Accessibility links

Теһранда қауіпсіздік күштерімен қақтығыстарда 4 шеруші қаза болды


Теһрандағы үкіметке қарсы шерулер. 27 желтоқсан. 2009 ж.

Теһрандағы үкіметке қарсы шерулер. 27 желтоқсан. 2009 ж.

Жексенбі күні Теһранда қауіпсіздік күштері мен мыңдаған шеруші арасындағы қақтығыстан төрт адам қаза тапты. Иран оппозициясы шииттердің Ашура мерекесі мен өткен аптада қайтыс болған діни қайраткер аятолла Хоссейн али Монтазеридің жетісін пайдаланып, үкіметке қарсы шерулерін жалғастырған.

Желтоқсанның 27-де Иран астанасында жалғасқан оппозицияны қолдаушылардың шеруіне қарсы қауіпсіздік күштері күш қолданып, кемінде 4 адам қаза тапты, көптеген адам жарақаттар алды деп хабарланды.

Теһрандағы шерулерде қаза тапқандар арасында Иран оппозициясының жетекшісі Мир Хоссейн Мусавидің немере інісі де бар. Реформашыл вебсайттардың жазуынша, Теһрандағы мыңдаған оппозиция жақтастары мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыстан
Шеруге шыққандар үкіметке қарсы наразылықтарын білдіріп, қауіпсіздік күштерімен қақтығысты. Теһран, 27 желтоқсан 2009 жыл.
қаза болған Али Мусавидің мәйіті ауруханада ұсталып отыр. Бұл туралы Мусавидің жақын одақтасы Фарда радиосына хабарлады.

Оқиға орнында болған ирандық шерушілер Азат Еуропа/Азаттық радиосына хабарласқанында, көшеген шыққан адамдар Иранның рухани жетекшісі Аятолла Хаменеиге қарсы ұрандар айтты деді.

Шеруге шыққандар: «Диктаторға өлім, диктаторға өлім!» деп ұрандаған.

Иранның оппозициялық Рахе Сабз вебсайты үш шерушіні Басидж күштері атып тастады деп жазды. Бұл ақпараттар тәуелсіз ақпарат бұлақтарынан расталмады, бірақ оқиға орнында болғандар шерулер жалғасып жатыр дейді.

Теһрандағы адам құқын қорғаушы белсенді Азаттық радиосымен байланысқа шығып, қауіпсіздік күштері 4 шерушінің басынан қолшоқпармен ұрып өлтірді деп хабарлады.

Куәгерлердің хабарлауынша, шеруге шыққандарға қарсы үкіметтік күштер оқ атқан. Теһран, 27 желтоқсан 2009 жыл.
Теһраннан хабарласып, өз аты-жөнін атауды қаламаған бір азамат үкіметтік күштер шеруге шыққан адамдарға қарсы оқ атып жатқанын өз көзімен көргенін айтты.

«Бүгін таңертең біз Хафез көпірінің астынан өтіп бара жатқанда, олар тікелей адамдарды атып жатты. Полиция киіміндегі адамдар», - деді ол.

Оның айтуынша, наразылыққа шыққандар қауіпсіздік күштерінің мотоциклдерін ұстап алып, от қойған. Фарда радиосына телефон шалған тағы бір шеруші қауіпсіздік күштері қала орталығындағы адамдарды тарқату үшін көзден жас ағызатын газ бен бұрыш шашып жатқанын айтты.

«Дәл қазір мен Бозоргмер мен Вали Аср көшелерінің қиылысында тұрмын. Мұнда көп адам шоғырланған. Қауіпсіздік күштері мотоциклдерімен адамдарға шабуылдап жатыр. Мен олардың 150 шақтысын көрдім. Адамдар қоқыс салатын жәшіктерге от қойды. Олар Ислам республикасының жетекшілері мен диктаторлыққа қарсы ұрандар айтып жатыр», - дейді ирандық бойжеткен.

Шеруге шыққандар қақтығыс кезінде жарақат алған полиция қызметкеріне жәрдем көрсетуде. Теһран, 27 желтоқсан, 2009 жыл.
Өзінің қауіпсіздігіне алаңдап, атын атамаған келесі бір ирандық Теһран орталығының жол жағаларынан шашыраған адам қанын көргенін айтты.

ИСНА ақпарат агентігіне Теһран полициясының басшысы Азизолла Ражабзаде өзіне адам өлімі туралы ешқандай деректер түспегенін алға тартты.

Жексенбі күнгі шерулер Иранның жетекші диссидент діндары әрі Иран оппозициясының Жасылдар қозғалысының рухани көсемі болған Аятолла Хоссейн Али Монтазеридің қайтыс болғанына 7 күн болған тұста болып, Исфахан қалаларында оны еске алу шаралары өтті.

Сонымен қатар жексенбі күнгі шиит мұсылмандарының Ашура мерекесінде VII-ші ғасырда өлтірілген Мұхаммед пайғамбардың немересі Хуссейнді еске алу шарасы өтті.

Монтазеридің қазасынан кейін Иран оппозициясы қайта көтеріліп, үкіметке қарсы шерулерін жандандырды. Өткен аптада Монтазеридің туып-өскен қалалары мен Теһран, Исфахан, Нажафабад және Қом қалаларында билікке қарсы шерулер өтті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG