Accessibility links

Ислам - білім мен сабырлылық діні дейді ЮНЕСКО өкілі Налапат

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Атыраудағы Иманғали мешіті.25 ақпан, 2009 жыл.

Атыраудағы Иманғали мешіті.25 ақпан, 2009 жыл.

М.Д. Налапат - ЮНЕСКО Бейбітшілік комитетінің мүшесі, Үндістандағы Манипал университеті жанындағы Геосаясат департаментінің директоры. Оның айтуынша, әлемде исламның жарқын болашағы үшін үлес қосушылар жетерлік

М.Д. Налапат мырза әлемде қазіргі кезде бір жарым миллиардтай мұсылман бар. Ислам дінін ұстанушылардың оннан бір бөлігі Үндістанда тұрады деп бастайды өзіндік ой-көзқарастарын білдірген бір мақаласын.

Елдің Кашмир аймағынан өзге өңірлерінде тұратын мұсылмандар жиһадқа шақыруға үн қоспайды дейді мақала ауторы Налапат.

Үндістан мұсылмандары көркемөнер, кино және бизнес салаларында айтарлықтай табыстарға жетіп келеді. Мысалы мұсылман Азим Премжи-елдегі ең ірі бай адамдардың бірі. Business Week басылымының жазуынша, ол-әлемдегі және тарихтағы ең ірі іскер адамдардың бірі. Үндістанның бұрынғы президенті Абдул Калам да-мұсылман.

Үндістанның Болливуд кино өндірісінде мұсылман кейіпкерлер елдегі атақты киножұлдыздар қатарынан саналады. Newsweek журналы болса, киножұлдыз, мұсылман Шахрух Ханды әлемдегі ең ықпалды 50 адамның қатарына жатқызды. Ел халқының 85 пайызы хиндулар екенін ескерсек, мұның өзі үлкен көрсеткіш дейді Налапат мырза.

1990 жылдардан бергі аралықта бірнеше миллиондаған мұсылман жастары ғылымның инженерлік және медицина салаларын еркін меңгеруде. Бұдан бұрынғы онжылдықтарда бұл көрсеткіш бірнеше жүздеген мың деңгейінде болған екен.

Әрине, Үндістанның 300 миллионға жуық тақыр кедейлікте тұрып жатқан халқының қатарында миллиондаған мұсылман да бар.

Қысқасын айтқанда, Үндістан мұсылмандары өздерін қоғамнан немесе әлемнен оқшауланып қалғандай сезінбейді.

Мысалы Лос Анжелес қаласында, Оскар сыйлықтарын тапсыру салтанатында үндістандық қос мұсылман Алла Раха Рахман мен Расул Покутти Оскардың үш сыйлығына ие болды. Олар үздік композитор және дыбыс инженері ретінде осындай табыстарға қол жеткізе алды.

Қазіргі кезде мұсылман халқының жүрегі мен санасын жаулап алу үшін өзге сенімдегілерге деген жеккөрушілікті ұлғайтушылармен өзара қатар өмір сүре отырып, өзге діндегілермен бейбіт қатар өмір сүруді насихаттаушылар арасында күрес жүруде дейді мақала ауторы Налапат.

Халықаралық атом энергиялық агенттігінің бас директоры, тегі мысырлық Мұхаммед Ел-Барадей де Рахман мен Покутти сияқты Исламды білімге негізделген, байсалды күйінде ұстануда.

Осындай қасиеттерді ұстану арқылы алғашқы мұсылман қауымы Ислам дінін тұтас әлемге табысты түрде таратып үлгерген болатын дейді мақала ауторы.

Исламның негізін құрайтын сабырлылық пен өзгеге көмектесуге әзір тұру мінездері өзге мерезді әрекеттерге орын қалдырмайды дей келіп Налапат мырза:

“Рахман, Покутти және Ел-Барадей сияқты азаматтар Исламның шынайы бейнесін танытып келеді. Мұндай рух қазіргі әлемде баға жетпес қазыналарға апарады. Исламның Алтын дәуіріне қайта оралу сияқты құрғақ қиялға берілу жемісті бола бермейді. İскер азамат Премжидің ашқан жұмыс орындары мен жасаған байлықтары, Рахман мен Покуттидің музыкалары және Ел-Барадейдің уәде етіп отырған энергия бұлақтары, міне бұлар-Исламның болашақтары. Осы адамдар және осылар сияқты миллиондаған азаматтар-нағыз мұсылмандар”,- деп атап көрсетеді ол.

(Бұл айтылғандар-Налапаттың жеке пікірлері. Сондықтан олар Азаттық радиосы пікірлерімен сәйкес келе бермеуі де мүмкін).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG