Accessibility links

Қазақстанда энергия тапшылығы айқын көрініс бере бастаса да, дәл қазір бұл салада ешқандай дағдарыс жоқ. Дегенмен, мамандардың айтуынша, биылғы қыста энергия жетіспеушілігі байқалатын болады.

Таяуда болған үкімет отырысында премьер-минстр Кәрім Мәсімов жылу жүйесін қамтамасыз ете алмаған қала, аудан әкімдерін жұмыстан босататындығын айтып, ескертті. Үкімет мүшелерінің бас қосуында Энергетика және минеральды ресурстар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов сөз алып, биылғы қыс кейбір облыстардың тұрғындары үшін оңай тимейтіндігін ашық айтты. Ол бұл мәселені былайша жеткізді:
«Біздің болжамдарымызға сәйкес, алдағы кележатқан күз бен қыс мезгілі кезінде Қазақстан бойынша энергия жетіспеушілігі 200 Мвт-ты құрайды. Ал негізгі ауыртпалықты Оңтүстік Қазақстан облысы сезінеді».
Жылда осы мәселе бойынша Шымкент облысына Солтүстік облыстан көмек көрсетілетін. Бірақ, биыл бұл жағдайдың қалай қалыптасатыны белгісіз болып тұр. Неге десеңіздер, ресейлік энергетика және электрификация ашық акционерлік қоғамы өз отанында үлкен реформаны бастан кешіріп жатыр. Ал осының алдында аталмыш компания мен қазақстандық «Самұрық» холдингісі Екібастұздық 2-ші ГРЭС-тің қуатын күшейтуге байланысты ортадан қаржы шығару туралы мәселе көтерген еді.
Аталмыш ГРЭС-ті қазақстандық холдинг пен ресейлік компанияның бірігіп басқаратынын ескерсек, екінші тараптан қосымша қаржыландыруға қатысты әлі жауап болған жоқ.
«Самұрықтың» басшысы Қанат Бозымбаев Екібастұздағы 2-ші ГРЭС-тің үшінші энергоблогының құрылысын жүргізу үшін холдингтің бюджетінен 1,5 миллиард теңге қарастырылғанын айтты. Сондай-ақ, ол үкімет басшысына дәл осынша қаржыны ресейлік компанияның бөлуі тиіс екенін де жеткізді. Ресейліктердің осы мәселені шешуге байланысты қандай шараларды жүзеге асырғысы келіп отырғаны белгісіз. Дегенмен, олар бұл жобадан мүлдем бас тартатын болса, Оңтүстік Қазақстан ғана емес, тағы да бірнеше облыстың тұрғындары энергия тапшылығының зардабын тартатын болады.
Себебі, өткен сәрсенбі күні қостанайлықтар энергия тапшылығының алғашқы сатысынан өтті. Қаланың өзінде жарық сөніп қалып, оның кейбір аудандарында электр қуаты 4-5 сағатқа дейін қосылмаған. Мұның себебі екібастұздық 1-ші ГРЭС-тің энергия бағасын қымбаттатуымен, ал қостанайлық энергия орталығы болса, төлемдерді ескі баға бойынша жүргізгендігімен байланысты болған. Соның салдарынан қала тұрғындарының жартысына жуығы 4-5 сағат бойы электр қуаты тапшылығының зардабын тартты. Сонымен қатар, бұл мәселені шешуге облыс басшысы Сергей Кулагиннің өзі араласқан соң ғана, ондағы жағдай бұрынғы қалпына түсті.
Сондай-ақ, осындай жағдай Шымкент облысында да орын алып отыр. Электр қуатының қайта-қайта тоқтатылуына Табиғи монополиямен күрес агенттігінің «Энергопоток» ЖШС-сі мен «Оңтүстік Жарық» ЖШС-на электр энергиясының бағасын қымбаттатуға рұқсат бермей қоюу ықпал еткен. «Энергопоток» ЖШС-нің директоры Салтанат Егісованың айтуынша, олар қала тұрғындарын электр қуатынан айыруға амалсыз барып отыр. Себебі, Солтүстік облыстың ГРЭС-тері 4-ші маусымнан бастап арзан электр қуатымен қамтамасыз етуді тоқтатқан екен. Ал оның алдында «AES-Екібастұз» АҚ-сының басшылығы аталмыш шымкеттік компанияларға арзан электр қуатын жеткізіп тұру жөніндегі келісім-шарттың 1-ші маусым күні аяқталатынын ескертіпті. Содан бері Оңтүстік Қазақстан облысында энергия тапшылығы орын алуда.
Ал «Оңтүстік Жарық» ЖШС-нің басшысы Ғани Жауторғайев жергілікті ақпарат құралдарына берген түсіндірмесінде, осы мәселе бойынша 1-ші ГРЭС-ке де 2-ші ГРЭС-ке де барып қайттым. Бірақ, аталмыш мекеме басшылары арзан электр энергиясымен қамтамасыз етудің тоқтатылғанын айтты. Осының алдында олар бізге Сағ/1 КВт электр энергиясын 2,47 теңгеден сатса, дәл қазір бұл баға оларға тиімсіз. Өйткені, бұл екі ГРЭС-те өздерінің өнімдерін Ресейге 4,40 теңге сатып отыр», -деді.
Одан әрі қарай айтатын болсақ, 4-ші тамыз күні өткен үкіметтің селекторлық отырысында, Қазақстанның Ауылшарушылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитетінің басшысы Анатолий Рябцев, қарыздың шамадан тыс көбеюіне байланысты «Сәтпаев» атындағы каналдың биылғы қыста Қарағанды мен Екібастұзды электр энергиясымен қамтамасыз ете алмайтындығын мәлімдеді.
«Мен басқа тұтынушыларды айтпағанда, аталмыш канал Қарағанды мен Екібастұзды сумен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі таңда суға деген қарыз 400 миллион теңгеге жетті. Ал Қарағанды қаласының қарызы бұдан екі есе көп. Соның кесірінен «Сәтпаев» каналын қысқа дайындай алмай отырмыз. Қарызды жабу мәселесін шұғыл шешу керек. Әйтпесе, қақаған қыста Екібастұз бен Қарағанды қалалары сусыз қалады, бұл дегеніміз, жылу мен энергия қуатының тапшылығы үлкен болады деген сөз», деді Анатолий Рябцев.
Қазірдің өзінде энергиямен қамтамасыз ету үлкен проблемаға айналып отыр. Энергия қуатын үнемдеуді насихаттайтын жарнамалық роликтер де телеарналар арқылы көптеп көрсетіле бастады. Мұны Қазақстанда энергия тапшылығының көрініс бере бастауы деп бағаласа болады. Себебі, мамандардың айтуынша, энегриямен қамтамасыз ететін орталықтардың барлығы ескірген. Ал оларды жаңарту үшін мемлекет бюджетінен қыруар қаржы бөліну керек екен.
XS
SM
MD
LG