Accessibility links

Әзірбайжанда президенттік мерзім шектеуін жоюға қатысты референдум өткізіледі


Әзірбайжан президенті Илхам Алиев.
Әзірбайжан президенті Илхам Алиев.

Наурыздың 18-де Әзірбайжанда президенттік мерзімге қатысты шектеулерді алып тастауға бағытталған референдум болады. Сыншылардың пікірінше, бұл шара Алиевтердің 40 жылдық саяси билігін біржолата бекітуге бағытталған.

Мұнайға бай Әзірбайжан экономикасы соңғы жылдары қарқынды дамып келді. 2003-2007 жылдары елдің ішкі жалпы өнімі орташа есеппен 20 пайызға өсіп, бұл мемлекет әлемде өте жылдам дамып жатқан елдер қатарына қосылды.

Сәрсенбі күні әзірбайжандықтардан осы даму барысында елді басқарып келе жатқан тұлға президент Илхам Алиевтің шексіз президент сайлауына түсуіне құқық беру керек пе деген сауал сұралады.

Бакудың көптеген тұрғындары бұл сұраққа “иә” деп жауап беретіндерін айтты.

“Әрине мен референдумға барамын. Бұл өте маңызды. Біз президентімізді жақсы көреміз. Алла оған разы болсын. Барлық нәрсе тамаша болады”, - дейді Бакуде тұратын бір әйел.

Ал мына бір қария өзінің мынадай пікірін жеткізді:

“Президент болған басқа адамдардың бәрі алаяқ болғанын білеміз. Бірақ қазір барлығы тамаша, осылай болып жалғаса берсін”.

Келесі бір Баку тұрғыны былай деп мәлімдеді:

“Мен мұны қолдап отырмын. Бұған қарсы дауыс беруге еш негіз жоқ. Бізде ешқандай проблема жоқ. Қазір барлығы бірқалыпты”.

Президент мерізіміне қатысты шектеулерді жою бұрынғы Совет одағында болған Каспий аймағында қолайлы тұрғыдағы түсінікке айналған. Мәселен Орталық Азия елдерінің Совет дәуірінен келе жатқан жетекшілері биліктегі мерзімдерін ұзарту үшін конституциялық шектеулерді жиі өзгерткен.

Бірақ Батысқа өзін демократиялық әріптес ретінде көрсеткісі келетін Әзірбайжан сәрсенбі күні референдум өткізу арқылы келіспеушіліктерді туғызып отыр.

Дүйсенбі күні Еуропа кеңесінің конституциялық мәселелер бойынша кеңесшісі - Венеция комиссиясы Әзірбайжандағы президенттік мерзімге қатысты шектеулерді алып тастау “бұл мемлекеттің демократия жолындағы кері кетуін дәлелдеуі мүмкін” деп атап көрсетті.

Референдум халықтан Конституцияның 29 бабына толықтырулар енгізілуін сұрап отыр. Оның ішінде президент қатарынан тек екі мерзімге ғана сайлана алады деген 101-ші бап та бар. Егер толықтырулар мақұлданса, қазан айында екінші мерзімге сайланған Илхам Алиев 2013 жылдан бастап шексіз мәрте президент сайлауына түсе алады. Бұл сондай-ақ Алиевтер әулетінің билігін тағы ұзартады. Илхам Алиевтің алдында Әзірбайжанды оның әкесі Гейдар Алиев ондаған жылдар бойы басқарған болатын.

Референдумның қолдаушылары президент мерзіміне қатысты шектеулерді алып тастау арқылы мемлекетті тұрақсыздықтан сақтап қаламыз дейді.

Мемлекеттік “Әзірбайжан” басылымының редакторы әрі осы референдумды ұсынған биліктегі “Ени Әзірбайжан” партиясының мүшесі заңгер Бахтияр Садигов былай деп мәлімдеді:

“Әзірбайжан қоғамы саяси көрегендік көрсетіп, сайлау учаскелеріне келіп 29 бапқа енгізілейін деп отырған барлық толықтырулармен танысып болған соң барлық сұрақтаға “иә” деп жауап береді деп сенемін. Ал бейберекеттіктерге жол ашылады деп болжам жасап отырғандардың тағы бір рет көңілі қалады деп күтемін”.

Референдум сауалдары президент мерзіміне байланысты шектеулерге ғана қатысты емес. Сыншылардың айтуынша, ұсынылып отырған кейбір толықтырулар елдегі бұқаралық ақпарат құралдарын одан сайын тұншықтыруға бағытталған.

Егер бұл толықтырулар мақұлданса, мақала жазайын деп жүрген журналистер суретке түсіріп, дауыстарды жазып алу үшін сол тақырыпқа қатысты адамдардан рұқсат алулары керек болады. Ал бұл адам құқықтары жөніндегі Еуропа конвенциясының бұзылуын білдіреді.

Әзірбайжан халқының шамамен 4.9 миллион сайлаушысының кем дегенде 25 пайызы дауыс берсе, референдум заңды өтті деп саналады.
XS
SM
MD
LG