Accessibility links

Орталық Азия елдеріндегі жемқорлықпен күрес даңғаза декларацияға айналып кетті


Сыбайлас жемқорлық Орталық Азия мемлекеттері өмірінің ажырамас бөлігі болып отыр. Бақылаушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың нәтижесіз болуы биліктің бұған қарсы күресуге ықылас танытпауына байланысты дегенді атап өтеді.

ҚАЗАҚСТАН: ФОРУМДАР ӨТКІЗІЛЕДІ, БАҒДАРЛАМАЛАР ҰСЫНЫЛАДЫ

Қарашаның басында Астанада президенттік «Нұр-Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумы өтті. Форум барысында президент Нұрсұлтан Назарбаев қандай да болмасын лауазымдағы мемлекеттік қызметші орындауға міндетті сегіз әдептілік нормасын белгілеп берді.
Нұрсұлтан Назарбаев шенеуніктерді «мемлекеттік қаржыны өз қалтасындағы ақшамен шатастырмауға», “ Қандай ақшаға өмір сүрудесің?” деген сұрақтан қорықпауға », «қарапайымдылық пен әділдіктің үлгісі болуға» шақырды, әкелік қамқорлықпен «қолыңнан келсе, іш, бірақ ішкілікке салынба» деп кеңес берді, «мемлекет мүддесіне нұқсан келтіріп жатқанын немесе сыбайлас жемқорлық әрекеттің дайындалып жатқанын көрсең, оған жол берме» деген ұсыныс жасады.
Н.Назарбаев коррупцияға қарсы күрес форумында. Астана, 7 қараша, 2008 жыл


Қазақстан - бұрынғы кеңестік республикалар арасындағы «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңды қабылдаған бірінші ел. Кейіннен экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі құрылды, парқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекемелердің бірнешеуі құрылды да, ақырындап сахнадан сырт қалып отырды.

Осы жылдың басында Нұрсұлтан Назарбаев «Сыбайлас жемқорлыққа бағытталған тегеурінді он соққы» бағдарламасын ұсынды.
Бақылаушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тиімді және тұтас жүйенің болмауынан биліктегілер парақорлықпен құбылыс ретінде күресе алмай отыр дегенді ескертеді.

Нұрсұлтан Назарбаев осы жылы сыбайлас жемқорлық мәселесіне жиі оралып отырды. Қазақстандық саясатшы Эдуард Полетаев бұл деректі түсіндіре келіп, демек Қазақстан президентінің осылай жасауға салмақты себептері бар болғанын айтып өтті:
- Сыбайлас жемқорлықтың жаппай бел алуы мемлкеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіруі, ал оның экономикаға ықпалы зиянды болуы мүмкін. Қазір мемлекеттің банкротқа ұшырауы мүмкін деген әңгіме айтылып жатыр. Бұл әңгімелер бос жорамал болуы да ықтимал, алайда бүгінде билік қабылдаған шешімдерді орындауды шұғыл және міндетті деп қабылдап, шындап кірісу қажет. Сыбайлас жемқорлық осы шешімдер баяу қабылданатын тұста жандана түспек. Сондықтан да өздеріне қажет шешімдердің қысқа мерзімде қабылдануын жақтаған адамдардың сұранысы пайда болады. Ал сұраныс бар жерде, міндетті түрде ұсыныс пайда болады. Қазақстан осы жылы сыбайлас жемқорлыққа неге ерекше көңіл бөлді?
2008 жыл - 2007 жылы елді жайлай бастаған қаржы дағдарысынан кейінгі алғашқы жыл.
«Транспэренси Интернэшнл» халықаралық ұйымының бағалауы бойынша, 2008 жылы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық индексі төмен деңгейде қалып отыр. Қазақстан 2008 жылы 180 елдің ішінде 145- орынды Шығыс Тимор елімен бөлісіп отыр.

ҚЫРҒЫЗСТАН: БИЛІК – СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ОРДАСЫ МА?
Бір жағынан, Қырғызстан әлемге митингілер мен қарсылық акциясы жиі өтіп тұратын тұрақсыз мемлекет ретінде белгілі. Президент Құрманбек Бакиев соңғы уақытта біршама саяси тұрақтылыққа қол жеткізді, алайда ол қанша тырысқанымен, елдегі жағдайды толық қалыпқа келген деп айтуға болмайды. Енді бір жағынан, сыбайлас жемқорлық ТМД-ның басқа мемлекеттеріндегідей, бұл елге де тән.
Қырғызстан президенті Құрманбек Бәкиев


«Транспэренси Интернэшнл» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, 2008 жылдың көрсеткішіне сәйкес, Қырғызстан 2008 жылы 180 елдің ішінде 166- орынды иеленіп отыр. Нарықтық реформалардың жоғары қарқыны бұл елде өмір сүру деңгейінінің қарқынын жоғарылата алмады. Қырғызстан әлемдік қауымдастық тарапынан көп жағдайда бұл елді қабылдаудың түсінікті жүйесі бойынша, нарықтық мемлекет ретінде танылғанмен, өкінішке қарай, адамдардың тұрмыс жағдайы төмен.

Қырғыз бақылаушыларының пікірінше, сыбайлас жемқорлық елдің дамуындағы негізгі кедергілердің бірі болып отыр. Ол әсіресе, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, билік құрылымдарында, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау және өнеркәсіп салаларында ерекше байқалады.

Қырғыз саясатшысы Сардор Бирманов, Қырғызстанда билік сыбайлас жемқорлықтың ордасы ретінде қызмет етеді, соған қарамастан қоғамда бұл дерттің емі табылмай отыр:
- Сыбайлас жемқорлық біздің қоғамда қалыпты жағдайға айналды. Азаматтық қоғам адамдардың санасында соңғы онжылдықта қалыптасқан кейбір ойлау мәнерін жоюға қол жеткізу қажет. Бұл ең алдымен, ақшасыз ешқандай мәселені шеше алмайсың деген пікір. Парақорлықты ұрлық және адам өлтіру сияқты қылмыс түрлерімен тең дәрежеде қарастыру қажет. Бүгінде адамдар сыбайлас жемқорлықты қалыпты жағдай деп қабылдайды. Егер адамдардың санасында өзгеріс болмаса бұл дерт қоғамды жайлай береді.

ТӘЖІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ АГЕНТТІККЕ КҮМӘНДАНАДЫ
Тәжікстан «Транспэренси Интернэшнл» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, 180 елдің ішінде 151-ші орында.
Тәлікстан президенті Эмомали Рахмон

Тәжікстан сыбайлас жемқорлықпен күресуге мүдделі мемлекеттік органдарды құруда. Міне екінші жыл Тәжікстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және қаржылық бақылау агенттігі жұмыс істеп жатыр.Бірақ оның жұмысының тиімділігі айтарлықтай емес. Сонымен қатар бұл агенттіктің ел президентіне есеп беруге міндеттілігі ұйымның бағасы мен моноторингісіне үлкен күмән туғызады.

Тәжікстан социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Шокирджон Хакимов Азаттық радиосының тілшісімен болған сұхбатта ел ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа жүйелілік тән екенін айтты:

- Сыбайлас жемқорлық біз өте мұқтаж болып отырған ұлттық экономикамызға шетелдік инвестицияны тартуға кедергі келтіріп отыр. Біздің ел барлық экономикалық көрсеткіштерден аймақ бойынша соңғы орында екені белгілі. Сондықтан да мен парламенттік бақылауды күшейтуді, БАҚ бостандығын қамтамасыз етуді, журналистер өмірінің қауіпсіздігіне кепілдіктің болуы ең басты міндеттердің бірі деп есептеймін. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қаржылық бақылау агенттігінің және құқық қорғау органдарының жұмысы жақсы нәтиже береді деп үміттенбеймін.


ТҮРКІМЕНСТАН: ӨЗГЕРІСТЕРДІ КҮТПЕЙ-АҚ ҚОЙЫҢЫЗ
Түркменстан президенті Гүрбангүлы Бердімұхамедов


“Транспэренси Интернэшнл” Тәжікстандағы жағдайға ұқсас ахуал Түркіменстанда да қалыптасып отырғанын көрсетіп берді. Түркіменстан 180 елдің ішінде 166 –шы орында тұр,- деп жазады.

Біз хабарласқан түркімен сарапшыларының ешқайсысы Азаттық радиосына сыбайлас жемқорлық тақырыбында түсініктеме беруге бата алмады. Алайда Орталық Азиядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдардың айтуынша, Түркіменстандағы авторитарлық билік әлі де бюрократтық жүйеге сүйенеді, сондықтан тек декларативтік шаралар өткізумен шектелуде, сыбайлас жемқорлыққа қатысты ахуал өзгермейді.



ӨЗБЕКСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ТІПТІ СЫРТ КӨЗ ҮШІН ДЕ КҮРЕСПЕЙДІ
“Транспэренси Интернэшнл”-дің рейтингісі бойынша Өзбекстан 180 елдің ішінде 166 –шы орында Түркменстан, Қырғызстан, Камбоджа, Зимбабве елдерімен қатар тұр.
2007 жылмен салыстырғанда Өзбекстан 175 орыннан жылжыды, сөйтіп көрсеткішін жақсартты.
Өзбекстан президенті Ислом Каримов


Ішкі бақылаушылардың айтуынша, Өзбекстанда сыбайлас жемқорлық күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Сарапшылар сыбайлас жемқорлық мемлекеттік органдардың, билік құрылымдарының жұмыстарында, білім беру, ғылым, медицина және сауда салаларында ерекше байқалатынын атап өтуде. Өзбек саясатшысы Ташпулат Юлдашев елдегі бұл кемшілікті жоюға бірнеше жылдар керек болады деп есептейді. Оның айтуынша, Өзбекстанда кез-келген жауапты қызмет үшін берілуге тиіс параның өз бағалары болады. Төмен дәрежедегі шенеунік жоғарыда отырғандарға өзінің сол орны үшін салық төлеп отырады, кейін ол төлемді қарапайым адамдардан заңсыз жиналған қаржыдан толтырады.
Өзбек саясатшысы Ташпулат Юлдашев тіпті елде сыбайлас жемқорлықпен сырт көз үшін де күрес жүргізілмейтінін айтады:

- Елде бұл кесел жоғарыдағы биліктен басталып отыр. Парасыз ешқандай келісім шарттың жасалуы немесе қандай да бір лауазымға қол жеткізу мүмкін емес. Өзбекстанда кеңестік заманда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң болған, 10 жылдан бері ол заң күшін жоғалтты. Тіпті елде бұл дертпен сырт көз үшін де күрес жүргізілмейді. Президент қандай да бір сыбайлас жемқор шенеунікті халық алдында әшкерелейді. Нәтижесінде соңғысы шартты түрде жазаланады. Тыңдаусыз кеткен шенеуніктерді мемлекеттік аппаратан қуып жіберуі мүмкін.

Р. S. Аймақтық бақылаушылардың пікірінше, сыбайлас жемқорлықпен шынайы күрес Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары табандылық танытып, саяси еркіндіктің бар екенін көрсеткен жағдайда ғана басталады. Алайда бұл күрес жергілікті билік үшін өзі отырған бұтақты кескенмен бірдей болайын деп тұр. Сондықтан да сарапшылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы дабыралаған мәліметтер бүгінде тек құры декларация болып табылады деп тұжырымдайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG