Accessibility links

Берлиндегі нацизм тарихы мұражайына ағылған туристер легі толастамай тұр


Гиммлер нацистердің жетекшісі Адольф Гитлерге сыйлық тапсырып тұр. Сәуір айы 1939 ж.
Гиммлер нацистердің жетекшісі Адольф Гитлерге сыйлық тапсырып тұр. Сәуір айы 1939 ж.

Германия астанасында нацистердің қылмыстары жөніндегі мұражайды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мұражай гестапоның – Үшінші рейхтың мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бұрынғы штаб-пәтерінде қоныс тепкен.


НАЦИЗМ МҰРАЖАЙЫ

1987 жылдан бері «Лаңкестік топографиясы» мұражайы үстіңгі бөлігі талқандалып кеткен ғимараттың жер асты қабатында орналасып келді, деп жазады «Айриш таймс» басылымы. Соңғы жиырма жыл ішінде мұнда ағылған туристер легі толастамай қойған. Себебі, келушілер мұнда гестапо қинап, кейін өлтіріп отырған тұтқындар жатқан түрме камераларын өз көзімен көре алады. Ал бұрынғы түрменің орнынан қайта жер бетіне көтерілгенде, туристер таяу маңдағы Берлин дуалының шашырап жатқан қирандысын тамашалай алады.

Бұрын, нацистер уақытында, осында Берлиндегі Вильгельмштрасседе мемлекеттік құпия полиция мен Германияның Ұлттық – социалистік партиясының элиталық күзет жасақтарының, яғни СС – тің штаб-пәтері орналасты. Оларға Генрих Гиммлер басшылық еткен еді.

«Лаңкестік топографиясы» мұражайындағы көрмеге елдің ынтызар болғаны сонша, оны ол қоныс тепкен ғимараттың еден астындағы бөлмелерінен көшіруді белгісіз мерзімге кейінге қалдыруға тура келді. Жыл сайын мұражайды тамашалауға 100 мыңнан астам адам келіп тұрды.

Соңғы бірнеше жыл ішінде жарты миллионнан астам турист бұл араға жыл сайын келіп отырған. Ал бұл тарихи орын 1987 жылға дейін ұмыт қалған күйі ешкімге керексіз болып Берлин дуалының көлеңкесінде жатқан бір қу медиен алаңқай болған еді.

1993 жылы мұражайдың жобасы таңдалып алынды да, екі жылдан соң жаңа ғимарат салу жұмыстары басталып кетті. Алайда, әр түрлі себепке байланысты ол құрылысты аяқтауға мүмкіндік болмады. 2005 жылы мұражайлық – көрме павильонының жаңа жобасы бекітілді, оның авторы - сәулетші Урсула Вилм еді.

Берлинде ескерткіштер көп, соның бірі, мысалы, Бранденбург Қақпасы маңындағы Холокост мемориалы. Дегенмен, Берлиннің тарихи - сәулеттік ғимараттары арасында тарихтың тірі куәсі болған жердің нақ өзінде тұрған «Лаңкестік топографиясы» мұражайы тәрізділері аз.

ЖЕНДЕТТІҢ ЖАНАРЫ

Берлин дуалы мен Гитлер бункері тәрізді нағыз тарихи құндылық болып саналатын көптеген тұстардағы ғимараттар жер бетінен сыпырылып тасталды. Немесе оларға тән өзіндік ерекше белгі – нышаннан жұрдай етілді. Алайда, бұған да қарамастан Берлинге келетін туристер күн сайын лек – легімен ағылуын тоқтатпады.

«Лаңкестік топографиясы» мұражайының көрмесінің барлық деңгейіндегі экспонаттар мен ғимарат үйінің өзі төлтума болып табылады. Дизайнерлер бәйгесінің басты критериі ерекше болды. Аталған критерий бойынша, жаңа жобаны іс жүзіне асыру арқылы жұртшылыққа ғимарат ішіндегі мұрағаттар мен көрмелерді көрсету жоспарланған еді. Сонымен қатар, жалпы осы мұражай тұрған жер телімі ел көзінен тасада қалмауы керек болатын.

Көрмеде 1925 жылы СС – империялық күзет қызметінің – құрылуы жөніндегі оқиғаларды суреттейтін бейнелер мен жазба мәтінді құжаттар қойылған. Оларды орналастыруда мұражайдың қызметкерлері қарапайым панельдерді ұтымды пайдаланған екен. Мұнда Генрих Гиммлердің нацистер билікті басып алған сәтте айтқан уәдесіне байланысты құжаттар да бар. Сол кезде Гиммлер: «Біз қолға түскен жан баласын аямаймыз» деп мәлімдеген.

Генрих Гиммлер мен СС өзінің бұл уәдесінде тұрды да. Олардың нацистік мемлекет жауларына қарсы бағытталған науқаны жөніндегі талай құжат кейінгі ұрпаққа аман жетті. Қайталанбас шеберлікпен, адамның шашын тік тұрғызатындай етіп, мұражайдың қызметкерлері нацистер жасаған қылмыстардың ізін көрмеге қоя білген. Әр мұражай бөлімінде СС империялық қауіпсіздік қызметкерлерінің бейнелері қойылған. Бұл фотобейнелердегі адамдар мұражайдың қонақтарына өңменіңнен өтетін суық та зерең көздерімен тесіле қарайды.

«Көптеген адамдар империялық қауіпсіздік қызметкерлері құр дарылдаған, топас біреулер болды деп ойлайды, - дейді мұражайлық жоба директоры, профессор Андреас Нахама. – Алайда, олар өз ісін жетік меңгерген заңгерлер мен зиялылар еді. Олар бекерден бекер СС империялық қауіпсіздік қызметіне келе салған жоқ».

Мұражай үздіксіз түрде жұмыс істеп тұр. Оның интерьері көнерген әрі өзіндік бет – бейнесінен айырылған кейіпке еніпті. Бұл жайт адамға бір түрлі салқын әсер қалдырады. Тап – тақыр бетон дуалдар осыдан он жылдай бұрын Берлиндегі жаңа үкіметтік ғимараттар маңайына жапа – тармағай салынған еді. Осыдан ба сұрғылт құрылыс материалы мұражай үйіне келген қонақтың еңсесін жанши басып, қобалжытып тастайды.

«Мен бұл ғимаратқа мұндағы барлық нәрсе әлі өңделмеген, бастапқы күйде қалған кезінде келіп тұратынмын. Ол маған ерекше әсер етіп, көңілім толқушы еді. Ал енді қазір мұнда бәрі тап-таза, әрі тым асыра сілтей, тап-тұйнақтай етіп реттелген. Дегенмен, кейінгі ұрпақ өкілдері үшін солай ету керек те болар деп ойлаймын», - дейді Берлиннің 50 –жасар тұрғыны Регине Шмидт.
XS
SM
MD
LG