Accessibility links

"Қырғызстанның оңтүстігінде тағы бір толқу болуы мүмкін"


Оштағы наразылық митингілерінің бірінен көрініс. 20 тамыз 2010 жыл
Оштағы наразылық митингілерінің бірінен көрініс. 20 тамыз 2010 жыл

«Халықаралық дағдарыс тобы» Қырғыз Республикасының оңтүстігіндегі ахуалды барлап, арнайы есеп жариялады. Тиісті қауіпсіздік шараларын қолға алмаса, тағы бір сойқан болуы мүмкін деп ескертеді шетелдік мамандар.


ЖАҢА БИЛІКТІҢ ОСАЛ ТҰСТАРЫ

Брюссельде орналасқан «Халықаралық дағдарыс орталығы» атты тәуелсіз ұйым тамыздың 23-інде «Қырғызстандағы қырғын» атты есебін жариялады. Құжатта биылғы маусым айында осы елдің оңтүстігінде тұратын қырғыздар мен өзбектердің арасындағы қақтығысқа талдау жасалған.

Маусымның 11-і мен 14-і арасында болған қақтығыс кезінде жүздеген адам қаза тапты, екі мыңнан астам үй-жай қирады. Зардап шеккендердің көпшілігі өзбектер болып шықты. Бұл жағдай екі этникалық топтың арасына жік салып, дүрдараз етті.

«Халықаралық дағдарыс тобы» бұл шиеленіс Құрманбек Бакиевті биліктен қуып, биылғы қазан айында парламент сайлауын өткізуге қамданып жатқан Уақытша үкіметтің шарасыздығын көрсетті деп жазады.

«[Ош өңіріндегі] зорлық-зомбылықты тоқтатып, енді ондайды болдырмауға қатысты үкіметтің жайбасарлығына қарасаңыз, тағы бір сойқанның жақындап қалғаны сезіледі» деп жазылған талдау-есепте.

БЕРЕКЕСІ ҚАШҚАН АЙМАҚ

Жаппай тонау, қарақшылық, адам өлтіру мен үй өртеу әрекеттері тұрғындарға әрі психологиялық, әрі экономикалық соққы болып тиді. Этникалық өзбектер мен өзге де аз ұлттар елден қаша бастады, Орталық Азиядағы онсыз да қалт-құлт етіп тұрған саяси-экономикалық ахуал күрт нашарлады.

Жоғарыдағы есепке сәйкес Қырғызстанды қалпына келтіру ұзаққа созылмақ, әрі қиынға түспек. Өйткені қақтығыстан зардап шеккен аудандарда қауіпсіздік орнататын қауқары бар бір де бір мемлекеттік құрылым бой көрсете алмады.

«Халықаралық дағдарыс тобы» жаппай тонау мен ойрандау әрекеттерін тергеу үшін, үйлестіру жұмыстарын тізе қосып атқару үшін және бүлінген ауылдар мен қалаларды қалпына келтіру үшін халықаралық полиция мен дипломатиялық қауымдастықтың көмегіне жүгінген абзал деп санайды.

Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының полиция жасақтары жуырда Қырғызстанға кірмекші. Бірақ елдің ішінде бұл мәселеге қатысты пікір екіге жарылды. Әсіресе, Ош өңірінің бірсыпыра халқы бұл идеяға үзілді-кесілді қарсы.

МЕЛС МЫРЗАКМАТОВТЫҢ МӘСЕЛЕСІ

«Халықаралық дағдарыс тобы» назар аудартып отырған жайт – Қырғыз үкіметінің елдің оңтүстігіне билігін жүргізе алмай жатқаны.

«Ош қаласының мэрі Мелс Мырзакматов – қантөгіс кезінде саяси күшке айналған экстремистік пиғылдағы ұлтшылдардың жас жетекшісі. Оның билігі бүгін нығайып алды, сөйтіп ол Қырғызстанның оңтүстігіндегі негізгі саяси тұлғаға айналып шыға келді» деп жазылған есепте.

Мырзакматовты тергеу ісін немесе онымен бітімге келу мәселесін қырғыз саясаткерлері әділ түрде қарастырмауы мүмкін. Өйткені олардың бәрі қазан айындағы сайлау кезінде көп дауыс жинағысы келеді. Қырғыз қоғамында белең алып тұрған ұлтшылдық көзқараспен үкімет санасуға мәжбүр болады деген байлам жасайды құжат авторлары.

«Халықаралық дағдарыс тобы» Қырғызстанның оңтүстігі орталық үкіметтің ықпалынан біржола шығып кетсе, бұл өңірде есірткі саудасы тез жанданып, исламист топтар бірден бас көтеруі мүмкін деп ескертеді.

ТАҒЫ БІР СОЙҚАННЫҢ ШЕТІ КӨРІНЕДІ

Қырғызстан үкіметі маусым айында болған қантөгіске сыртқы күштер, оның ішінде діни экстремистер кінәлі деп есептейді. Бірақ, «Халықаралық дағдарыс тобы» қырғынға Бакиевтің жақтаушыларынан бөлек көрнекі саясаткерлерден бастап түрлі ұйымдасқан қылмыстық топ басшыларына дейін түгел қатысты деген пікірде.

Жалпы, Қырғызстанда саяси-әлеуметтік ахуалы шиеленіскен күйі қалды, ал елдің оңтүстігінде тіпті шиыршық атып тұр деп ескертеді халықаралық ұйым. «Ош басшылығы өзбектерге қарсы жазалау шараларын ашық қолданып жатыр. Бұл қарымта күш қолдануға ұласуы мүмкін» деп жазылған есепте.

Есебін қорыта келе «Халықаралық дағдарыс тобы» Қырғызстанның оңтүстігінде болған қантөгістің себептері түгел анықталып, ендігәрі мұндай зорлық-зомбылыққа жол бермеу шаралары жан-жақты қолға алынбаса, тағы бір қантөгіс болуы ықтимал дейді.

Бұдан бұрын дәл осындай мазмұндағы есепті «Хьюман райтс уотч» ұйымы да жариялаған еді. Қырғызстан үкіметі құжатта айтылған сын-ескертпелерге шамданып қалған. Бішкектегі ресми билік оңтүстікте болған жағдайды өзі-ақ жан-жақты тексере алатынын байқатқан.

Қырғызстанның Қауіпсіздік хатшысы Марат Иманалиев «Халықаралық дағдарыс тобының» есебіне қатысты Азаттық радиосына берген сұхбатында жағдайды жіті бақылап отырғанын айтты. Иманалиев егер тағы бір толқу ұйымдастырғысы келген қандай да бір әрекет байқалса, бірден қатаң жазаға тартылатынын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG