Accessibility links

Global Witness ұйымы «Қазақмыс» басшысының акция сату шешіміне қатысты анық мәлімет сұрайды


Владимир Ким, "Қазақмыс" басшысы. Владимир Нимен қоштасу рәсімі. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл
Владимир Ким, "Қазақмыс" басшысы. Владимир Нимен қоштасу рәсімі. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл

Қазанның 8-і Азаттық радиосына арнайы баспасөз хаттамасын жіберген «Глобал Уитнесс» ұйымы Владимир Кимнің акция сату әрекетіне Қазақстан президенті мен үкіметі қаншалықты ықпал еткенін білгісі келеді.


Азаттық радиосы «Қазақмыс» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Кимнің 11 пайыз акциясын Қазақстан үкіметіне сатып жібергенін хабарлаған еді. Осыған байланысты «Глобал Уитнесс» ұйымы FTSE 100 қор индексінің қатысушысына айналған қазақстандық компания басшысының бұл әрекеті тек Қазақстанға қатысты емес екенін айтып дабыл қағып жатыр.

«Глобал Уитнесс» сарапшысы Том Мэйн былай дейді: «Ким мырзаның қалай және неге өзіне тиесілі акцияларды дәл қазір үкіметке сатқаны жөнінде егжей-тегжей мәлімет алу керек. «Қазақмыстың» аз үлесті акционерлері Ким мырзаның акциялары я коммерциялық мүдде тұрғысынан сатылғанын, я оған Қазақстан үкіметі мен президентінің қысым жасағанын білуі қажет».
Ким мырзаның қалай және неге өзіне тиесілі акцияларды дәл қазір үкіметке сатқаны жөнінде егжей-тегжей мәлімет алу керек.

Владимир Кимнің өзіне тиесілі 38,9 пайыз акциясының 11 пайызын Қазақстан үкіметіне сатқаны биылғы қазанның 5-і мәлім болған еді. Сөйтіп, Қазақстан үкіметі «Қазақмыстың» 26 пайызын иеленіп екінші ірі акционерге айналып шыға келген. Кимнің сатқан акцияларының құны 1,3 миллиард АҚШ долларына тең.

«Глобал Уитнестің» жазуынша Владмир Ким акцияларын «Қазақмыстың» аз үлесті акционерлерімен кеңеспей сатып жіберген. Бірақ, осы мәселеге қатысты халықаралық ұйымға ресми жауап берген «Қазақмыс» компаниясы акционерлердің қандай да бір сату туралы келісім жасаудан бұрын өзге акционерлерді хабардар етіп отыруға міндетті емес екенін және Кимнің акцияларды нарық бағасымен сатқанын мәлімдеген.

«Глобал Уитнесс» осы акция сату әрекетінің Владимир Ким мен Қазақстан үкіметінен гөрі шағын үлесті инвесторлардың мүддесіне қаншалықты қайшы екенін және ұлыбританиялық зейнетақы қорларының салымшыларына қалай әсер ететінін білгісі келіп алаңдап отыр.

Биылғы шілденің 13-і аталмыш халықаралық ұйымның «Қазақмыс» компаниясының қызметіне қатысты «Күмәнді бизнес» атты есебі жария болған еді. Онда «Глобал Уитнесс» қазақстандық компанияның топ-менеджерлерімен етене жақын адам ретінде «Қазақмыс» басшылығының шешімдеріне ықпал етіп отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі деген қорытындыға келген.
Ұлыбританияның қаржылық реттеу мен бақылау бойынша басқармасы «Қазақмыс» компаниясының мәлімдемесіне қатысты тексеру жүргізсін.

«Күмәнді бизнес» жарияланардан бұрын «Қазақмыс» басшылығы халықаралық ұйымға «Біз корпоративтік есеп-беру саласында биік стандарттарды ұстануға тырысамыз және инвесторға қажетті барлық ақпаратты ұсынамыз» деп жауап бергенімен топ менеджерлерінің президент Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы жөнінде ләм-мим демеген.

- Халықаралық қаржы дағдарысы кезінеде анық болған жайт – [компаниялар] барынша ашық ақпарат беруі керек, ал қаржылық реттеу органдары барынша тиімді бақылау жасап отыруы тиіс. Ұлыбританияның қаржылық реттеу мен бақылау бойынша басқармасы «Қазақмыс» компаниясының мәлімдемесіне қатысты тексеру жүргізіп, сырттан қысым көріп жатқан жоқ па, соны анықтауы керек, - дейді «Глобал Уитнесс» сарапшысы Том Мэйн.
XS
SM
MD
LG