Accessibility links

Франция үкіметі ниқабқа тыйым салатын заң жобасын мақұлдады


Ниқаб киген мұсылман әйел төлқұжат тексеруі кезінде. Париждің түбі, 18 мамыр 2010 ж.

Ниқаб киген мұсылман әйел төлқұжат тексеруі кезінде. Париждің түбі, 18 мамыр 2010 ж.

Франция үкіметі қоғамдық орындарда мұсылман әйелдерінің бет-жүзді жауып тұратын бас киіммен жүруіне тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Ал осыдан бір ай бұрын Бельгия заңшығарушылары пәренже мен ниқаб киюге тыйым салатын заң қабылдаған болатын.


"ДИКТАТОРЛЫҚ ЕЛДЕ ТҰРЫП ЖАТҚАНДАЙМЫН"

Сәрсенбі күні Франция үкіметіне тапсырылған заң жобасы біржола бекіді. Оған сәйкес, қоғамдық орындарда мұсылман әйелдерінің бет-әлпетін көрсетпейтін бас киіммен жүруіне тыйым салынбақ.

Бұл қадам сарапшылардың мұндай тыйым заңның өзіне қайшы болғандықтан түрлі қиындықтарға душар болуы мүмкін деген ескертулеріне қарамастан жасалып отыр.
Ауған әйелдері бұрқа базарында киім қарап жүр. Кабул, 23 желтоқсан 2009 ж.

Бұрқа немесе ниқабқа қарсы заң жобасын қолдаушылардың айтуынша, бет-жүзді көлегейлеп тұратын бас киім әйелдердің намысына тиеді және Францияның зайырлы қоғам қағидаларына қайшы келеді.

Нажет есімді алжирлік әйел өзінің он жылдан астам уақыттан бері ниқаб киетінін айтады.

«Рейтерге» берген сұхбатында Нажет Франция үкіметі менің таңдау еркім мен жеке бас бостандығымды шектеп отыр деп айыптады.

«Мен «Франция, азаттық, тепе-теңдік, достық қарым-қатынастар» дегенді естісем, бұл нағыз өтірік деп білемін. Өзімді диктаторлық елде тұрып жатқандай сезінемін», - дейді Нажет.

Аталмыш заң жобасына сәйкес, бұл заңды бұзған кез келген адам 150 еуро айыппұл төлеуі тиіс. Қыз-келіншекті ниқаб киюге мәжбүрледі деп танылған кез келген азамат бір жылға бас бостандығынан айырылып, 15 мың еуро айыппұл төлеуі мүмкін.

"НИҚАБ - ФРАНЦИЯНЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНА ҚАЙШЫ"

Президент Николя Саркози бұрқа немесе ниқабқа тыйым салу үдерісін осыдан шамамен бір жыл бұрын бастаған болатын. Саркози мұндай киімді Франция «қош көрмейді» деп мәлімдеген еді.

Саркозидің консервативті үкіметі ұсынып отырған заң жобасы Ұлттық ассамблеяда немесе парламенттің төменгі палатасында шілде айында, ал Сенатта қыркүйек айында талқыға түседі. Заң жобасының мәтіні әлі өзгертіліп, толықтырылуы мүмкін.

Егер оны заңшығарушылар мақұлдаса, ол 6 ай уақыт ішінде қолданысқа енбек. Бірақ, аталмыш заң жобасы күшіне енбей жатып заңды кедергілерге тап болуы мүмкін.

Францияның жоғарғы әкімшілік мекемесі мұндай тыйымның конституцияға қаншалықты сай келетіндігіне екі рет күмән келтірді. Мемлекеттік кеңес те бұл жоба өзге заңдар шеңберінде проблемаларға душар болуы мүмкін деп ескертті.
Ниқаб киген париждік әйел. Франция, 18 мамыр 2010 ж.

Ескертулерді елемеген үкіметке заңдардың конституцияға сай болуын бақылайтын тағы бір мекеме, яғни Конституциялық кеңес санкция қоюы ықтимал.

Бірақ биліктегі партияның кейбір мүшелері егер солай болса, бұл мәселеге байланысты референдум өткізілуі тиіс деп атап көрсетті.

Өткен аптада Ұлттық ассамблея қоғамдық орындарда ниқаб киюді шектеуге кеңес беретін резолюцияны бірауыздан қабылдады. Қарарда ниқаб кию - Франция елінің құндылықтарына нұқсан келтіреді деп көрсетілген.

Сонымен қатар қаңтар айында Франция парламентінің комитеті қоғамдық орындарда, олардың ішінде ауруханалар мен мектептерде және қоғамдық көліктерде мұсылман әйелдерінің бет-жүзді перделейтін бас киіммен жүруіне тыйым салуға кеңес берді.

Францияда 5 миллионға жуық мұсылман тұрады. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, шамамен 1900 мұсылман қыз-келіншек ниқаб киеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG