Accessibility links

Ресейдің Грузияға соғыс ашу жоспары болды ма?


Ресей Оңтүстік Осетиядағы өз азаматтарын қорғау үшін әскери операцияларға барғанын айтады. Бірақ Мәскеудің осы қақтығысты жоспарлап, тек оңтайлы сәтті күткеніне де дәлелдер көптеп келтірілуде.

Грузия маңында тамыздағы атыстардан бұрын, шілде айында, әскери жаттығулар өтті.
Демек, тамыздың 8-де Ресей қарулы күштері Грузияға кірмес бұрын, Солтүстік Кавказда 8 мың әскер мен 700 әскери техника тартылған, кең көлемді оқу-жаттығуларын өткізгені айтылып отыр.
Бұл шілде айының екінші жартысында, Грузия шекарасына жақын жерде, өткен жаттығулардың ортасында Ресейдің басқыншылық жасауда негізгі роль атқаратын 58-ші Армиясы болды.
Бұл жаттығу шаралары Ресейдің Грузияға әскери шапқыншылық жасауды жоспарлап, ыңғайлы сәтті күтті деген болжаммен байланыстырылып отырған бір ғана тұсы.
Цхинвали, 14 тамыз, 2008 жыл
Азаттықтың Солтүстік Кавказ қызметіне берген сұхбатында әскери сарапшы Павел Фельгенауер мұндағы мақсат басынан бастап Грузия президенті Михаил Саакашвили мен оның батысшыл үкіметін құлату болды дейді:
“Бұл соғыс бұрыннан дайындалған. Грузияға кең көлемді басып кіру шешімі шамамен сәуір айында жасалған. Соғысты бастау шешімі тамыз айында жасалды. Соғыс грузиялықтардың не жасағанына қарамастан болатын еді. Олар арандатушылыққа жауап берсе де ,бермесе де, Грузияға басқыншылық болар еді. Мақсат -Грузияның орталық үкіметін құртып, грузин армиясын жеңіп, Грузияның НАТО-ға қосылуына жол бермеу.”
Әскери сарапшы Фельгенауердің айтуынша, Ресей басқыншылық жасауға шешім жасаған айы делінген сәуірде сонымен қатар НАТО әскери альянсы өзінің Бухарестегі жылдық саммитінде Грузия мен Украинаға толыққанды мүшелікке қабылдану ұсынысын кейінге қалдырған еді.
Тамыздың 14-де шыққан “Новая газета” апталығында сарапшы Фельгенауер Мәскеудің соғыс жоспары Грузия мен Украинаға НАТО-ға мүшелікке өту жоспары берілмеген соң бірден басталды дейді.
Құрама Штаттардың Украинадағы бұрынғы елшісі Стивен Пайфердің пікірінше, НАТО шешімі Ресейді Грузиямен дөрекі болуға итермелеуі мүмкін:
“Менің ойымша, ресейліктер Бухарестен қате сабақ алды. Онда Ресейдің Бухарест алдында Украина мен Грузияның Мүшелікке өту жоспарына қарсы қысымы мен қызыл сөзі көп болды. Менің естуімше, ресейліктер Бухарестке жетістік деп қараған. Және өздеріңіз көріп отырғандай, Бухарестен кейін қысым көбейе түсті,”-дейді Стивен Пайфер.
Фельгенауер пікірін “Ежедневный журнал” онлайн газетінде Андрей Илларионов та қоштап, Грузияға басып кіру ұзақ дайындалды және сәтті орындалды деген. Қазір Кремлді ашық сынап жүрген Илларионов кезінде Ресей президенті, қазіргі премьер министр Владимир Путиннің кеңесшісі болған. Оның жоғарыда айтқандары Кремлдің жергілікті және халықаралық баспасөзде қайта-қайта Ресей күштері Оңтүстік Осетияға Ресей азаматтарын қорғау үшін кірді дегеніне қарама-қайшы болып отыр.
Ресейдің арандатушылық әрекеттері НАТО саммитінен кейін көбірек айқын бола түсті. Путин өзінің президенттік қызметінің соңғы айы- сәуірдің 16-да Грузияның жікшіл аймақтары Абхазия және Оңтүстік Осетиямен Ресейдің дипломатиялық байланыстарын күшейту мен қолдау көрсету қаулысына қол қойды.
Одан кейін Ресей біразы ауыр қаруланған 1500 қосымша әскерін бітімгершілік күштер деп Грузияның келісімінсіз Абхазияға орналастырды.
Бір аптадан кейін Грузия Абхазия аспанында ұшып жүрген пилотсыз басқарылатын барлаушы ұшағын атып құлатты деп Ресейді айыптады. Сонымен қатар жікшіл аймақтағы Грузияның әуе кеңістігін бұзған Ресей әскери ұшағы тағы анықталды.
Маусым айында Ресей жағдайды күрделендіріп, Сухуми мен Очамчира қалалары арасындағы теміржолды салуға Абхазияға қарусыз жасағын орналастырды. Мәскеу бұл қадамдарын аймақтағы артта қалған көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған қайырымдылық шара деп келді.
Бірақ Ресейдің бұл қадамдарына қатысты бүгінде АҚШ мемлекеттік хатшысының еуропалық және еуразиялық істер бойынша орынбасарының көмекшісі Мэтью Брыза былай дейді:
“Біз бір-екі ай бұрын Ресейдің қайырымдылық миссиясымен теміржол жөндеуші жасағын Абахзияға кіргізгені туралы мәлемдемелерді естіген едік. Енді қазір біз ол күштердің не себепті онда орналасқаны туралы шындықты біліп отырмыз.
Бұл теміржолды жөндеу Ресейдің басып кіруіне көмектесетін жарылғыш және басқа да әскери жабдықтарды жеткізуге мүмкіндік ашу болды”.
Шілде айында Солтүстік Кавказда Ресейдің “Кавказ-2008” әскери жаттығулары болды. Әскери сарапшы Павел Фельгенауер осы шараларынан кейін-ақ Ресейдің Грузияға таяу тамызда басып кіретінін болжауға болатын еді дейді.
Сөйтіп, барлық назар Абхазияға ауғанда кенеттен назар Оңтүстік Осетияға ауысып, Грузиямен шекаралас бұл жерде қақтығыстар орын алды.
Мәскеу Тбилисиді шамадан тыс күш қолданды деп айыптайды. Грузия болса аймақтағы Ресейдің қолдауындағы жікшілдер Грузияның бақылауындағы ауылдарға оқ жаудырды дегенді алға тартады. Сонымен қақтығысқа бастамашы болды деп екі тарап бірін-бірі айыптап отыр.
Ал Грузияда осындай жағдай болатынын бір жыл бұрын пайымдаған АҚШ-тың стратегиялық зерттеулер бойынша профессоры Стивен Блэнк “бұл Ресейдің қалаған соғысы және мұны осылай жоспарлаған” деді:
“Мен байқаған фактілер, Ресей армиясының осы сәтті күтіп отыруы, іс жүзінде бұл арандатушылықты, мұндайға тез берілетін грузиялықтарды әкелу үшін, қақтығысты ушықтырып, оңтүстік осетиялықтар бастағанына дәлел. Ресей сол жерде күтіп отырды, операциялық жоспарымен әскері жерден, әуеден және теңіз арқылы шабуылға дайын болды, солай жасады да,”-дейді американдық стратегиялық зерттеулер маманы.
Грузия өзінің жікшіл аймағы Оңтүстік Осетияға тамыздың 7-де кең көлемді операциямен кіріп, Мәскеудің қолдауындағы аймағына бақылауды алмақ болды. Бұл хабардан кейін Ресей бұл жердегі Грузия күштеріне қарсылық таныту үшін өзінің жасағы мен танкілерін жөнелтті.
Ресей өздерінің Оңтүстік Осетияға Грузиядан кейін кіргенін айтады, ресми Тбилиси болса ресейлік жасақтар Грузия күштерінен бұрын бұл аймақта болды дейді.
Бұл тұрғыда мәскеулік сарапшы Александр Голтц қақтығыс Ресейдің екі жетекшісі де Мәскеуде болмаған күні басталғанынына назар аударады:
"Ресейдің елдегі екі жетекшісі де Мәскеуде болмаған кезде осындай арандатушылықты дайындағанын елестету қиын.
Президент Дмитрий Медведев Самарада болса, елдің премьер министрі Бейжіңде болды. Ресейдің осындай соғысқа дайындалғанын, одан кейін Саакшвили қақпанға түскенде, менің есебім бойынша жасағын орналастырар алдында, 13-14 сағат күткенін елестету қиын,”-дейді Александр Голтц.
Бірақ соғыс әдейі жасалды ма, жоқ па оған қарамастан, кінә тікелей Кремль жағында қалып отыр дейді бұл мәскеулік сарапшы. Соңғы жылдардағы Ресейдің саясаты осы соғысқа негіз болды. Олар сол үшін жауапкершілікті көтереді дейді ол.
XS
SM
MD
LG