Accessibility links

Халықаралық қаржы қоры жаңадан құнды қағаз шығармақшы

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Халықаралық қаржы қорының өкілі Ниенке Омес Арменияда.

Халықаралық қаржы қорының өкілі Ниенке Омес Арменияда.

Халықаралық қаржы қоры құнды қағаздар шығаруды алғаш рет жоспарлап отыр. Қытай мен Ресей қазірдің өзінде бірнеше миллиард долларлық құнды қағаздар сатып алуға құлшыныс білдіруде.

Халықаралық қаржы қорының қазынасы бірталай елдердің экономикалық тығырықтан шығулары үшін оларға несие берген соң біраз ортайып қалған-ды.

Лондонда сәуір айында бас қосқан үлкен жиырмалық ұйымына мүше елдердің басшылары қазына қаржысын үш есеге көбейтіп, 750 миллиард долларға жеткізуді ұйғарған еді. Мысалы, қорға мүше Жапония мен Еуропа елдері және АҚШ-тың әрқайсысы 100 миллиард доллардан үлес қосуға келіскен болатын.

Халықаралық қаржы қорының өкілі Кэралайн Аткинсонның айтуынша, арнайы кеңеске ұсыну үшін аталған қор құнды қағаздар шығару жобасының соңғы әзірліктерін өткен аптада аяқтаған.

Қор осылайша экономикалық дағдарыстан зардап шеккен елдерге көмек берудің жаңа жолдарын іздестіруде.

Ол құнды қағаздарды сатып алуға бірнеше дамушы ел тілек білдіріп отыр. Мысалы, Қытай құны 50 миллиардтық, ал Үндістан мен Ресей елдерінің әрқайсысы 10 миллиард долларлық құнды қағаздарды сатып алуға әзір екендіктерін хабарлаған болатын.

Сарапшылардың айтуынша, дамушы ірі елдердің бұлайша құлшыныс танытуында жомарттықпен қатар өзге де жайттар бар сияқты. Себебі, ол елдердің пікірінше, әлемдік экономикаға жасап отырған ықпал-күштеріне олардың Халықаралық қаржы қорындағы дауыс беру мүмкіндігі сәйкес келмеуде.

Кез-келген реформаның жүзеге асуы үшін уақыт керек. Яғни аталған құнды қағаздар немесе облигациялар арқылы Ресей, Қытай сияқты мемлекеттер өздеріне көрші елдерге қысқа уақытқа арналған көмек-несие беру үдерісіне қатыса отырып, қордағы дауыс үлесін көбейте алады дейді сарапшылар.

Бұл қос ел де таяуда ғана доллардан бас тарту жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Әлемдік қаржы белгісі боларлық көп ұсыныстың бірі ретінде арнайы құқыққа ие қаржы белгісін жасау ұсынылған еді.

Бұл ұсыныс Халықаралық қаржы қорының бұдан 40 жыл бұрын ойлап тапқан жасанды ақшасын еске салып отыр. Аталған қаржы белгісі ол жолы қорға мүше елдер мен Халықаралық қаржы қоры арасында ғана пайдаланылған болатын.

Бұл жолы шығарылатын арнайы құқыққа ие қаржы белгісі, яғни жасанды ақша болса, Халықаралық қаржы қорына мүше елдердің орталық банктеріне ғана сатылатын болады.

Халықаралық қаржы қоры шығарғалы отырған құнды қағаздардың бір артықшылығы, ол кейбір елдерге тікелей несие беру ісін жеңілдететін сыңайлы. Себебі, несие алушы ол елдерге тікелей қарыз беру үдерісі заңдық мақұлдау сияқты көптеген шарттарға тап болып, саяси жағынан қолайсыз болып келген еді. Бұл - Вашингтонда орналасқан Экономикалық және саяси зерттеулер орталығының сарапшысы Марк Вейсброттың пікірі.

- Халықаралық қаржы қоры былай деуі мүмкін: біз әлемдік қаржылық дағдарыспен күресуші ұйымбыз. Сондықтан бізге осы ұйымның ұйытқысы боп отырған бай елдердің ғана емес, сондай-ақ дамушы елдердің қолдау көрсетуі де маңызды. Сол себепті, құнды қағаздарды шығару қажеттілігі қазір туындауда, - деді Вейсброт.

Дей тұрғанмен, аталған жаңалықты сынаушылар да табылауда. Тікелей несие беру мен құнды қағаздар арқылы қарыз беру арасында айырма жоқ дейді олар.
XS
SM
MD
LG