Accessibility links

Исламның Ресейдегі көріністері

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Шешенстандағы жаңа мешіт

Шешенстандағы жаңа мешіт

Ресейдегі Исламның бүгінгі ахуалы қандай? Бұл сауалға орай Jane атындағы ақпарат орталығы зерттеу жүргізген еді.

Марк Галеотти - Джейн атындағы ақпараттық-зерттеу орталығының Ислам істері бойынша сарапшысы. Оның пікірінше, көпшілік үшін Ресейдегі қазіргі Ислам негізінен этникалық және діни ерекшелікке негізделген.

Соңғы халық санағы бойынша, елдегі мұсылмандар Ресей халқының 10 пайызын құрап отыр. Ал, заңды және заңсыз мигранттар мен еңбек мигранттарын қосып есептегенде бұл көрсеткіш 14 пайызға жетіп қалады екен.

Сонымен Джейн атындағы ақпараттық-зерттеу орталығының жазуынша, Ресейдегі Ислам 3 тармаққа бөлінген. Олардың алғашқысы- дәстүрлі Ислам.

Совет үкіметінің алғашқы жылдарында Ресей мұсылмандары қуғынға ұшыраған болатын. Алайда, Совет билігі одан кейінгі жылдарда Ислам қауымдастығын бақылауында ұстап, олардың коммунистік идеяларға илігуіне икемдеген еді.

Бұл жағдай қазір де көрініс беріп отыр. Дәстүрлі Исламды ұстанушылар славян ұлт өкілдері мен елде көпшілік боп табылатын христиан мәдениетінің пәрменді ықпалы аясында қалып отыр.

Бұл бағыттағы көрнекті өкіл- Ресей мұсылмандарының бас муфтиі, Мұсылмандардың діни басқармасының басшысы, 60 жасар Талғат Тажуддин. Ол аталған қызметінде Совет кезінен бері отыр.

АҚШ-тың бастауындағы күштер Ираққа басып кірген кезде Талғат Тажуддин Құрама Штаттарға қарсы жиһадқа шақырған болатын. Ол сондай-ақ Шешенстандағы соғыста Ресей үкіметін қызу қолдап, шешен жауынгерлерін “жікшілдер” деп айыптаған еді.

Тажуддин муфти 2008 жылдың қазанында Ресей православ дінінің сыйлығына ие болған алғашқы Ислам дінбасы болды. Алайда ол 2007 жылы Ресей Федерациясындағы Мұсылмандардың діни басқармаларының басын біріктіру мақсатына жете алмады.

Мысалы Татарстан бас муфтиі Ғұсман Исхақовтың бастауындағы мұсылмандар Ресейдегі Ислам мешіттерінің мемлекеттен дербес болуын жақтауда. Ислам әр адамның рухани құндылығын өрістетуге мүмкіндік туындататын әлем ретінде қаралуы тиіс дейді Исхақов.

Ресейдегі келесі ағым-радикалдық бағыттағы Ислам деп танылып отыр. Бұл саланың қаншалықты қанат жайғанын дөп баса анықтау қиынға соғуда. Себебі радикалдық Ислам жөнінде жергілікті басылымдардың даңғаза шуға толы хабарларды кеңінен таратуы да, ол ағымдарды биліктің қомақты күшпен басуға тырысуы да мәселенің шынайы мән-жайын анықтауға кедергі келтіруде.

Радикалдық Исламның басты тұлғаларының бірі Гейдар Жемали - Ресей Ислам комитетінің төрағасы. Оның пікірінше, Исламды мейлінше белсенді күшке айналдырып, тым болмаса жергілікті деңгейде саяси өзгерістер жасау қажет.

Сондай-ақ Солтүстік Кавказда Исламды Мәскеуге қарсы тұрудың құралына айналдыру үдерісі де байқалады. Бұл өңірде салафи ағымының әсері- мықты.

Ресейдегі үшінші ағым - ЕуроИслам. Оның басшысы- Рафаил Хакимов. Ол- Татарстанның тарих институтының директоры, президент Минтемір Шаймиевтің дін істері бойынша бұрынғы көмекшісі. Бұл ағым бекзаттық билікті қолдап, көп ұлтты Ресей мемлекетін нығайтуға қызмет етуде.

ЕуроИслам өз істерінде патшалы Ресей кезінде өмір сүрген, реформашыл бағыттағы Жадидшылар атты мұсылман қайраткерлерінің идеяларын басшылыққа алуға тырысуда. ЕуроИсламшылар Ислам мен батыстың либералдық, ілгерішіл бағыттарын біріктіруге тырысып келеді. Бұл ағымға президент Шаймиев қолдау көрсетуде.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG