Accessibility links

Ресей кешегі коммунистік елдерге тыңшыларын ағылта бастады


Қолға түскен орыс тыңшысын бейнелейтін кинофильмнен алынған көрнекі сурет
Қолға түскен орыс тыңшысын бейнелейтін кинофильмнен алынған көрнекі сурет

Коммунизмнің құрсауы сөгілгелі жиырма жыл өткен соң Ресейдің сыртқы барлау қызметі қазір Еуроодақ пен НАТО-ның мүшесі болып алған кешегі коммунистік елдерде жұмысын күшейте бастаған сыңайлы. Чехияда үлкен лауазымды қызмет атқарған үш бірдей генералдың биліктен кетуіне Ресей жансызы себепкер болғаны жақында анықталды.


«ОРЫС ТЫҢШЫЛАРЫНЫҢ ЖҮРМЕЙТІН ЖЕРІ ЖОҚ»

Орнынан алынғандардың шеніне қараңыз: президент әкімшілігі әскери мәселелер бөлімінің басшысы, Чехияның НАТО-дағы өкілі және қорғаныс министрлігіне қарасты штабтар бастығының орынбасары – бәрі де аса үлкен лауазымды тұлғалар. Жергілікті басылымның жазуына қарағанда, генералдарды тақтан тайдырған мәселе – олардың қол астындағы мемлекеттік мекемелерде Ресей тыңшысы барлаумен айналысып келіпті.

Прагада күнделікті шығатын «Млада Фронта Днес» газетінің мәліметі бойынша, Роберт Рачардзо деген чех есімді әлгі барлаушы елдегі түрмелердің бірінде психолог болып жұмыс істеп келген де, өткен жылы ізім-ғайым жоғалып кеткен. Ол қазір Ресейде жүр деген болжам бар. Басылымның хабарлауынша, осы Рачардзо майор шеніндегі бір әйел азаматпен көңіл жарастырған, ал ол болса әр уақытта жоғарыда айтылған үш генералдың да қарамағында жұмыс істеп шыққан!

Он бірдей орыс тыңшысы АҚШ-та әшкере болып жатқан тұста тараған бұл ақпаратқа Чехия жұртшылығы аса таңырқай қоймады. Чехия сыртқы барлау қызметінің бұрынғы басшысы Карел Рандак болса, ресейліктер чех жерінде бұрыннан-ақ барлаумен айналысып жүр деп санайды.

«Олардың АҚШ-та да, Ұлыбританияда да, тіпті Оңтүстік Америкада да тыңшылықпен айналысып жатқаны аян. Меніңше, олар Чехияны айналып өтпесе керек», - дейді К.Рандак.

ПРАГАДАҒЫ ОРЫС ДИПЛОМАТТАРДЫҢ ҮШТЕН БІРІ - БАРЛАУШЫ

Ресей тыңшысы қандай да бір құнды мәлімет жинай алды ма, жинаса қай көлемде, ол жағы әлі беймәлім. Чех баспасөзінің сөзіне сенсек, бұл адамның тыңшылықпен айналысып жүргенін сыртқы барлау қызметі біраз жыл бұрын-ақ білген.

Әйтеуір осы ақпараттың өзі Ресейдің бұл елде тыңшылық әрекетті күшейткенінен хабар береді. Чех барлау қызметінің долбары бойынша, Прагадағы Ресей дипломаттарының кем дегенде үштен бірі, демек шамамен 60 шақты адам тыңшылықпен айналысады.

Чехияның қарсы барлау қызметі жақында жариялаған есебінде Ресей шпионажының тым күшейіп кеткенін хабарлады. Олар, әсіресе, әлем елдері арасында өздері көш бастап отырған энергетика саудасы саласында тым белсенді әрекетке көшкен. Осы есепте «Ресейдің кейбір тыңшылық әрекеттері тіпті Чехия Республикасының мүдделеріне қатер төндіреді» деп жазылған.

Сөзімізге дәлел болар тағы бір дәйек. Өткен жылы Чехия үкіметі Ресейдің екі дипломатын елден қуып жіберген болатын. Оларға жергілікті халықты радар жүйесін орнатуға қарсы қою мақсатында қоғамдық пікірді өзгерту үшін кең ауқымды шара ұйымдастыруға қатысты деген айып таққан. Оның алдында ғана Эстония қорғаныс министрлігіндегі бір қызметкердің Эстония мен НАТО-ның құжаттарын Мәскеуге жөнелтіп отырғаны әшкереленген еді.

КГБ-НЫҢ «ШЕКПЕНІНЕН» ШЫҚҚАНДАР

Мәскеулік әскери сала сарапшысы Александр Гольцтің айтуынша, Ресей үкіметі шпионаж жолымен алынған ақпаратқа соңғы кездері көбірек сүйеніп келеді. Бұған себеп – бұрынғы КГБ қызметкері Владимир Путин бастаған басшылардың ойлау жүйесі. Путин биліктегі және бизнестегі үлкен лауазымдарға кешегі чекистерді отырғызып қойған.

«Путиннің ойынша, жұрт алдында айтылғанның бәрі - жалған сөз. Ал шындық әрдайым жасырын тұрады, оны табу үшін арнайы әрекеттерге бару керек», - дейді ресейлік сарапшы.

Гольцтің пікірінше, Ресей барлау қызметінің НАТО мен Еуроодақтың жаңа мүшелеріне назар салып отырғаны аса таңырқай қоятын нәрсе емес. Себебі, бұрын кеңестік блок құрамында болған, ал қазір батыс халықаралық ұйымдарының құжаттарына қолы жетіп отырған Чехия сияқты елдер Ресей тыңшылары үшін шекара өтіндегі ең басты ақпарат көзі.

«Мұның бір ғана қарапайым себебі бар - Ресей тыңшыларының мұнда тамыр-таныстары әлі де көп, сондықтан оларға Ұлыбритания мен Бельгияға өткеннен гөрі Чехия мен Болгарияға «тұмсық сұққан» әлдеқайда оңай», - дейді А.Гольц.

Ресейдің Чехияға ықпалын зерттеумен айналысып жүрген чех журналисі Ярослав Плесл де осы пікірді қолдайды. Оның айтуынша Ресей әлі күні Чехияны бұрынғы Совет Одағы мен батыстың арасындағы шекараның бір бөлшегі санайды.

«Оларды, әсіресе, Чехияның батыспен стратегиялық әріптестіктегі жоспарлары қызықтырады. Олар чех қорғаныс және қауіпсіздік күштері қай бағытта дамып жатқанын білуге ынтық», - дейді журналист.

«РЕСЕЙ ЧЕХИЯНЫҢ САЯСИ ПАРТИЯЛАРЫН ДА ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ»

Дегенмен, барлау мәліметтеріне иек артатын ескі тыңшылық әдісі – Ресейдің Чехияға ықпалын күшейтуде қолданып отырған көп тәсілінің бірі ғана дейді Я.Плесл. Оның айтуынша, мемлекет қарамағындағы алпауыт компаниялар, әсіресе, энергетика саласында Ресейдің мүддесін қорғаштаумен айналысып отыр.

«Олар өз іскерлері мен Чехияның кәсіпкерлері мен саясаткерлері арасында бизнес орнатып, экономикалық байланысты бекіте түсуге жан салып отыр. Мұны жаңа тәсілдердің қатарына қосуға болады», - дейді чех журналисі.

Владимир Путин билік басына келгелі бері мұнай мен газ өндірісі жөнінен Ресей Еуропада бірінші орынға шықты. Кремль мұнай-газ құбырларын, сақтау қоймаларын және өнімдерін Еуропадағы тұтынушыларға жеткізетін жолдарға бақылау орнату жолымен Еуропаның энергетика нарығын құрсаулауға күш сала бастаған.

Мәселен, Чехияда Ресейдің «Газпромына» қарасты компания елдің ішкі газ тасымалдау жүйесінің 12 пайызына иелік етеді. Ал «Лукойл» болса, елдегі май құю бекеттерінің біразын қолына алған. Осы компания енді елдің мұнай құбырынан дәмеленіп отыр деген пікірлер бар.

Ресей Чехияның кейбір саяси партияларын қаржыландыру жолымен және қағаз жүзінде чехтардың атына жазылғанымен, іс жүзінде Мәскеуден бақыланып отырған компаниялардың көмегімен бұл елге ықпалын жүргізіп отыр деп болжайды сарапшылар. Өзіне табыс табу үшін жұмыс істейтін батыс компаниялары сияқты емес, Ресей компаниялары энергетика нысандарына бақылау орнату жолымен әлемдегі ықпалын күшейтуді көздейтін өз үкіметінің нұсқауымен жүреді.

ЯДРОЛЫҚ РЕАКТОРДЫ ДА РЕСЕЙ КОМПАНИЯСЫ САЛУЫ МҮМКІН

Ресей тек мұнай-газбен шектеліп отырған жоқ. Олар Чехияның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді деген атом энергетикасы саласына да ауыз салып отыр. Ресей үкіметінің бақылауындағы бір компания Чехияда екі ядролық отын реакторын салу жобасына бойынша биыл өтетін тендерге қатысады. Жұрттың көбі Ресейдің жеңіске жететініне сенімді. Қол қойылып жатса, бұл ядролық отын саласындағы тарихта қол қойылған ең үлкен жоба болмақ.

Десе де, Чехияда жыл басында болған сайлаудан соң билікке келген жаңа үкімет Ресейдің бұл елге ықпал етудегі екпінін бәсеңдетеді деген пікірге жетелейді. Әдетте құпиясын аша бермейтін барлау қызметінің Ресей тыңшысы туралы мәліметті жария етуінің өзі жаңа үкімет басшысы, бұрынғы Қорғаныс министрінің орынбасары Петр Нечастың Мәскеудің ықпалымен күреске бұрынғы басшылардан гөрі көбірек салмақ салатынын дәлелдейді. Бұл – журналист Ярослав Плеслдің пікірі.

«Нечас билікте тұрғанда біз Ресейдің Чехияға ықпалы жөнінде көп ақпарат естиміз. Демек, орыстардың тыңшылық әрекеттерін әшкерелеген жаңа мәліметтерге құлақ түре жүріңіздер», - дейді Я.Плесл.
XS
SM
MD
LG