Accessibility links

Тамыздың 8-і күні Бейжіңде 29-шы жазғы Олимпиадасының салтанатты ашылуы болды. Биылғы Олимпиадаға әлем елдерінен 205 құрама команда қатысады деп жоспарланып отыр.

29-шы жазғы Олимпиада ойындарының ашылуы 2008 жылдың 8-ші айының 8-і күнімен сәйкес келіп тұр. Аталған ойынға әлемнің көптеген мемлекеттерінің президенттері мен үкімет басшылары қатысады. Олардың арасында тамыздың 7-сі күні Бейжіңге ресми сапармен барған ҚР-сының президенті Н.Назарбаев та бар. Биыл Қазақстаннан аталған спорт додасына 132 спортшы қатысатын болады деп хабарлады ҚР-сының спорт комитеті төрағасының орынбасары Виктор Абоимов Азаттық тілшісіне берген сұхбатында:
-Бізде 132 спортшы 22 спорттың түрі бойынша лицензияға ие болды. Олар осыдан 1-2 жыл бұрын Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алған болатын. Енді олар әлемнің 11 мыңға жуық спортшыларымен бәсекелесетін болады.
Олимпиададағы алғашқы жарыстар тамыздың 9-ына белгіленген. Онда бокс, суда жүзу, семсерлесу, волейбол, спорт гимнастика және т.б спорт түрлері бойынша әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылар бақ сынасатын болады. Қазақстан бұл жолғы Олимпиадан 10-11 медаль алуға үмітті.
Бұл орайда Өзбекстан мен Қырғызстанның да үміті Қазақстанмен шамалас. Спорт шебері Бек Хадишин Қазақстан негізінен боксшыларына үлкен үміт артып отыр дейді:
- Бокс бойынша 10 лицензияға ие болған қазақстандық боксшылар кемінде 2 алтын, 1 күміс, 3 қола әкеледі деп үміттеніп отырмыз.
Дегенмен Қазақстан биыл Олимпиадада су добы, велотрек, суға секіру, спорттық гимнастика, бессайыс, семсерлесу сияқты спорт түрлері бойынша лицензия ала алмады. Мамандар мұның себебін жаттықтырушылар тарапынан кеткен қателік пен аталған спорт түрлері бойынша спортшылардың физикалық, психологиялық дайындықтарының жетіспеушілігімен байланыстырады.
Алматы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының «Олимпиадалық даярлау орталығының» директоры Құдайберген Қилыбаевтың пікірінше, бұл Қазақстанда аталған спорт түрлерінің дамымағандығын көрсетеді:
-Бізде спорт базалары жетіспейді. Қазір Қазақстанның әр облысына қарасаңыз, тек белгілі бір спорт түрлері, айталық, бокстан, күрестен, штангадан ғана жаттықтырушылар бар. Ал семсерлесу, су добынан, футболдан, т.б. мамандар жоқ. Бұл бүкіл мемлекетке ортақ мәселе. Соны тез арада шешуіміз қажет.
Олимпиада чемпионы, спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров Қазақстанда спорт саласы кеңінен қанат жая алмай кенжелеп қалды деген пікірде. Қазақ спортын дамыту үшін ең әуелі ауылға көңіл бөлу қажет деп есептейді ол:
- Қазақ жастарының дені ауылда. Ал онда спорт залдары жоқ, спорттың дамуы үшін жағдай жоқ. Сол себепті, біз су жағына, хоккейге т.б. ойын түрлеріне бара алмаймыз. Оның үстіне, олардың жаттықтырушылары жоқ. Ауылда тек күрес пен бокс қана. Біз тек осы екі түрімен ғана айналысамыз. Әрбір аудан орталығынан спорт сарайларын салуымыз керек, спорт интернаттары ашылуы керек. Сонда ғана біздің спортымыз дамиды. Ауыл спортын дамытпай, қазақ спортының көсегесі көгермейді.
Бейжің Олимпиадасында алтын медальға ие болған спортшыларға Қазақ үкіметі 250 мың АҚШ долллар көлемінде сыйақы дайындап отыр. Ал күміске қол жеткізген спортшы 150 мың, қолаға ие болған спортшы 75 мың АҚШ доллар көлемінде сыйақыға ие болады. Сондай-ақ, 4-ші, 5-ші және 6-шы орындарға ие болған спортшылар да марапатсыз қалмайды.
Өз кезегінде спортшылармен қатар бапкерлерге де сыйлық тағайындалған. Ақпарат бойынша, жүлдемен оралған шәкірттің жаттықтырушысының жалақысы 1500 доллларға дейін көтерілетін болады.
16 күнге созылатын Бейжің жазғы Олимпиадасы тамыздың 24-інде аяқталады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG