Accessibility links

Башқұртстанды 17 жыл билеген Рахимов «мерзімінен бұрын» орнын босатпақ


Башқұрт президенті Мұртаза Рахимов Ресей үкіметінің басшысымен кездесу кезінде. Уфа, 8 ақпан 2010 ж.

Башқұрт президенті Мұртаза Рахимов Ресей үкіметінің басшысымен кездесу кезінде. Уфа, 8 ақпан 2010 ж.

Башқұрт президенті Мұртаза Рахимов жуық арада президенттік орынтағын босатуы мүмкін. Отставкаға кететіні туралы Рахимов шілденің 12-і күні Мәскеуде Ресей президенті әкімшілігінің жетекшісі Сергей Нарышкинмен болған кездесуде мәлім етіпті.

БИЛІККЕ ЖАС БУЫН КЕЛЕ БАСТАДЫ

Башқұрт президенті Муртаза Рахимов 1993 жылдан бері Башқұрт еліне басшылық етіп келеді. Бүгінде оның республиканың жаңа басшысын тағайындау мәселесін Кремльмен кеңесіп жатқаны мәлім болды. Бұл туралы «Интерфакс» агенттігіне Башқұр президенті әкімшілігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Айрат Мұрзағалеев хабарлады.
Башқұрт президенті М.Рахимов қурай (сыбызғы) ойнап тұр. 27 шілде 2009 ж.

«Мұртаза Рахимов 12 шілде күні Мәскеуде Ресей президенті әкімшілігінің жетекшісі Сергей Нарышкинмен кездесіп, жаңа президенттік мерзімге қалудан бас тартатынын айтты»,- деді Айрат Мұрзағалеев.

Башқұрдстан президенттігіне лайықты үміткерлер ретінде «Лукойл» компаниясының негізін қалаған, осы мекеменің басшысы Ралиф Сафин, «РусГидро» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Рустэм Хамитов және Ресей президенті әкімшілігінің қызметкері Радий Хабиров қарастырылып жатыр деген ақпарат бар.

Сарапшылар Кремльдің ресейлік аймақ басшыларын жаңарту ісі ельциндік дәуірдің ірі екі өкілі - Свердлов облысының губернаторы Эдуард Россель мен Татарстан президенті Мінтемір Шәймиевтен басталғандығын, енді бұл бастаманың аяқсыз қалмайтындығын айтады.

СОЛ БАЯҒЫ БІР СЕБЕП

Бақылаушылардың пікірінше, Муртаза Рахимовтың тағын мерзімінен бұрын босатуына осы елде орын алған сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс түрткі болған, бұл істің басты кейіпкері ретінде президенттің ұлы Орал Рахимовтың есімі жиі аталады.

Маусымның 19-ы күні НТВ телеарнасының эфирінде Орал Рахимов пен тағынан тайдырылған Қырғызстанның президенті Құрманбек Бакиевтің баласы, қазіргі қырғыз үкіметі іздеу салған Максим екеуін салыстырған сюжет көрсетілді.
Башқұрт президенті сол кездегі Ресей басшысымен әңгімелесіп тұр. 11 қазан 2007 ж.

Бұл бағдарламада Орал Рахимов республикалық мұнай өндірісінің бұрынғы иесі кезінде мұнай сатудан түскен пайда 500 миллионнан 3 миллиард АҚШ долларына дейін жеткен деп болжау айтылды.

НТВ-лық «Максимум» бағдарламасының жүргізушісі Орал Рахимовты Башқұрстанның табиғи байлығын бір өзі меншіктеп, парақорлық пен бопсалау арқылы мемлекет мүлкін иеленіп отыр деп айыптады. Осыдан кейін депутаттықтан кеткен Орал Рахимов журналистердің дерегінше, Австрияға қоныс аударған көрінеді.

Ал Башқұртстан президенті Мұртаза Рахимов «Максимум» хабарында айтылған бұл мәліметтерді теріске шығарып, өзінің ар-намысы мен беделіне нұқсан келгенін айтып, НТВ телеарнасын сотқа берді. Бұл туралы шілденің 5-і «Башинформ» республикалық-үкіметтік ресми интернет-ресурсы жария етті.

КРЕМЛЬМЕН ТЕКЕ-ТІРЕС

Соңғы жылдары Мұртаза Рахимовтың көзқарасы Кремльмен келіспей қалуы жиіледі. Өткен жылдың жазында «Московский комсомолец» газетіне берген сұхбатында ол федералдық билікті шектен тыс әміршілдігі үшін сынаған болатын. Бұдан кейін Рахимов отставкаға кетеді деген сөз шығып, кейін басылып қалды.

Сонымен қатар, Мұртаза Рахимов маусымның 10-11 күндері Уфада өткен башқұрттардың дүниежүзілік құрылтайында республика басшысы болып тағайындалар адамның келімсек болғанын қаламайтынын ашық айтты.
Башқұрт президенті орта мектепті аралап жүр. 14 қаңтар 2010 ж.

«Біз өзіміздің ішкі мәселемізді өзіміз де шеше аламыз. Сырттан келген бөтен адамның башқұрт елінің басшысы болуы, бұл - тұтас бір ұлтты қорлау», - деп мәлімдеген еді сол кезде Рахимов.

Ал Мәскеудегі Карнеги орталығының қызметкері Николай Петровтың айтуынша, бұл сөз Рахимовты биліктен тайдыру жолындағы Мәскеу мен Уфа арасындағы ұзаққа созылған теке-тіресті күшейте түскен.

«Осыдан кейін екі жақтың қатынасы шиеленісіп кетті. Рахимов өзі мен отбасы туралы сын мақалалар орталық басылымдарда көптеп жарық көрді, дау тіпті сотқа да жетті. Ал қазір Орал Рахимов елден кеткен соң Рахимовтар кланы биліктен айрылады деген сыбыс шықты»,- дейді «Азат Еуропа»/«Азаттық радиосының» Орыс қызметіне берген сұхбатында Николай Петров.

КЕЛЕСІ ПРЕЗИДЕНТ КІМ БОЛАДЫ?

Башкұрт саясаттанушысы Альберт Мифтахов «Азат Еуропа»/«Азаттық радиосының» орыс қызметіне берген сұхбатында Муртаза Рахимовтың мерзімінен бұрын отставкаға кету мәселесі шешілгенін айтады және осы орынға лайықты үміткерлердің де есімін атап берді: Рахимовпен сөзге келіп қалған республика президенті әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Радий Хабиров және «РусГидро» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Рустэм Хамитов.

- Кадр саясаты көп өзгеріске ұшырамақ, мұндай жағдайды экономикаға да қатысты айтуға болады. Бірақ, олар бізде бәрі жақсы деп жалғанға жар сала мақтанғаннан гөрі нақты іспен айналысады деп үміттенемін. Ұлттық саясатқа да назар аударылады. Мен Башқұр елі саяси және экономикалық жағынан да ресейлік жүйеге әбден сіңісіп кететіндігіне сенімдімін. Өйткені біздің қазіргі күйіміз анклав секілді болып отырмыз»,- дейді Альберт Мифтахов.

Мұртаза Рахимов 1993 жылдан бері Башқұрт еліне президенттік етіп келеді. 1998 және 2003 жылдары президенттікке қатарынан екі рет қайта сайланған оны 2006 жылы сол кездегі Ресей президенті Владимир Путин төртінші мерзімге қайта ұсынды. Осылайша, ол жылы орнына қайта жайғасып, президенттік өкілеттілігі 2011 жылдың күзінде аяқталуы тиіс болатын. Бірақ, бұл мерзімді күтуге Кремльдің шыдамы жетпеген тәрізді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG