Accessibility links

Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 72-ші орында тұр. Тамыздың тоғызы күні жария болған «Жаһандық бәсеке қабілеті, 2010-2011» деп аталатын құжат әлемнің 139 еліндегі экономикалық даму мен бизнес ортаның ахуалын сараптап шыққан.


ШВЕЙЦАРИЯ МЕН СКАНДИНАВИЯ КӨШ БАСТАП КЕЛЕДІ

Көпшілікке Давоста өтетін жиыны арқылы кең танымал Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы және атқарушы төрағасы Клаус Шваб: «Саясаткерлер бүгінгі экономикалық ауытқуларды қалпына келтіруге жанталасумен қатар сенімсіздік пен аумалы-төкпелі ахуалдан хабар беретін ертеңгі күні экономикаларын меңгеріп кетуге қам жасап жатыр. Дәл осындай экономикалық ортада кез-келген ел үшін экономикалық өсуі мен дамуының іргетасы саналатын мәселелерді шешіп алу өте-мөте маңызды» дейді.

Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі үшін кез-келген экономиканың хал-қадарын бағамдап беретін он екі түрлі іргетас бар. Олар: мемлекеттік институттар, инфрақұрылым, макроэкономикалық орта, денсаулық сақтау мен бастауыш білім беру, жоғары білім мен мамандар дайындау, тауарлар нарығының тиімділігі, жұмыс күші нарығының тиімділігі, қаржы нарығының дамуы, технологиялық дайындық, нарық көлемі, бизнес құрамы (күрделілігі) және инновациялық шаралар.

Осы он екі түрлі салаға қатысты 110 белгі бойынша экономикалық даму мен бизнес ахуалды зерттеп шыққан есеп ауторлары 139 елде 13500 жетекші іскердің арасында сауалнама жүргізген. Әдеттегідей Швейцария суырылып алға шыққан. Соңғы жылдары әлеуметтік ахуалын әжептәуір биік деңгейге көтеріп алған Скандинавия елдері алдыңғы қатарда келеді. Швеция – екінші, Финляндия – жетінші, Дания – тоғызыншы, ал Норвегия – он төртінші орында. Азия елдерін үшінші орындағы Сингапур мен алтыншы орындағы Жапония бастап келеді. АҚШ (төртінші) пен Канада – (оныншы) алғашқы ондықта. Еуро ақшасын қабылдаған еуропалық алып экономикалардың алды болып Германия мен Голландия бесінші және сегізінші орындарға аяқ тіреген.

Мұсылман әлемінен алғашқы жиырма бес елдің қатарына іліккендер – Қатар (17), Сауд Арабиясы (21) және Біріккен Араб Әмірліктері (25). Дамушы елдердің маңдай алды болып 27 орындағы Қытай келе жатыр. Бұрынғы совет республикаларының ішінде ең қатты шарықтағаны – Эстония (33 орын). ТМД елдерінің ішінде оза шапты деуге келетін Әзірбайжанның өзі 57-ші орынға жетіп жығылған. Ресей – 63, Қазақстан – 72-ші орынды иеленген.

ЕЛДІҢ ТҰРМЫСЫ МӘЗ ЕМЕС, БІРАҚ САЯСАТКЕРЛЕРІ БЕДЕЛДІ

Халықаралық экономикалық институттар, 150-ге тарта зерттеу орталығы мен белгілі қаржы мамандары дайындаған Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жаһандық бәсеке қабілеті, 2010-2011» есебінде Қазақстанның бәсекеге қабілетті ел ретінде көрсеткіштері ортадан төмен болып шыққан.

Мемлекеттік институттарға қатысты жекеменшік құқығы бойынша Астана 112-ші, сот жүйесінің тәуелсіздігі бойынша 109-шы, құқық қорғау органдарына сенім арту жөнінен 113-ші, шағын үлескерлерді қорғауға алу жағынан 116-шы орынға бір-ақ түскен. Тек көпшіліктің саясаткерлерге сенім білдіруі бойынша 47-ші, инвесторды қорғауға алу бойынша 45-ші орынға көтерілген.

Инфрақұрылымға қатысты алғашқы елу елдің қатарына ілінген – тек Қазақстандағы темір жолдардың сапасы (32-ші орын). Автомобиль жолдарының сапасы бойынша Қазақстан 124-ші, теңіз порттарының сапасы жөнінен 111-ші, әуе көліктері инфрақұрылымы жағынан 95-ші орында.

Қазақстанның салыстырмалы түрде жақсы көрсеткішке ие болған саласы – макроэкономика. Астана үкімет қарызының аздығы бойынша 7-ші, ұлттық қор көрсеткіші бойынша 31-ші, бюджет балансы бойынша 32-ші орында тұр. Тек инфляция көлемі бойынша 110-шы орынға бір-ақ құлдырайды. Айта кететін бір жайт, макроэкономикалық көрсеткіштерді бағалауға қатысты Дүниежүзілік экономикалық форум тәуелсіз зерттеу орталықтарының емес, қазақстандық институтардың мәліметіне жүгінуге мәжбүр болған.

МАЛЯРИЯМЕН КҮРЕС 1-ШІ, БАНК ЖҮЙЕСІ 131-ШІ ОРЫНДА

Өзге салаларда ерекше назарға ілінетін жайттар – туберкулез ауруы бойынша Қазақстанның 103-ші, ал орташа өмір ұзақтығына байланысты 106-шы, жас нәрестелердің шетінеуі жөнінен 93-ші орыннан бір-ақ шыққаны. Қазақстан менеджмент мамандығы бойынша жоғары білім сапасы жөнінен 104-ші, оқытушылар біліктілігін арттыруға қатысты 98-ші орында. Бір қызығы Қазақстан тропикалық малярия ауруының алдын алу бойынша бірінші орында тұр.

Астана тауарлар нарығының тиімділігі саласында сауда тарифтері (50) мен сатып алушының алуан түрлілігі бойынша (49) ғана алғашқы елу елдің қатарына кірген. Жергілікті кәсіпорындар арасындағы бәсекеге қатысты 109-шы, монополияны қадағалау саясатына қатысты 113-ші, сауда кедергілеріне қатысты 116-шы, шетелдік иеленушілердің үлесін азайту бойынша 113-ші, кедендік рәсімдеу қиындығы бойынша 107-ші орынға құлдилаған.

Қаржы секторына қатысты шешуші факторларға келгенде Қазақстанның көрсеткіші 100-ші орыннан жоғары жылжымайды. Қаржылық қызметтің баршаға тиімділігі жөнінен 102-ші, несие алуды оңайлату бойынша 121-ші, банктердің күш-қуаты жағынан 131-ші орынға сырғыған. Дәл осы банк жүйесіне берілген баға Қазақстанның алған ең төменгі көрсеткіші болып тұр.

Интернет қолданушыларының саны бойынша Қазақстанның көрсеткіші 69-шы орынға көтерілгенімен, үкіметтің жаңа технологияларды пайдалануы жөнінен 83-ші, қажетті ғалымдар мен инженерлердің саны бойынша 91-ші, ал ғылыми-зерттеу институттарының сапасы жағынан 112-ші орынға бір-ақ түседі.

Есептің ағылшын тіліндегі толық нұсқасын мына жерден оқып шығуға болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG