Accessibility links

Иран президенті қанды шабуылдың артында АҚШ-тың қолдауындағы күштер тұр дейді


Иран Ислам төңкерісі сақшыларына қарсы шабуылға Пәкістан қауіпсіздік агенттерінің қатысы бар деп айыптап тұр. 18 қазан. 2009

Иран Ислам төңкерісі сақшыларына қарсы шабуылға Пәкістан қауіпсіздік агенттерінің қатысы бар деп айыптап тұр. 18 қазан. 2009

Жексенбі күні Иранның жоғары дәрежелі бес қолбасшысымен қоса 42 адам жанпидашының шабуылынан қаза тапты. Иран бұл шабуылға АҚШ, Британия Пәкістанның қатысы бар деп, Исламабадтан жарылысқа жауапты деген Жундолла сүнниттер тобының жетекшісін беруді талап етіп отыр.

Иранның оңтүстік –шығыс аймағында 42 адам оның ішінде кемінде 5 жоғары шенді қолбасшы жанкештілік шабуылдан қаза болды.

Иранның ақпарат құралдарының жазуынша, Систан мен Белуджистан провинциясындағы Пишин қаласы аймағында бір жанкешті өзін жарып жібергенде, Ислам төңкерісі сақшылар корпусының мүшелері мен қатар тайпа жетекшілері және бейбіт тұрғындар мерт болды.

Құрбан болғандардың ішінде Төңкерісшіл сақшылар корпусының құрлықтағы күштері басшысының орынбасары, генерал Ноурали Шоуштари мен Систан-Белуджистандағы сақшылар қолбасшысы генерал Ражабали Мохаммадзаде болды.

Бұл қанды шабуыл Систан мен Белуджистан провинцияларында қауіпсіздік шараларының күшеюіне әкелуі мүмкін. Бұл аймақта қауіпсіздік күштері мен есірткі тасымалдаушылар және көтерілісшіл топтар арасында қақтығыстар жиі орын алып тұрған.

Лондондағы ирандық сарапшы Абдол Саттар Дошоки Фарда радиосына берген сұхбатында, Ислам республикасы енді бұл шабуылды өзінің қарсыластарын басып-жаншуға пайдалануы мүмкін деген. Оның айтуынша, өкінішке қарай Иран әрбір нәрсені өзінің әскери тұрғыдағы жоспарын алға тарту арқылы шешеді. Сондықтан оның салдары Теһран мен Белуджистандағы қақтығыстарда жатыр деді ол.

Дүйсенбі күні Иранның сақшылар корпусының басшысы, генерал Мохаммад Али Жафари бұл шабуылға Пәкістанмен қатар Құрама Штаттар және Британия барлау қызметінің қатысы бар деді:

"Елдің қауіпсіздік аппараты жинаған құжаттар Абдол Малек Ригидің тобы тікелей АҚШ, Британия және өкінішке қарай, Пәкістан барлау қызметімен байланысы бар екенін көрсетті. Ригидің өзі мен оның жоспары осы ұйымдардың қорғауы астында екеніне еш күмән жоқ,-" дей келе "оларға қарсы жазалау шаралары болады" деп ескертті.

Бұл шабуыл Вена қаласында Батыс пен Иранның осы елдің ядролық бағдарламасына қатысты кездесуіне бір күн қалғанда орын алып, жағдайды қиындатып отыр.

Британия өз кезегінде адамдар өмірін қиған Систан мен Белуджистандағы террорлық шабуылды айыптады.

АҚШ мемлекеттік департаменті бұған қатысты таратқан мәлімдемесінде, біз терроризм әрекеті мен бейкүнә адамдардың құрбан болғанын қатты айыптаймыз деді.

Ислам төңкерісі сақшыларының басшысы Иран қанды шабуылға жауапты деп көтерілісшіл сүннит тобының жетекшісін беруді Пәкістаннан талап етеді деді.

Иран ресмилері жексенбі күнгі жанкештілік шабуылды ұйымдастырған Жундалла тобының жетекшісі Абдол Малек Риги Пәкістанда тығылып жүр деп отыр.

Иранның мемлекеттік теледидары сүнниттік жікшіл топ Жундолла бұл жарылысқа жауапкершілікті алды деп хабарлады.

Бұл аймақтағы журналистер Жундолланың мәлімдемесі шындыққа келеді дейді. Бұл топ Систан мен Белуджистанда болған бірнеше шабуылдың артында тұрған дейді апталық "Собхе Захедан" басылымының бас редакторы Емадедин Мазари. Иранның бұл шабуылға қатысты айыптауына байланысты өз пікірін білдірген Мазари осыған дейін де ресми Теһран елді тұрақсыздандыру үшін Құрама Штаттар мен Британия сүннит тобына қолдау танытып отыр деп кінәлаған дейді:

«Бүгінгі шабуыл құрылымы жағынан осыған дейінгі аймақта болған шабуылдарға өте ұқсас. Сондықтан бұл Абдол Малек Риги бастаған террорлық топтың ісіне әбден ұқсайды»

Журналист Мазаридің сөзіне қарағанда, жексенбілік қанды шабуыл Төңкеріс сақшыларының аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге түрлі тайпа жетекшілерін тарту жөніндегі жаңа жоспарын бұзуды мақсат еткен көтерілісшіл топтың әрекеті.

Мазаридің айтуынша, Жундолла тобы Белуджи сүннит азшылығымен арада достық қарым-қатынас орнауына жол бергісі келмейді.

«Қолбасшы Шоуштари тайпа жетекшілерімен байланысу жөніндегі өзінің жаңа бастамасына кіріскен. Ол өз жоспарына қатты сеніп, бұл аймаққа ақсақалдар мен тұрғындардың өздері арқылы тыныштық орнатқысы келген».

Иранның сақшылар корпусы шетелдік жаулар жасаған бұл шабуылдың мақсаты шииттер мен сүнниттер арасында қайшылықтар тудыру болды деген мәлімдеме таратты.

Журналист Мазаридің пікірінше, қанды шабуылдың аймаққа саяси -әлеуметтік және экономикалық салдары болады.

Иранның Ішкі істер министрлігі шабуылды жасағандар тез арада ұсталып, жазаланады деп айтты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG