Австрияның «Остеррайх» газеті өткен бейсенбі күні Вена қаласында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкетуге қатысты сот ісі аяқталғанын хабарлайды. Күдіктілердің қатарында бір қазақ студенті бар болып шықты. Ол қылмыс орнына Берлиндегі қазақ елшілігі өкілдерінің тапсырмасын орындау үшін барған. Хабарламада я студенттің, я оның серіктерінің аты-жөндері жазылмаған. Тергеу кезінде анық болғаны – бұл студентке Әлнұр Мұсаевты аңду, оны ұрлап әкетуге болысатын адамдарды табу тапсырылған.

Ұрлау әрекетіне екі словениялық қатысқан. Вена прокуратурасы бұларды қылмысқа қатысы бар деп айыптаған. Ал сот словениялықтарды кінәсіз деп тапты. Әйтпесе екеуі 10-нан 20 жылға дейінгі аралықта жаза мерзімін алуы мүмкін еді. Словениялықтарды ұсақ тонаушылық жасағаны үшін соттап, екі жылға бас бостандықтарынан айырды. Бірақ олар түрмеде сегіз ай ғана жаза өтейді.

АСТАНАША АДАМ ҰРЛАУ

«Остеррайх» газеті шетін шығарған тергеу материалдарына сәйкес, белгісіз үш адам Әлнұр Мұсаевқа 2008 жылы қыркүйектің 22-сінде таңғы тоғыз шамасында, Венадағы үйінен шығып, көлігіне отыра бергенде тап берген. Мұсаев пен оның қасындағы әйел екеуін көлік салонына сүйреп кіргізіп, бас-көз демей төмпештей жөнелген. Әйелдің мұрнын сындырып, Мұсаевтың кеудесіне тапанша тіреген.

Прокурор Ганс-Петер Кронаветтердің мәлімдеуі бойынша, шабуыл жасаушылар Мұсаевты төрт шақырым жердегі Қазақстан елшілігіне алып кетпек болған. Мұсаев пен серігі көліктен сытылып шығып, қашып үлгірген. Тергеу кезінде адам ұрлау операциясын үйлестіріп отырған Нұрлан Әбжанов есімді елшілік қызметкері деген мәлімет пайда болды. Әбжанов дипломатиялық мәртебесін пайдаланып, сотқа тартылмай қалды. Қазақстан үкіметі Әбжановты Австрияға экстрадициялаудан бас тартқан.

Австриялық газет Әбжановтың қазақстандық арнайы қызмет орнында жұмыс істейтінін, 2009 жылғы наурызда оны елге кері шақырып алғанын айтады. Сотталған қазақ студенті Әбжановтың тапсырмасы бойынша Мұсаевты аңдығанын мойындап қойған. Бірақ "Әбжановтың арнайы қызмет орындарына қатысы барын білмедім" дегенді айтады. Студенттің адвокаты оны "жеке детективтің тапсырмасы бойынша ашықтан-ашық қимылдаған" деп ақтайды. Адвокаттың ойынша, Мұсаевты ұрлауға қатысқан қазақ студенті Әбжановты ұрлап әкетіп, жасырын түрде Қазақстанға жеткізу туралы жоспардан бейхабар болған.

ҰСТАЛМАЙТЫН ӘЛНҰР

Бұл - Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкетпек болған әрекеттерге қатысты өткен екінші сот. Бірінші мәрте 2010 жылы шілде айында Батысқа қашқан ҰҚК-нің бұрынғы төрағасына үш адам шабуыл жасап, психологиялық қыспаққа алған еді. Бұл іске қатысы соттың аяғына қарай, 2010 жылы қаңтар айында Әлнұр Мұсаев қазақстандық билікпен жасырын келіссөз жүргізіп, австриялық сотқа шешуші фактілерді айтпай қалған. Содан кейін шілдедегі қылмысқа қатысты сотқа тартылған Ильдар А. есімді 61 жасар қазақстандық еліне қайтарылған еді.

Әлнұр Мұсаевқа шабуыл жасауға қатысты бірінші сот кезінде Қазақстанның бас прокуратурасы Мұсаевтың өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі тоқтатып қойған. Ресми түрде "жаңа деректердің табылуына байланысты үш айға тоқтаған". Мұсаевты екінші мәрте ұрлап әкетпек болған сот шешімі шыққан соң бұл көптомдық істің қанша уақыт қозғалмай жататыны белгісіз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG