Accessibility links

Нью-Йорк Ислам әлемін түсінуге шақырады

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Нью-Йорктегі Ислам фестивалінен көрініс. Маусым, 2009 ж.

Нью-Йорктегі Ислам фестивалінен көрініс. Маусым, 2009 ж.

Ислам әлемінің мәдени, рухани саласымен кеңінен таныстыруды мақсат еткен 10 күндік фестиваль АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында басталды. “Мұсылымандар үні: Көркемөнер мен идеялар” деп аталатын бұл көрмеге Мұсылман елдерінің 300-ден аса өкілдері қатысуда.

Нью-Йорктегі Бруклин музыка академиясының айрықша көркемдікпен әшекейленген үлкен залында “Мұсылмандар үні: Көркемөнер мен идеялар” деп аталатын көрме өтуде. Осы академияның президенті Карен Брукс Хопкинс ханым - аталған көрмені ұйымдастырушылардың бірі.

Оның айтуынша, мұндай көрмені ұйымдастыру туралы идея бұдан бірнеше жыл бұрын пайда болған екен. Алайда 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін көрерменді Ислам мәдениетіне арналған көрмемен қызықтыру қиынға соғып қалған еді.

Дей тұрғанмен, мұндай көрмені ұйымдастыру қажеттілігі 2006 жылы Дания басылымдарында Мұхаммед пайғамбарды келемеждеген суреттер пайда болғаннан кейін өсе түскен болатын. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласының бірнеше жерінде фестиваль шаралары өтуде.

Хопкинс ханымның айтуынша, бұл тұтас фестивальдің Ислам жайлы әлгіндей жағымсыз көзқарастарды жұмсартуға септігі тимек.

- Біз түрлі пікіралысулар мен өзара түсіністікке апаратын кең мүмкіндіктерді жасаймыз. Егер осындай шаралар арқылы жеккөрушілік сезімдерін азайта алсақ, сонда ғана біз байыпты түсіністікке қол жеткізе аламыз, - деді Хопкинс.

Көрмеге әлемдік деңгейде жақсы танымал сенегалдық суретші Йоусоу Ндоур мен ирандық суртеші Ширин Нешаттың туындылары қойылған.

Сонымен бірге әлемге көп таныла қоймаған суретшілер мен қолөнер шеберлерінің туындылары да көрсетілуде.

Фестивальде Араб калиграфиясы мен Түрік тағамдарынан бастап, Мұсылман әлемі өмірінен жан-жақты хабар беретін талай көрмелер жасалып қойылған.

Түрлі музыкалардың сүйемелдеуімен Араб биі, сондай-ақ Бруклин би компаниясының көрсетуінде Мысыр, Тунис, Ливан билері биленуде. Келушілер осылайша сан түрлі бояуға қанық өнер әлемімен еркін таныса алады.

Бұл фестиваль Құрама Штаттарда Мұсылман әлемі жайлы білуге құштарлықтың арта түскен сәтімен тұспа-тұс келіп отыр. Аталған жиынды Бруклин музыка академиясымен бірге Азия қауымдастығы және Нью-Йорк университеті бірігіп ұйымдастырып отыр.

Азия қауымдастығының президенті Вишаха Десэй ханымның айтуынша, бұл фестиваль АҚШ президенті Барак Обаманың Қаирда Мұсылман әлеміне арнап сөз сөйлегенінен бір күннен кейін ашылды. Мұның өзі сәтімен келген үйлесімділік болды деді Десэй.

Мұнда сондай-ақ әзіл сөздер жазылған футболкалар да сатылуда. Бруклинде орналасқан Dangerous Breed деп аталатын киім тігу компаниясы шығарған “Ski Iraq” немесе “Tehran Savings and Loan Association” деген әзіл сөздер жазылған футболкаларды келушілер қызыға сатып алуда.

Компанияның негізін қалаған Джим Моррисон осындай жеңіл әзіл сөздер арқылы да қалыптасқан қасаң түсінік пен діни төзбеушіліктерге қарсы күресуге болады дейді.
XS
SM
MD
LG