Accessibility links

Бір жылдағы сегізінші кездесу ескі есепті еске түсірді


Солдан оңға: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Дмитрий Медведев Қазақстан - Ресей аймақаралық ынтымақтастығының VII форумында. Өскемен. 7 қыркүйек 2010 жыл.

Солдан оңға: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Дмитрий Медведев Қазақстан - Ресей аймақаралық ынтымақтастығының VII форумында. Өскемен. 7 қыркүйек 2010 жыл.

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығының VII екі күндік форумы болып өтті. Сейсенбі күні Назарбаев пен Медведев кездесіп, форумның пленарлық отырысына қатысты. Жиын барысында Қазақстан басшысы ресейлік әріптесіне бірқатар ұсыныстар жасады. Форум биыл екі ел президенттерін сегізінші мәрте жолықтырған жиын болды.


ҮШ ҰСЫНЫС

Нұрсұлтан Назарбаев әріптесі Медведевке негізгі үш бағыт бойынша жұмыс жасауды ұсынды. Атап айтқанда, әлемге әсер етуі мүмкін техногенді апаттар орын алған жағдайда өзара бірлесіп әрекет ету, шекаралас аумақтардың су қорын қалыптастыру және қорғау, энергия үнемдеуші технологияларды дамыту мәселелері.

Қазақстан президенті экология мәселесін айтқан кезде апаттардың алдын алу шаралары мен онымен бірлесіп күресуге шақырды.

– Әлемдегі барлық елдер осындай апаттарға тап болып отыр. Бұл бізден қырағылықты талап етеді. Мексика шығанағында болған ірі апаттағы мұнайдың төгілуі экологияға орасан зор шығын әкелді. Сондықтан біз ондай апаттардың біздің Каспийімізде орын алмауына сенімді болуымыз керек. Орман алқаптары да осындай қырағылықты талап етеді, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

СІБІР СУЛАРЫ ДА ЕСКЕ ТҮСІП КЕТТІ

Өз кезегінде Дмитрий Медведев, биылғы жазда Ресейді шарпыған алапат өртте көрсеткен көмектері үшін алғысын білдірді.

– Мен Қазақстан президенті мен біздің басқа да қазақстандық достарыма ерекше алғысымды білдіргім келеді. Табиғат апаты биылғы жылы Ресейді біршама тығырыққа тіреді. Осы кезде біз сіздердің достық ниеттеріңізді сезіне білдік, - деді Дмитрий Медведев.

Көп жылдан бері айтылып келе жатқан «ескі жыр» да осы жолы Қазақстан басшысының есіне түсіп кетті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Сібір өзендерін солтүстіктен оңтүстікке бұру» жобасына оралу жөнінде ұсыныс жасады. Қазақстандық тарап, бұл бастаманы «трансшекаралық өзендердің таяздану» проблемасын шешудің тиімді жолы деп есептейді.


Қазақстан мен Ресей президенттері Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық күрежолы мен Ресей арқылы өтетін Қазақстан - Моңғолия күрежолының тағдырын да сөз етті.

Сонымен қатар, Имашев трансшекаралық газ-конденсатты кенішіне бірлесіп геологиялық зерттеу жүргізу мәселесін талқылады.

НАЗАРБАЕВ ПЕН МЕДВЕДЕВ БИЫЛ ТОҒЫЗЫНШЫ МӘРТЕ КЕЗДЕСПЕК

Бұл екі ел президенттерінің кедендік одаққа кірген кезден бергі бірінші кездесулері болғанымен, екі ел басшысы жыл басынан бері осымен сегізінші рет жолығып отыр.

Сөйтіп отырып Нұрсұлтан Назарбаев Дмитрий Медведевті 1-2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне шақырды.

Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығы форумының пленарлық отырысынан кейін, Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведевтің қатысуымен бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Новосібір облыстары және Алтай өлкесі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастығы туралы, аймақаралық және шекаралық ынтымақтастық туралы келісімге, трансшекаралық газ-конденсатты кенішін геологиялық зерттеу және барлау жөніндегі бірлескен жұмыс туралы, жіне трансшекаралық су нысандарын бірлесе пайдалану және қорғау туралы келісімдерге қол қойды.

Қол қойылған құжаттар арасында Кеден одағының транзиттік әлеуетін тиімді жүзеге асыру саласындағы өзара ынтымақтастығы туралы меморандум да бар.

Осынша уағдаластыққа қол жеткіздік дегенімен де, форум аясында Қазақстан басшысының ресейлік әріптесін тоғызыншы мәрте кездесу үшін саммитке шақыруын елемеуге болмайтын еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG