Accessibility links

Иран ресми билігі елдегі наразылық шерулерінің артында сыртқы күштер тұр дейді


Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Хассан Қашқави баспасөз мәслихатында. 22 маусым, 2009
Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Хассан Қашқави баспасөз мәслихатында. 22 маусым, 2009

Ресми Теһран Иранда маусымның 12-інде болған президенттік сайлау қортындысынан кейін басталған наразылық шерулері үшін шетелдік күштерді кінәлап, шерушілерді лаңкестер, көтерілісшілер деп айыптауда.

Иран президенті Махмуд Ахмадинежад сайлау қортындысында қайта жеңіске жетті деген хабардан кейін, оның басты қарсыласы Мир Хусейн Мусавидің жақтастары наразылық шараларын бастап кеткен болатын.

Сенбі, маусымның 20-да, Теһранда болған шерулер жалғасында кем дегенде 10 адам қаза болып, жүздегені тұтқындалған екен.

Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Хассан Қашқави:

- Көптеген Еуропа елдері және Америка өз мәлімдемелерінде халықты демократиялық тәсілдерді пайдалануға, сондай-ақ заңдық шараларды сыйлауға шақырғанның орнына негізінен көтерілісшілер мен оппортунистерді қолдауда, - деді.

Елдің рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи жұма күні сөйлеген сөзінде Батыс елдерін Ирандағы оқиғаларға араласуда деп айыптады. Ол сондай-ақ шерулердің тоқтатылуына бұйрық берді.

Иран ресмилері сонымен бірге, осы бей-берекеттіктерді өршітуде деп шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын, яғни журналистерді айыптауда.

Соның айғағы ретінде, мысалы Иран үкіметі BBC-дің Ирандағы тұрақты тілшісінің елден шығуына бұйрық берді. Сондай-ақ Newsweek басылымының айтуынша, оның бір журналисі тұтқындалып, содан бері одан хабар алу мүмкін болмай қалған екен.

Ал, Батыс үкіметтері болса, сайлауды әділ өткізе алмады және бейбіт шеруге шығуға Конституция бойынша берілген хұқын халықтың пайдалануына мүмкіндік бермеді деп Иран билігін айыптауда.

Германия канцлері Ангела Меркель жексенбі күні сөйлеген сөзінде аталған тығырықтан шығудың оңай да айқын жолы сайлау қортындыларын қайта есептеу, қажет болған жағдайда шетелдік бақылаушыларды қатыстыра отырып, қайта сараптан өткізу деп атап өтті.

Мұндай ұсыныс-пікірлердің айтылуына Иран Сақшылар кеңесінің жексенбі күні жасаған оқыс мәлімдемесі түрткі болған еді.

Атап айтқанда осы Кеңестің сайлауды бақылауға жауапты өкілі Аббас-Әли Кадходей маусымның 21-і күні Ахмадинежадтың 3 қарсыласының шағымдарына жауап бере келіп, президенттік сайлау қортындысын санау барысында кейбір заңсыздықтарға орын берілген деп мәлімдеді.

Елдің 50-дей қаласында қорытынды бойынша көрсетілген дауыстар саны сол жерде тұрып жатқан сайлауға қатысуға хұқы бар азаматтардың санынан асып кеткен деген еді өкіл.

Сондай-ақ есепке алынған 3 миллиондай дауыстың күдік туындатып отырғанын да ол жасырған жоқ. Дей тұрғанмен, мұндай заңсыздықтар сайлаудың жалпы нәтижесіне әсер ете алмайды деді Кадходей.

Мир Хусейн Мусави болса, сайлаудың қайта өткізілуіне және бейбіт шерулердің одан әрі жалғасуына шақыруда. Оның жақтастары елдегі бей-берекеттіктер барысында қаза болғандарға өздерінің ниеттес екендерін білдіруге халықты шақырып отыр.

Ол үшін көлік жүргізушілер машиналарының жарықтарын дүйсенбінің кешінде 2 сағатқа жағып қоймақшы. Ал, жаяу жұрт жасыл лента тағылған шырағдан ұстап, көшелерге шықпақшы. Жасыл түс-Мусавидің сайлау науқанының белгісі.
XS
SM
MD
LG