Accessibility links

Ирандық Yas No газеті алғашқы саны оқырман қолына тиер-тиместен қысымға ұшырады

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Алты жылдан кейін жарық көрген "Йас но" газетінің бірінші беті

Алты жылдан кейін жарық көрген "Йас но" газетінің бірінші беті

Ирандағы реформашыл газетті жабуға тағы шешім шығарылды. Осы сенбі күні ғана ол басылым 6 жылдық тиымнан құтылып, бірінші номері жарық көрген еді.

"Йас но" - "Жаңа жасмин" деп аталатын бұл газеттің шығарушылары басылымда, маусымның 12-де болатын президенттік сайлау қарсаңындағы, өз ұстанымдарын жариялауға ниет еткен еді. Алайда арада санаулы сағаттар ғана өткен кезде Теһран прокуроры Сайед Мортазавидің бұйрығы бойынша "Йас но" газеті жұмысын қайта тоқтатуға тиіс болды.

Газетке бұдан алты жыл бұрын, парламенттегі реформашыл депутаттардың хатын жариялағаннан кейін, тиым салынған болатын.

Ол хатта, 2004 жылғы парламенттік сайлауда, біраз кандидаттарды сайлауға қатысу құқынан айырған әрекетке елдің рухани көсемі Аятолла әли Хаменейдің қаншалықты қатысы бар екендігі сұралған еді.

Сот алқасы осыдан бірнеше ай бұрын аталған газеттің қайта жарық көруіне болады деп шешім шығарған болатын.

Теһран прокуроры Сайед Мортазави-1990-шы жылдардың соңы мен 2000-шы жылдардың басында бірнеше ондаған реформашыл және либералдық бағыттағы басылымдардың шығуына кедергі жасауымен аты шыққан тұлға.

"Йас но" газетінің ауторларының бірі Мохаммад Реза Язданпана Фарда радиосына айтқан пікірінде:
-Біз - оптимиспіз. Оптимист болмасақ, газетті қайта шығара алмайтын едік. Оптимист бола тұра біз, әйтеуір бір күні "Йас ноның" біржолата жабылып тасталатынын білгенбіз. Бәріміз де солай боларын білеміз. Алайда біздің қолымыздан келетіні сондай жағдайды болдырмау-, деді Язданпана.

"Йас ноның" бас редакторы Мохаммад Наймипур - реформашыл бағыттағы Мошарекат партиясының белгілі мүшесі. Ал ол партия бұрынғы реформашыл президент Мохаммад Хатамиге жақын.

Газет алдағы президенттік сайлауға үміткер ретінде қатысатын реформашыл кандидат Мир Хоссейн Мусавиге қолдау көрсетуді жоспарлаған еді.

Газеттің 16 мамыр күні жарыққа шыққан санының бірінші бетінде "Хатами мен Мусави Иран үшін" деген мақала жарияланған-ды.

Хатами өткен айда бұрынғы үкімет басшысы Мусавидің кандидатурасын қолдау үшін жарыс бәйгесінен өз еркімен шыққан еді.
Мусави маусымның 12-де болатын президенттік сайлауда қазіргі президент Махмуд Ахмадинежадқа негізгі қарсылас болады деп күтілуде.

Иран журналистері қауымдастығының басшысы Бадросадат Мофидидің айтуынша, газетті жабудағы бұл заңсыз шешімдер алдағы сайлауға байланысты қабылданды.

-Бұл әрекет алдағы сайлауда, ел билігінде өзгерістер болуынан ел ресмилерінің қорқуларының нәтижесінде пайда болып отыр,- деді Мофиди.

Хабарларға қарағанда, президенттік сайлауда Махмуд Ахмадинежадқа негізгі қарсылас болатын Мусави "Каламех сабз" -"Жасыл сөз" деп аталатын жаңа, жеке газетін таяу күндері шығара бастайды екен.

Ал, Иранның мәдениет министрі Хосейн Сафар Харанди мамырдың 17-де сөйлеген сөзінде ел журналистерін алдағы сайлауды насихаттауда ынта-жігерлерін арттыруға үндеді. Министр журналистерді сайлау туралы жазу барысында елдің мәдени және этикалық дәстүрлерін бұзбауға шақырды.
XS
SM
MD
LG