Accessibility links

Халықтың сайлауға қатысу белсенділігі жоғары болса дауыс ұрлау пайдасыз боп қалады

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Иран президенттік сайлауынан үміткер, реформашыл Мусави жақтастары көшеде. 8 маусым, 2009 ж.

Иран президенттік сайлауынан үміткер, реформашыл Мусави жақтастары көшеде. 8 маусым, 2009 ж.

Иран президенттік сайлауы маусымның 12-сі, жұмада өтеді. Бұдан бір ай бұрын дауыс берушілердің сайлауға қатысуға деген ынтасы төмен еді. Қазір жағдай өзгерген. Оппозициядағы 3 үміткер де президент Ахмадинежадтың көзбояушылық арқылы билікке қайта келмеуін көздеуде.

- Иран - қашан да күтпеген оқиғаларға толы ел. Иран президенті Махмуд Ахмадинежаттың әлемдік қауымдастық алдындағы беделі өткен 4 жыл ішінде әбден құлдилап бітті. Алайда алда қазір өзгерістер күтіп тұрғандай. Ахмадинежад президенттік қызметте бір сайланымдық, яғни 4 жылдық президенттіктен кейін осы қызметінен кететін, төңкерістен бергі, Иранның алғашқы президенті болмақшы. Егер ресмилер сайлау қортындыларын өрескел түрде бұрмаламаса, онда өзгеріс расында да орын алмақшы. Дауыс берушілердің сайлауға қатысу белсенділігі 50, тіпті 60 пайыздан да жоғары болуы ықтимал, - дейді Азаттық радиосының хабарлар тарату бойынша директоры Аббас Жавади.

Ахмадинежадтың президенттік қызметін жалғастырмақ ниетіне оппозициялық 3 үміткер де пәрменді тойтарыс беруде.

Мысалы, бұрынғы үкімет басшысы, реформашыл Мир Хусейн Мусави елдегі экономикалық дағдарыс пен саяси репрессия және жікке бөлінушілік үшін Ахмадинежадты аяусыз сынауда.

Ол өзінің сайлау алды науқанының түсі ретінде жасылды таңдаған еді. Қазір қалалар көшелері жасыл киім киіп, жасыл жалаулар ұстаған Мусави жақтастарына толып кеткен.

Ал, Иран парламентінің бұрынғы төрағасы, реформашыл Мехди Карруби болса, елдегі сыбайласқан жемқорлық пен заңсыз тұтқындауларды айыптай келіп, елде баспасөз бен интеллигенцияға, этникалық азшылықтарға кең тұрғыдағы саяси еркіндіктің берілуіне шақыруда.

Ислам төңкерістік жасағының бұрынғы басшысы, консервативтік бағыттағы Мохсен Резай де Ахмадинежадтың ел экономикасы мен ел үкіметін басқару тәсілін пәрменді түрде сынауда.

Иранда алғаш рет президенттікке үміткерлер арасында тікелей толқындағы телесайыс өтті. Ел азаматтары алғаш рет теледидар арқылы ашық түрде пікірлерін білдіріп, миллиондаған доллардың тоналғандығын, шеруге шыққан студенттердің өлтірілгендігін, жоғары шенді үкімет өкілдері арасындағы рушылдық сияқты тақырыптарды қозғады.

Мұның өзі елде өзгерістер болады деген сенімге жетелеуде. Себебі, бұдан бірнеше ай ғана бұрын мұндай пікірлерді жариялаған басылымдар жабылып тасталып, қызметкерлері қамауға алынар еді.

Ахмадинежадты негізінен жұмысшы табының өкілдері қолдап, қазіргі президент үшін дауыс беретіндер саны 30 бен 35 пайыз арасында болады деп болжануда.

Сайлаушылардың келесі 30 пайызы - Ахмадинежадты ешқашан қолдамайтындардың қатарынан. Ал қалған 40 пайызы жағдайға қарай үміткерді таңдайтын, бейтарап сайлаушылар боп есептелуде.

Сондықтан, сарапшылардың пікірінше, бұл соңғы екі топ өкілдерінің қай үміткерді қолдап дауыс беретінін сайлаудың соңына дейін дөп баса айта қою мүмкін емес.

Сарапшылардың бағалауынша, бұл жолы үміткерлердің ешқайсысы да 50 пайыздан жоғары дауыс жинақтай алмайтын сыңайлы. Демек, негізгі қарсыластар - Ахмадинежад пен Мусави арасындағы келесі сайыс осы айдың соңында өтуі мүмкін.

Ахмадинежадтың белсенділері көп дегенде 2-3 миллион дауысты ғана ұрлай алуы мүмкін. Елдегі 46 миллион сайлаушылардың алдағы сайлауға қатысу белсенділігі жоғары болған жағдайда ол дауыс ұрлаулар пайдасыз боп қалады дейді сарапшылар.

Бұл айтылғандар - Азаттық радиосының хабарлар тарату бойынша директоры Аббас Жавадидің жеке пікірлері. Сондықтан ол Азаттық радиосының ұстанымдарымен сәйкес келмеуі мүмкін.
XS
SM
MD
LG