Accessibility links

Иранда дауыстар қайта есептелуде


Мусави жақтастары оның үнін әлемге естіртуге тырысуда. Теһран. 28-маусым, 2009
Мусави жақтастары оның үнін әлемге естіртуге тырысуда. Теһран. 28-маусым, 2009

Хабарларға қарағанда Ираннның Сақшылар кеңесі таласты сайлау қорытындысына байланысты дауыстарды қайта есептеуді жүргізуде. Оның қорытындысы сейсенбіде белгілі болуы мүмкін. Сондай-ақ оппозиция жетекшісі Мир Хусейн Мусави тұтқындалды деген де қауесет бар.

Хабарларға қарағанда, сайлау қорытындысына наразы болғандар мен оппозиция жетекшісі Мир Хусейн Мусавидің бірнеше мыңдаған жақтастары Теһранның солтүстігінде, 28 маусым күні шеруге шыққан.

"Мусави, Каруби ұзақ өмір сүрсін!" деп ұрандасты шерушілер.

Жиналғандарға Мусавидің сөз арнағанын көрсеткен бейнетаспа дәл сол күні пайда болды. Алайда, дыбыс күшейткіштен шығып жатқан сөздерді түсіне қою қиын болуда.

Оппозиция жетекшісі Мир Хусейн Мусави тұтқындалды немесе үй қамағына алынуы мүмкін деген қаусет сөз таралуда. Алайда, мұндай хабарларды растайтын өзге бұлақтар болмай отыр.

Сыншылардың айтуынша, бұл қайта есептеулер жай көзбояушылық қана. Себебі Сақшылар кеңесінің сайлау қорытындыларына айтарлықтай өзгерістер енгізбейтіні белгілі дейді олар.

Дауыстарды қайта есептеу үшін құрылған комиссия құрамына Мусавидің де, келесі реформашыл үміткер Мехди Карубидің де тарапынан өкілдер енгізілген жоқ.

Иран ресмилері шетелдік журналистерді елден шығарып, жергілікті ақпарат бұлақтарын қысымға алғалы бері, сайлаудан кейінгі елдегі жағдай туралы, нақты хабар алу қиынға айналып отыр.

Дегенмен, болып жатқан оқиғалар туралы әлемді хабардар етпек ниетпен, жекелеген адамдар ұялы телефондары арқылы бейнежазбалар мен мәтіндерді интернет арқылы таратуда.

Әл-Алам мемлекеттік теледидарының хабарына қарағанда, қайта есептеулер Теһранның 22 ауданы мен басқа да аймақтарда жүргізілуде.

Құрамында 12 мүшесі бар қайта есептеу комиссиясы жалпы дауыстың 10 пайызын ғана екінші мәрте есептеу жөнінде ұсыныс жасаған болатын.

Сақшылар кеңесі бұл сайлауды әділ де шынайы деп бағалап та қойған еді.

Оппозиция болса, президенттік сайлауды қайта өткізуді талап етіп, 12 маусымдағы сайлауда заң бұзушылықтар орын алды деп мәлімдеп келеді.

Елде шерулер саны күрт төмендегеніне қарамастан, сайлаудың өту барысы мен қорытындысын және содан кейінгі апталарда шерулерді ресмилердің басып-жаншығанын сынға алушы саясаткерлер, діни қайраткерлер саны артып келеді.

Сайлаудан кейінгі уақыттан бері үнсіз қалған, бұрынғы президент Әли Акбар Хашеми Рафсанжани 28 маусым күні алғаш рет пікірін білдірді.

Маусымның 12-дегі сайлауда Мусавиге қолдау көрсеткен Рафсанжани өз мәлімдемесінде елдің рухани көсемі Аятолла Әли Хаменейдің қайта есептету үшін Сақшылар кеңесіне жекелеген дауыстарды жіберу керек деген шешімін қызу қуаттады.

Рафсанжани Сақшылар кеңесі мүшелерін аталған қайта есептеулерді нақты, әділ және шынайы түрде жүргізуге шақыруда.

Сондай-ақ Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Хасан Қашқави бұдан бұрын тұтқындалған, Британия елшілігінде жұмыс істейтін 9 жергілікті қызметкердің бесеуінің босатылғаны жөнінде хабарлады.

Иран билігі ол 9 қызметкерді сайлаудан кейінгі көшедегі шерулерге қатысты деп айыптаған болатын. Лондон ондай айыптауларды кері қағуда.
XS
SM
MD
LG