Accessibility links

Иран әйелдері шерулердің алғы шебінде

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Иран әйелдері сайлау қорытындысына наразы шеруші азаматқа араша түсуде. маусым, 2009

Иран әйелдері сайлау қорытындысына наразы шеруші азаматқа араша түсуде. маусым, 2009

Иранда, сенбі күнгі шеру барысында оққа ұшқан Неда есімді қыздың суреті әлемді аралап кетті. Қазір Иран әйелдері көшедегі шерулерден бастап, азаматтық журнализм саласында болсын белсенді рөл атқаруда.

Бәзбір Иран әйелдерінің Азаттық радиосына айтуынша, олар 12 маусымдағы сайлауға Ахмадинежадқа қарсы дауыс беру үшін қатысқан екен.

Мысалы, жалпыхалықтық шеруге шақырғандардың қатарында бұрынғы президент Акбар Хашеми Рафсанжанидің әйелі де бар болатын. Мына бір бейнетаспадағы:

- Үміткерлердің жақтастарына сайлаудан кейін қандай кеңес айтар едіңіз? - деген журналистің сауалына Рафсанжанидің әйелі:

- Егер заң бұзушылықтар орын алса, олар көшелерге шеруге шығулары тиіс, - деген еді.

Оның шеруге қатысқан-қатыспағаны белгісіз. Алайда оның қызы Фаези Хашеми шеруге қатысқаны үшін қысқа уақытқа қамалған болатын. Реформашыл-үміткерлер Мир Хусейн Мусави мен Мехди Каруби өз бағдарламаларына әйелдер құқын қорғау сауалдарын енгізіп, ол саясатын жүргізуге уәде берген еді.

Мусави сайлауалды науқан жиындарына әйелі Захра Рахнавардпен бірге келген болатын. Ол - университеттің бұрынғы оқу ісінің меңгерушісі, бұрынғы президент Мұхаммад Хатамидің кеңесшісі. Рахнавард ханым жиылыстарда сөз сөйлеп, сұхбат беріп, мақалалар жазу арқылы күйеуінің сайлауалды науқанына белсенді түрде қатысқан еді.

Хабарларға қарағанда, ол өткен аптада студенттермен екі рет кездесіп, Мусавидің халық құқын қорғау идеясын одан әрі жүргізе беретінін айтқан екен.

Иран президенті Махмуд Ахмадинежад та әйелдер құқын қорғауға уәде беріп, біраз әйелдердің қолдауына ие болған еді. Президенттің сондай жақтасы, үкімет өкілдерінің бірінің жұбайы, журналист әйел Фатеми Ражаби екен.

Өткен аптадағы бейбіт шерулердің алғы шебінде түрлі әлеуметтік салалардан шыққан әртүрлі жастағы әйелдер болды. Олардың кейбірі ұрандатып плакаттар көтеріп, полицияға қарсы тұра білді.

Сарапшы Захра Ғоламипоур ханымның Азаттық радиосына айтуынша, Иран әйелдері толып жатқан тыйымдарға қарамастан қоғамда белсенділік танытып келеді. Бұл жолғы бейбіт шерулер тұсында да Иран әйелдері ерлерден озық келеді деді ол.

Куәлардың айтуынша, Иран полициясы көтерілістерді басу барысында әйел, еркек деп қарамастан барлығына бірдей жауап қайтарған.

Сарапшылардың пікірінше, Иран университеті студенттерінің 65 пайызын құрап отырған қыздар қауымы әйелдер хұқын қорғау ісінде әлі талай күрестер жүргізбек.

Олардың кейбірі қазірдің өзінде "Біздің даусымыз - біздің үніміз" дейтін жаңа ұрандарды көтеруде.

Осылайша Иран әйелдері "Менің берген даусым қайда?" деген ұрандарын көтеріп, өткен аптада бірнеше жүздеген мың шерушілердің арасынан табылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG