Accessibility links

БҰҰ-ның халықаралық сотының геноцид жөніндегі үкіміне Босния мен Сербияда түрлі пікірлер айтылуда


Босниялық мұсылмандар мен Хорватия жетекшілері өздерінің Халықаралық Гаага сотының Босния соғысы кезіндегі геноцид үшін жауапкершілікті Сербияға беретіндей дәлел жеткіліксіз деген шешіміне көңілдері толмайтындықтарын айтты. Бұл тұрғыдағы пікірлер төмендегідей.

БҰҰ-ның Халықаралық соты Босниядағы геноцид үшін Сербияны жауапкершіліктен босатты. Сербия президенті Борис Тадич бұл шешімді қабылдай отырып, ел парламентін ресми түрде Сребреница қырғынын айыптауға шақырды:

“Бұл шешімнің ең күрделі тұсы - Сербияның халықаралық заңды бұзып, 1995 жылғы Сребреницадағы қырғынға тосқауыл қоймады деп табылып отырғаны. Бұл тұрғыда Сербия парламентінің мүмкіндігінше тезірек Сребеницадағы қылмысты айыптап қаулы қабылдауы маңызды”.

Гаага соты Сербия үкіметі босниялық сербтердің Сребреницадағы 8 мың мұсылман ер бала мен азаматтарды жаппай қырғанына тосқауыл болатын шаралар қолданбады деп айыптады. Сот сондай-ақ, Сербияға 1995 жылғы қырғынды жасаушы деп айыпталып отырған босниялық серб, генерал Ратко Младичті тапсыруды міндеттеді.

Бұл сот шешімі ақырғы әрі шектелген, апеляцияға жатпайды. Бұл сот үкіміне байланысты үш жақты Босния және Герцеговина басшылығының ұстанымы әрқалай болып отыр. Президенттіктің сербтік басшысы Небойша Радмонович, бұл сот шешімі сербтер емес Босниядағы көп адамның көңілін қалдырды деген:

«Сот шешімі бәлкім көптің көңілін қалдырған болуы керек, оның ішінде Халықаралық әділет сотының шешімін ұзақ күткендердің. Бірақ, халықаралық соттың үкімі сыйлануы тиіс, және мен келешекте ел ішінде және аймақта ынтымақтастықты күшейтуге күш салуға шақырамын».

Бірақ, үш жақты президенттіктің босниялық мүшесі Харис Силайджичтің сөзіне қарағанда, босниялықтар Гаага сотынан бұдан көбірек шешім күткен:

«Жарайды, біз толық жауапкершілікті Сербия және Черногорияға беру үкімін күткен едік, бірақ Сербия-Черногория әлі де айыпты болып отыр, өйткені олар геноцид қылмысын болдырмауда және жауапқа тартуда геноцид келісімін бұзып отыр».

Сонымен қатар, Босниялық төрағалықтың хорватяилық мүшесі Желко Комшич, Силайджичтің пікірімен қосылатынын білдіріп, жауыздық әрекеттер дұрыс бағасын алмады деп отыр:

«Геноцидтің ең сорақы әрекеті Босния-Герцеговинада 1992 жылы жасалды, ол жерде кімдер тұрғаны біздің бәрімізге белгілі».

Ал, Гаагада орналасқан Ассер институтының заң сарапшысы Эврил МакДоналд Азаттыққа берген сұхбатында, сот шешімін тараптардың бәрі бірдей оң қабылдамауы қалыпты жағдай деген:

«Мен Босния халқы үшін бұл көңіл қалу екенін толығымен түсіне аламын. Бұл өте үлкен түңілу бірақ онда жағдаймен санасу керек. Менің айтайын дегенім, халықаралық заң аясында осындай геноцидке тосқауыл қоймау өте күрделі төтенше жағдай. Геноцидтің алдын алмау кемітіп көрсетілмеуі керек. Ол маңызсыз әрекет ретінде қаралмауы қажет».

Бұл Босния-Герцеговинаның Сербия-Черногорияға қарсы соты бір жыл бұрын басталған. Босния геноцид үшін Сербияға қарсы шағым түсіріп, егер Сараево жеңген жағдайда, Босния соғыс репарациялары үшін де арыздана алатын еді.

Жалпы, Босния Белград босниялық қарулы сербтердің этникалық жеккөрушілігін қоздырды деп дәлелдеуге тырысып келеді.
XS
SM
MD
LG