Accessibility links

Қазақстандық 129 жолаушы Тайландта тағы бір тәулік түнеуі мүмкін


Бангкок халықаралық әуежайындағы наразылық шеруі. Тайланд, 25 қараша, 2008 жыл

Бангкок халықаралық әуежайындағы наразылық шеруі. Тайланд, 25 қараша, 2008 жыл

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Тайландтағы халық толқуларының салдарынан Бангкоктан Алматыға ұша алмай жатқан 129 азаматқа жұма күнгі рейстің де жолаушылары қосылатындығын ескертіп, азаматтарды әзірге бұл елге сапарлаудан бас тарта тұруға шақырды.

«Эйр Астана» әуекомпаниясының 129 жолаушысы Бангкокта кем дегенде тағы бір тәулікке қалуы мүмкін. Сәрсенбі күні кешкісін Алматыға ұшуы тиіс қазақстандық ұшақтың сапары Тайланд астанасындағы халық толқуларының салдарынан бір күнге кейінге шегерілген еді. Қарашаның 27-і күні ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың Азаттық радиосына хабарлауынша, ұшақ жолаушыларын Тайландтан шығарудың жай-жапсары бейсенбі күні кешкісін ғана белгілі болады. Сонымен қатар, министрлік өкілі Бангкоктағы қазақстандық жолаушылардың саны алдағы күндері көбейе түсуі мүмкін екендігін ескертті.

- Соңғы рейсте 129 адам болған еді. Ертең жолаушылардың саны ұлғаяды. Өйткені жұма күні тағы бір рейс бар, - деді Ілияс Омаров.

«Эйр Астана» әуекомпаниясы Тайланд пен Қазақстан арасындағы әуе байланысының үзілуін «форс-мажор» деп бағалап отыр. Компанияның халықпен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Тілек Нәбижанның айтуынша, өз уақытымен ұша алмаған жолаушыларға барлық жағдай жасалған.

- KC932 рейсімен Бангкоктан 129 жолаушы ұшу керек болатын. «Эйр Астана» әуе компаниясының өкілдері шет елде қалуға мәжбүр болған жолаушыларға барынша көмек көрсетуге күш салуда. Сонымен қатар, «Эйр Астана» әуе компаниясы Алматы-Бангкок-Алматы бағыты бойынша жолаушылар билеттерін оларды сатып алған орында айыппұлсыз қайтарып алады немесе ұшу күнін ауыстыра алады. Әуе компания клиентінің қолында жазбаша арызы мен билеттің тұпнұсқасы болу керек, - деді компания өкілі.

Бұл уақытта ҚР Сыртқы істер министрлігі тұрғындарды Бангкоктағы халық толқуларына байланысты Тайландқа ұшудан уақытша бас тартуға шақырды.

- Біз Тайландта жүрген немесе сол бағытта жолға шыққан отандастарымызды Бангкоктағы үкіметке қарсы митингтер өтіп жатқан жерлерге, қызыл және сары киімді адамдар топтасқан орындарға жақындамауын сұраймыз. Өйткені Тайландта оппозиция өкілдері сары киім, қазіргі билікті қолдайтындар қызыл киінген, - деді Ілияс Омаров.

Сейсенбі күні түнде Тайланд премьер-министрі Сончат Вонгсаваттың биліктен кетуін талап еткен "Демократия үшін халық альянсы" оппозициялық ұйымы Бангкоктағы “Суварнабуми” атты халықаралық әуежайды басып алып, барлық рейстерді тоқтатқан болатын. Ал сәрсенбі күні әуежайда тіркелген жарылыстан 11 адамның жараланғаны хабарланды.

- Тайландта Қазақстан азаматтарының зардап шеккендігі туралы ешқандай ақпарат түскен жоқ. Сонымен қатар, Бангкоктағы Қазақстан елшілігіне де ешқандай арыз-шағым түспеді, - деді Ілияс Омаров.

Қазіргі күні Тайландта қанша қазақстандық бар екендігін дөп басып ешкім айта алмайды. Өйткені қазақстандық туристер жеңілдетілген жүйе бойынша визаны Бангкок әуежайынан аштырады.

XS
SM
MD
LG