Accessibility links

Композиторлар өз шығармаларының тұтқындарды қинау құралы болуына қарсы

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Куба аралындағыГуантанамо түрмесі. 23 шілде, 2008 жыл

Куба аралындағыГуантанамо түрмесі. 23 шілде, 2008 жыл

Композиторлар өз әндерінің, музыкалық шығармаларының АҚШ түрмелерінде, оның ішінде Гуантанамо түрмесі де бар, азаптау мен қинау құралы ретінде пайдаланылуына наразылық танытуда.

АҚШ әскерилерінің айтуынша, олар музыкаларды тұтқындарды бағытынан жаңылдырып, олардың бойында үрей туғызу үшін пайдаланған екен. Композиторлар тобы бұл тәжірибелердің тоқтатылуын талап етіп отыр.Қинау құралы ретінде түрлі жанрдағы музыкалар қолданылған дейді олар.

Ұлыбритания тұтқындарының хұқын қорғаушы Reprieve тобы ұйымдастырып отырған бұл науқан “Zero DB” деп аталады. Басқаша айтқанда шуды тоқтату, тыныштық орнату дегенді білдіреді.

Reprieve тобының мүшесі Члой Дейвис: “Бұл тәсіл тұтқындарды ширығысты жағдайға жеткізеді. Әдетте олардың қолдары еденге шынжырланып, жүздеріне қара-қошқыл жарық түсіріліп, ыстық температурадағы бөлмеде, дыбыс күшейткішпен айқайлатып қойылған музыка астында бірнеше сағаттарға, тәуліктерге қалдырылады. Негізінен, біз сөйлескен тұтқындар осындай қинаулардан кейін өздерін естері ауысқандай сезінетіндерін айтты”,- деді.

Осылайша Reprieve тобы ұйымдастырып отырған наразылық науқанына қатысушы композиторлар өз туындыларының тұтқындарды қинау құралы ретінде қолданылуына қарсы.

Reprieve тобының айтуынша, бұл тәсіл жаңалық емес.Мысалы, 1970 жылдары Британия осындай тәсілді ирландиялық тұтқындарға қолданған болатын. Адам құқы бойынша Еуропа соты мұндай қинауларды, сондай-ақ тұтқынға ұйқы бермеу тәсілдерін адамгершілікке жат әрекет деп сипаттағанымен, бұл тәсілдер азаптау боп есептелмейді деген еді.

АҚШ-тың Ирақтағы әскерилері осылайша музыкамен қинау тәсілін қолдануға 2003 жылдың соңында нұсқау берген екен. АҚШ-тың Федералдық зерттеу бюросы мәліметтеріне қарағанда, Гуантанамо түрмесінде шулы музыканы қою арқылы тұтқындарды қинау бірнеше рет қолданылған көрінеді.

Гуантанамо түрмесінің басшысы, адмирал Дейвид Томастың Ассошайтед пресс ақпарат агенттігіне айтуынша, мұндай тәсіл қазір ол түрмеде қолданылмайды екен. Алайда оның болашақта қолданылуы мүмкін екенін ол жоққа шығармады. Томас өзінің Ройтерске берген сұхбатында даңғаза музыка жөнінде ешнәрсе дей қойған жоқ. Қайта Гуантанамодағы түрмеде жақсы жағдай жасалған деп сипаттады.

Десек те, кейбір композиторлар өз музыкаларының қинау құралы ретінде пайдаланылуына қарсы емес. Мысалы АҚШ күштерінің Ираққа басып кіргенін қолдайтын барабаншы Стив Бентонның айтуынша, екі жыл бұрын өз әндерінің осындай қинау құралы ретінде пайдаланылатынын ол мақтанышпен қабылдаған екен. Яғни өз шығармалары қыркүйектің 11-дегі тәрізді бір оқиғаларды болдырмауға атсалысады деп ойлаған көрінеді.

2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі оқиғаларға қатыстары бар деп күдікке ілінген 5 адам Гуантанамо түрмесінде отыр. Олардың ісі бойынша осы аптада тыңдаулар басталды.

Ал, Гуантанамо түрмесінде болған қазақстандық 4 тұтқын қазан айының соңында елдеріне қайтарылған еді. Олардың ең соңғысы болып Долқын Керимбакиев келген- ді. Сол Гуантанамо тұтқындары болған қазақстандықтардың тағдырлары жайында Азаттық радиосының интернет сайтында арнайы мақалалар жарияланған болатын.

XS
SM
MD
LG